Пилоттық жоба бойынша бесағаштықтар белсенділік танытуда

351

Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанат қақты жоба бүгінде нақты жүзеге асуда. Оған жоба аясында пилоттық округтердегі тиімді несиеге қол жеткізіп, қорасын малға толтырып жатқан ауылдықтардың тыныс-тіршілігі дәлел. Солардың бірі Жамбыл ауданындағы Бесағаш ауылдық округі. Бұл округтегі 280 отбасы несие алуға өтініш берсе, қазіргі таңда оның 52-сі тиісті қаражатқа қолы жетіп, жобаның екінші бағыты бойынша төрт түлікке қорасын толтыруда. Сондай-ақ, 72 бесағаштықтың құжаты мақұлданып, алатын қаражатын күтіп отыр.
Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Ниғматуллаевтың айтуынша, округте 1336 үй бар. Жобаға 1176 аула тұрғыны қатысуға ниет білдірген. Жалпы округтегі тұрғындардың 95 пайызы жобаға қатыстырылып отыр. Бірінші бағыт, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға 29 миллион қаржы қажет екен. Оның 23 миллион теңгесін тұқымға жұмысамақ ниетте. Тыңайтқыш пен пестицитке жұмысайтыны тағы бар.
Екінші бағыт бойынша несие алған 52 адамның 12-сі 38 миллион 750 мың теңгеге мал алған. Соның бірі – Түрксіб ауылының тұрғыны Рысбек Иманалиев. Ол «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 4 миллион 980 мың теңге несиеге қол жеткізген. Сөйтіп Қаратөбе ауылындағы «Қылышбекова» жеке кәсіпкерлігінен келісім-шарт негізінде 5 жылқы, 5 сиыр, 10 бас қой сатып алыпты. Бұдан бөлек, малдың жемшөбіне 830 мың жұмысаған.
— Бұл жоба үйінде жұмыссыз отырған азаматтар үшін жамбасына оңынан келген игі бастама болды. Әрі десе өзіңді жұмыспен қамтисың. Сүт өндіріп, мал бордақылайсың. Үйіңе табыс кіреді. Қысы-жазы айналысатын шаруаң болады. Үйде құр қарап отырмай, мал бордақылаумен, сүт өндірумен айналысасың. Алған несиеңнің де пайызы төмен. Бір жыл каникулы тағы бар. Несиеңді бір жылда екі бөліп төлеу біз үшін де тиімді. Шаруа адамға бұдан артық қандай қолдау керек. Жақында сатып аған сиырымның алды бұзаулап, аузымыз аққа тиді. Енді артылған сүтті округте жаңа құрылып жатқан ауыл шаруашылығы кооперативіне өткізуді жоспарлап отырмыз, — деді ол.
Бұған дейін түрлі салада жұмыс істеп, қазір үйінде бос отырған Рысбек қанат қақты жобаның мақсатын түсінген. Алда сүт өндірумен қатар жылқы мен мүйізді іріқараны бордақылауды табыс көзіне айналдырмақ ниетте.
Осында округте жаңа құрылған «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативінің директоры Қадіржан Дөненбаевты да сөзге тарттық.
— Өңір басшысы Асқар Исабекұлының жобасы ауылымызға тың серпін әкелгендей. Төмен пайызбен несие алып, мал ұстауға ниет білдірушілердің қарасы қалың. Қазірдің өзінде жеке кәсіпкерлігін ашып, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-нан несие рәсімдеп, мал алғандар бізге мүше болып кіруде. Алдағы уақытта олар өндірген сүтін, ет өнімін біз арқылы нарыққа шығаратын болады. Бүгінде кооперативке 108 жеке кәсіпкер тіркеліп үлгерген.
Штатымызда вереринар, агроном, есепші бар. Ветеринар несие алғандармен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, ақпан айында 100 миллион 700 мың теңгеге 3 трактор, 1 комбайн, 23 тіркемені кооператив атынан 5 пайыздық жеңілдікпен лизингке алғалы отырмыз. Осылайша мүшелеріміздің жерін жыртып, егінін жинап, шөбін орып беруге көмектесетін боламыз, — деді.
Оның айтуынша, кооператив мүшелеріне көмектесумен қатар олардың өндірген өнімін қабылдан, облыс тұтынушыларына делдалсыз өткеріп отырмақ. Мұнда облыстық тұтынушылар кооперативінің де сұранысын орындау да олардың міндетіне кіреді. Бұл бірінші кезекте бақша өнімдерін, сүт пен ет өндірушілер үшін тиімді. Олар бұрынғыдай өндірген өнімін қайда өткіземін деп алып сатарлардың арбауна түспейтін болады.
Әңгіме барысында тағы бір байқағанымыз, мұндағы жұрттың диқаншылыққа бейімділігі. Бізді шаруасымен таныстырған Рысбектің үй іргесіндегі жер телімінде алма ағаштарының көптігі назарымызды аударды. Сонымен бірге ондағы алма ағаштарының төңірегінің өңделгенін де байқап қалдық. Бақшасына алманы егіп қарап отырмай, ауласындағы әр жер телімін тиімді игеріп отырған шаруаның қора жайының да тазалығына көз түскен-ді.
Жамбыл ауданына тән мұндағы диқандардың дені алқаптарға гектарлап сарымсақ, пияз, сәбіз бен көкөніс егеді екен. Бау отырғызып, тонналап жеміс-жидек жинайтындар да бар екен мұнда. Мәселен, өзін Бесағаш ауылының тұрғынымын деп таныстырған қария Әсет Сапиевтің аздаған алма бағы бар. Одан бөлек, «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативімен келісім-шартқа отырып үй іргесіндегі 10 соттық жерге тұрып екпек. «Тұрып 80 күнде пісетін дақыл. Тұқымын наурыздың аяғында сепсем, мамырда одан өнім жинауға болады. Ал сәуірдің басында қырыққабаттың да тұқымын сеуіп қоям. Мамырда қырыққабаттың көшетін сатам, әрі өз шарбағыма көшеттеп отырғызам. Осылайша 10 соттық жерден екі өнім жинауға болады», — деді ол.
Бесағаштықтардың құлшынысы жақсы. Осынан танбаса, алдағы уақытта жобаның игілігін бесағаштықтар ғана емес, өңір жұрты көретіні анық.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.