Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, Қазақстанда жаңа бағыт саналатын әуе такси сегментін дамыту аясында отандық компаниялар тестілік ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алып жатыр. Сондай-ақ қону алаңдары мен операциялық орталықтың құрылысы да басталған.
Одан бөлек әуежайларда жолаушыларды тексеру уақытын 3 минуттан 50 секундқа дейін қысқартатын Q-Gate цифрлық жүйесі кеңейтілуде. Астана мен Алматыдағы 16 жұмыс істеп тұрған терминалға биыл Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалаларында тағы 16 терминал қосылады. Келесі қадам – Астана–Шымкент бағытындағы ішкі рейстерде биометрияны енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосу.
«Цифрлық технологиялар жүк тасымалы саласында да белсенді енгізілуде. e-Freight ақпараттық жүйесін іске қосу әуе жүктерін өңдеу процесін толық электронды форматқа көшіріп, оны бір күннен бір сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді», – деді Нұрлан Сауранбаев.
Отырыста Премьер-министр Олжас Бектенов те Қазақстан Еуропа мен АҚШ-тан қалыс қалмауы керек екенін алға тартты. Оның сөзінше, әлемдік авиация реттеушілері бұл бағытта қазірдің өзінде жұмыс істеп жатыр. Сондықтан Қазақстан үшін жаһандық трендтерден артта қалмау маңызды.
«Еуропадағы EASA және АҚШ-тағы FAA секілді әлемдік реттеушілер коммерциялық аэротаксилерді сертификаттау ережелерін әзірлеп қойған», – деді Бектенов.
Премьер-министр ел жаңа қалалық әуе мобильділігі түрлерінің пайда болуына дайын болуы керек екенін атап өтті.
«Біз аэротакси, дрондар және басқа да жаңа ұшу аппараттарын іске қосуға дайын болуымыз керек», – деді ол.
Осыған байланысты Көлік министрлігіне маусым айының соңына дейін қалалық әуе мобильділігіне (UAM) қатысты қажетті заңнамалық түзетулерді әзірлеп, қабылдау тапсырылды.
Фото: engineerine.com