«Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысы басталды

69

Президент «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдары құрылысының басталуына арналған телекөпірде сөз сөйледі.

Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласы тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстанның өсіп-өркендеуіне серпін беретін маңызды бағыт екеніне тоқталып, бүгін еліміз үшін стратегиялық мәні айрықша ауқымды жобалардың құрылысы басталатынын мәлімдеді.

– «Жол – тіршіліктің күретамыры». Мемлекет осы саланы дамытуға әрдайым баса назар аударады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретінде дамыту. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Баршаңызға белгілі, еліміз Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі көпір саналады. Батыс пен Шығыс арасында құрлықпен тасымалданатын жүктің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан озық және заманауи көлік жүйесін қалыптастыру – алдымызда тұрған стратегиялық міндет. Жалпы, елімізде бұл бағытта көптеген шаруа атқарылып жатыр. Былтыр «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі іске қосылды. Соның арқасында жүк тасымалы көлемі 5 есе артты. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін теміржол желісі жұмыс істей бастады, нәтижесінде жүк жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарды. Ең бастысы, осындай ауқымды жобаларды өз мамандарымыз жүзеге асырып жатыр, – деді Мемлекет басшысы. 

Президенттің айтуынша, бұл жұмыстың бәрі Қазақстанның көлік-логистика саласындағы әлеуеті зор екенін көрсетеді.

– Өткен жылы еліміздегі жалпы тасымал көлемі 6 пайызға артып, шамамен 37 миллион тонна болды. Биыл «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал», ал келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, біз автокөлік саласына ерекше назар аударып отырмыз. Соңғы жылдары Қазақстанда тас жолдарды түбегейлі жаңғырту жұмысы қолға алынды. Бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба табысты аяқталды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Қарағанды – Алматы», «Орталық – Оңтүстік», «Атырау – Астрахан», «Талдықорған – Өскемен», «Қалбатау – Майқапшағай» бағытындағы жолдар – соның айқын дәлелі. Кейінгі 5 жылда автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі екі есе артты. Былтыр осы қызмет түрінен түсетін табыс 1,5 триллион теңгеге жетті. Өздеріңіз білесіздер, еліміз арқылы 8 халықаралық дәліз өтеді. Бұл жолмен күн сайын 35 мыңға жуық автокөлік жүреді. Өткен жылы 13 мың шақырым автокөлік жолын салу және жөндеу жұмысы жүргізілді. Соның 6 мың шақырымы халық игілігіне берілді. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттері толық жаңартылады. Мұндай ауқымды жұмыс Тәуелсіздік тарихында алғаш рет жүзеге асырылып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазір Қазақстанның әр аймағында автожолдар жөнделіп жатқанын атап өтті.

– Жақында Сарыағаш айналма жолының құрылысы мен «Жезқазған – Қарағанды» автожолын жөндеу жұмысы басталды. Сонымен қатар еліміз бойынша көптеген тұрғын үй, мектеп, аурухана, инженерлік желі салынып жатыр, басқа да әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бір сөзбен, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналатын болды. Бұл мемлекетіміздің өсіп-өркендеу жолына түсіп, жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетеді, – деді Президент.

Alash.kz.

Leave A Reply

Your email address will not be published.