Көкшетауда жүкті әйелді ит талап тастады

125
Көкшетауда тағы да қаңғыбас иттердің шабуылы тіркелді.

Бұл жолы зардап шеккен — босануға санаулы күндер қалған жүкті әйел. Оқиға күндіз, қала көшелерінің бірінде болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, әйел дәрігер қабылдауына бара жатқан. Жолдан өтіп келе жатқан сәтінде алда кетіп бара жатқан адамды бір топ ит қуалап бара жатқанын байқайды. Алайда сол сәтте олардың бірі аяқ астынан бағытын өзгертіп, жүкті әйелдің арт жағынан тап береді. Күтпеген шабуылдан абдырап қалған келіншек ауыр жарақат алып, қатты күйзеліске түскен.

Қазір ол ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жүктілік алдында мұндай жағдайдың салдары ана мен құрсақтағы бала үшін аса қауіпті болуы мүмкін. Оның үстіне, әйелдің бастауыш сыныпта оқитын ұлы бар. Ол №11 мектепте білім алады, ал мектеп маңында да қаңғыбас иттер жиі жүреді.

Жалпы, бұл қаладағы жалғыз жағдай емес. Өткен жылы өңірде қаңғыбас иттер мен басқа да жануарлардың шабуылынан 2 500-ден астам адам зардап шеккен. Биыл да жағдай оңалар емес. Оқыс оқиғалар саны азаймай тұр.

Мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Жергілікті ақпарат құралдары мен қоғам белсенділері қала көшелеріндегі иттердің адамдарға және үй жануарларына шабуыл жасау фактілерін жиі жариялап келеді. Алайда нақты нәтиже әзірге байқалмайды.

Ветеринариялық инспекция өкілдері бұл жағдайды мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің кешігуімен байланыстырады. Олардың айтуынша, қаңғыбас жануарларды аулау бойынша тендерлер енді ғана өткен. Алайда шаһарда бұралқы иттерден төнетін қауіп сейілмей отыр.

– Қала тұрғындары қаңғыбас жануарларға қатысты шағымдарын Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жазбаша түрде жолдауы тиіс. Бұл мекеме тиісті бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып саналады. Өтініштер кейін конкурс жеңімпазы — «Шанс на спасение» қоғамдық бірлестігіне жолданады. Жасалған келісімшарт негізінде қала аумағында бұралқы иттер мен мысықтарды аулау жұмыстары жүргізілетін болады, – дейді Ақмола облысының Ветеринария басқармасы.

Дегенмен  тұрғындар қауіптің әлі де жоғары екенін айтып дабыл қағуда. Қоғамда «ит мәселесі» Үкімет деңгейінде қаралып жатқаны айтылғанымен, нақты әрі жедел шешімнің жоқтығы алаңдатады.

Қала көшесінде еркін жүрген қаңғыбас иттер — тек санитарлық емес, адам өміріне тікелей қауіп төндіретін аса өзекті мәселеге айналып отыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы.

Аikyn.kz

Фото: iStock

Leave A Reply

Your email address will not be published.