«Қордайым – құт мекенім» атты ақындар айтысы өтті

743

Қордай ауданындағы Әлжан ана ауылдық Мәдениет үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Қордайым – құт мекенім» атты ақындар айтысы өтті.

Айтыс шымылдығын сарысулық айтыс ақиығы Алик Бекмұсаев пен Байзақ ауданының азулысы Дидар Басығараев ашты. Аға мен іні арасындағы сыйластықты ту ете отырып, әдемі әзілдерімен көрермен құлағының құрышын қандырды. Облыстағы іргелі ауданның бірі саналатын Қордай жерінің жеңістері мен жеткен жетістіктері де тілге тиек болды. Сахнада сөз көрігін қыздырған екінші жұп таластық Есет Досалы мен жас ақын Әсет Дүйсебай арысындағы сөз сайысы да көрермен көңілінен шықты. Осыдан кейін айтыс өнерінің сәніне айналған, тек сөзімен ғана емес болмысымен де көрерменнің көз қуанышына айналған ақын Алтынкүл Қасымбекова мен Т.Рысқұлов ауданының жүйрігі Асхат Қылышбеков арасында болған айтыс-ты көрермен көпке дейін еске алып жүретіні анық. Тілдерінің тікенегі бар қос ақынның өнеріне риза болған жұртшылық тауып айтылған әзілге алақанын аяған жоқ. Қордайлық Күміскүл Сәрсенбаева мен жамбылдық Айтмұхамед Исақов арасындағы айтыс асқан шеберліктің, астарлы ой мен пайымның үлгісін көрсете білді. Айтысты сағынып қалған қордайлықтарға жасалған бұл сый осымен бітпеді. Ауданымызға танымал күйші Қуаныш Ахметов пен ақындық пен домбырашылықты қатар алып жүрген Дидар Басығараев арасындағы күй айтыс көрермен делебесін қоздырып, үлкен қошеметке бөленді. Сөз сүлейлерінің басын босқан мерекелік шара барысында аудандық өнерпаздар да сахна төріне көтеріліп, ән мен биден шашу шашты. Әсіресе, «Нұрсұлтан» ансамблінің «Домбыра» биі ерекше әсер берді. Әсерлі кештің соңында Әлжан ана ауылының тұрғыны Анаркүл Ыдырысова әжей осындай мерекелік кеш сыйлаған ақындарға алғысын білдіріп, «қадамдарың құтты болсын!» деген тілекпен шашу шашып, өзінің жыр шумақтарын оқып берді.

mayak1932.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.