Күйзеліс күйретеді немесе бас көтеруді өзіңнен баста!

596

Соңғы жылдары жан күйзелісі (стресс) – ең жиі, екінің бірінде кездесетін дертке айналды. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін осы дертке ұшырауда. Әлбетте, әр қоғамның өз талабына сай күйзелісі бар. Алпауыт компанияда қызмет ететіндер жоғары жалақысынан айрылып қалмау үшін арпалысып, стреске ұшырайды екен. Креслосына көз тігіп, желкесінен демалып отырған бәсекелесіне жеткізбеуге жанталасқанның күйзелмеуі әсте мүмкін емес.

Ал темір тордың ар жағындағы жазасын өтеушілердің арасынан сансыз күйзелістен жүйкесі күйремеген адамды табу – шөмеле шөптен ине іздегенмен бірдей болар. Себебі, жасаған қылмысына өкініп, үрей мен тұрақсыздықта ғұмыр кешетін олардың көкейінде: «Қоғамға қайта бейімделе алам ба?» деген сауал тұратыны айдан анық. Осындайда сотталған азаматтарға мекеме психологтарының көмегі ауадай қажет-ақ.

Жалпы, әлемдік деңгейдегі ғалым Сельенің айтуынша: «Стрестен толық құтылу, бұл – өлім» дейді. Өйткені, 24 сағатымыздың стрестен бос минуты өте аз екен. Сонда не істемек керек? Десе де, стрестен құтылу өз қолымызда. Мұндайда қазақ «болған іске – болаттай бол» дегенді текке айтпаған. Сабыр сақтап, күйзелістің құрдымына кетпей, аман қалуды қарастыру өз бойымыздағы тосын тауқыметке қарсы тұра білу қабілетімізге тікелей байланысты.

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті ЖД-158/1 мекемесінің психологтары сотталған азаматтармен жұмыс жасау кезінде күйзеліске ұшырамаудың алдын алып, жағдай жасауда. Аталған мекеменің психологтары: Құндыз Ахашева, Айгерім Махмеджан

жазасын өтеуші азаматтардың мінез – құлқының әртүрлілігін, жасалған қылмыстың жоғары  деңгейін, орта ішіндегі ахуалды және сотталған азаматтардың бір-бірімен  қарым-қатынасын мұқият зерделеп, қолдан келген көмегін беріп жатады.

Бұл тұрғыда мамандардың сотталған азаматпен жылы шырайлы әңгімелесу әдістемесінің маңызы зор. Осы арқылы оның күйзеліс деңгейін анықтап отырып, психодиагностикалық және коррекциялық жұмыстар жүргізіледі. Бұдан бөлек, түзету жұмысына (психодиагностикалық әдістеме)  түрлі музыкалық (толқынның дыбысы, классикалық муз. түрлі аспаптар муз) терапияларды қолданылады. Сонымен қатар, топтық тренингтер: «Сұрақ-жауап», «тығырықтан шығу жолдары» әдістері арқылы күйзелістен жағдайынан шығарып, ары қарайда қатаң бақылауда ұстайды.

А.Амиралиева

ЖД-158/1 мекемесінің психологы

Leave A Reply

Your email address will not be published.