Кітапханашылардың әлеуметтік жобасы жоғары бағалануда

400

Д.А.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері «Біз біргеміз бәріміз» жобасының аясында мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне көмек беріп, жаңа оқулықтармен таныстырды. Жалпы, бұл жоба бірнеше жылдан бері тұрақты түрде іске асырылып келеді. Биыл да  1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінен бастау алған игі шара «Бала деген бір бақыт» тақырыбында өз жалғасын тапты. Шара аясында кітапханашылар мұқтаж жандардың үйлеріне барып, тұлға болып қалыптасуына ықпал етуге септігін тигізетін сыйлықтар таратты. Кездесу барысында балғындардың орындаған әндері, тақпақтары өте әсерлі болды, кішкентай оқырмандардың өмірге деген құштарлықтары анық сезіліп тұрды. Кітапхана қызметкерлері мүмкіндіктері шектеулі оқырмандармен бірге ән салып, көңілдерін көтерді.  Және де балаларға жас ерекшелігіне қарай «Төрт түлік», «Ертегім менің, ертегім»,  «Ертегілер әлемінде», «Менің сүйікті ертегілерім», «Күл қыз», «Арыстан мен патша», «Әжемнің ертегілері», «Әріптермен танысу», «Өнегелі ертегілер» т.б. жаңа кітаптар ұсынылды. Мекеме басшысы Г. Инкарбекованың айтуынша, бұл жоба бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандардың ортаға бейімделіп, жаңа дүниелермен танысуларына, сол арқылы өздерін дамытуларына айтарлықтай көмек беріп отыр. Кітапхана мамандары бұл бағыттағы жұмысты жыл соңына дейін жүргізуді көздеп отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.