Латын қарпіне көшу – заман талабы

636

Қазақ тілін латын жазуына көшіру туралы ұсыныс, жаңа әліпби дайындау және құжат айналымы мен кітап басып шығаруды латын тіліне ауыстыру қазақстандықтар үшін кенеттен туындаған мәселе емес. Бұл – мемлекеттің бұрыннан мәлімделген мақсаты. Сондай-ақ бұл нәрсе «сырттан» келген жоқ. Оны бастама етіп көтерген – қазақстандықтардың өзі. Латын жазуына көшудің қажеттігі туралы мәселені қоғам қайраткерлері мен тіл білімі саласындағы мамандар тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ ұсынды.

Қазақ тілінің жазуын өзгертудің орындылығы туралы мәселе алғаш рет 1992 жылы бұрынғы КСРО аумағында тұратын түркітілдес халықтардың өкілдері қатысқан Түркологиялық Конгресс аясында айтылды. Конгрестен кейін Тіл білімі институтының директоры академик Әбдуәли Қайдар Елбасына хат жолдады. Академик өз хатында көптеген түркітілдес елдер Кеңес Одағы құлағаннан кейін латын әліпбиін игергенін, Қазақстан да сол елдердің ізімен жүруі керек екендігін жазды. Хатқа Тіл білімі институты әзірлеген латын жазуына көшудің тұжырымы және латын жазуына негізделген қазақ әліпбиінің алғашқы жобасы тіркелді. Ұсыныс мұқият қарастырылды. Алайда сараптамалық бағалар қоғамның мұндай күрт өзгерістерге дайын еместігін көрсетті.
Бұл мәселе 2006 жылы тағы да күн тәртібіне қойылды. Қазақстан халқы Ассамблеясында Елбасымыз әлемдік коммуникациялық кеңістікте латын жазуының басым екенін айтып, мамандарды латын жазуына көшу мүмкіндігі туралы мәселені талқылауға шақырды. Латын жазуына кезең-кезеңмен көшу туралы мәселенің жаңа «Қазақстан-2050» стратегиясында көтерілуі орынды. Президенттің 2012 жылғы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қазақ тіліне жаңғырту жүргізетін кез келді делінген еді. Сол кезде қазақ жазуының латын қарпіне көшуінің нақты мерзімі 2025 жыл деп көрсетілген.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ жазуын латын графикасына көшіру тақырыбын нақтылай келе, мамандар мен Үкіметтің алдына мынадай міндеттер қойды: 2017 жылдың соңына дейін жаңа графикадағы қазақ әліпбиінің бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау; 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді оқытатын кадрлар даярлау мен орта мектептерге арналған оқулықтар даярлауды бастау; қазақ тілін латын қарпіне көшірудің нақты кестесін әзірлеу; 2025 жылдан бастап іс қағаздарын латын қарпінде жүргізу, мерзімді баспасөзді, оқулықтар мен басқа басылымдардың барлығын латын қарпінде жариялау. Қазақ жазуын латын графикасына көшіру қажеттілігі туралы айта келе, Ұлт көшбасшысы қазақ тілін латын қарпіне көшіру процесі жақсы дайындықпен және байыпты түрде жүргізілуге тиіс деп атап көрсетті. Бұл біздің әлемдік өркениетпен ықпалдасуымызға, ағылшын тілін және интернетті үйренуімізге қолайлы жағдай тудырады.

Флюра Сарварова, Жамбыл аудандық әділет басқармасының мұрағатшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.