Емхана таңдау өз қолыңызда!

54

Денсаулық сақтау саласын оңтайландыру мәселесі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында ерекше атап көрсетілгені белгілі. Елбасы: «Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. Ең алдымен алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет», — деп баса айтты. Осы орайда, медициналық мекемелердің қызметін тұрғындарға тиімді ұсыну мақсатында қыркүйек айының 15-інен емханаларға тіркелу науқаны басталды. Бұл шара 15 қарашада аяқталады.

Өткен жылы облысымызда 19 531 адам емхананы таңдау құқығын пайдаланса, №2 қалалық емханасына тіркелгендер саны 150 адамды құрады. Бұл алдыңғы жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда екі есеге көп. Азаматтардың мұндай белсенділігі халықтың аталған науқан туралы ғана емес, емхананы еркін таңдау құқығы жайлы да біле бастағанын білдіреді.
Жалпы, бұл шара жыл сайын не үшін өткізіледі? Оның бірнеше себебі бар. Мәселен, қызмет көрсететін емхана жұмысына көңілі толмаған азаматтарға емхананы ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, осы науқан арқылы рынокқа жаңадан қосылған қатысушыларға мемлекеттік тапсырыс негізінде халыққа қызмет көрсетуге жағдай жасалады. Келер жылы халыққа бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге тапсырыс алғысы келетін медицина ұйымдарына қойылатын бірқатар талаптар бар. Атап айтқанда, тапсырыс алуға өтініш білдірген компаниялар Қордың дерекқорына енген және емдеу ұйымына белгілі бір халық саны тіркелген болуы шарт. Осы күнге дейін бұқарадан келіп түскен сұрақтарды саралай келе, мынадай маңызды мәселелерді атап өткен жөн. Сіз тіркеу науқаны кезінде таңдаған емхана қызметін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана аласыз. Оған дейін бұрынғы емхананың пациенті болып қала бересіз.
Науқан кезінде басқа емханаға ауысқысы келмеген тұрғындар арнайы комиссияның шешімімен өзі тұратын аймақтағы емдеу ұйымдарының біріне автоматты түрде тіркеледі. Бірақ, бұл медицина ұйымын таңдау құқығын пайдаланудың жалғыз жолы емес. Заң бойынша тұрғындар емхананы басқа жерге қоныс аударғанда, сізге қызмет көрсетіп келген емхана жабылса, белгілі бір қызмет түрін көрсетуді тоқтатса, қайта ұйымдастырылса ауыстыра алады. Осы тұста айта кету керек, медициналық сақтандыру қорымен арадағы келісімшартты ұзартпаса немесе белгілі бір себептермен қызмет көрсету туралы келісімшарт бұзылған жағдайда, сіз көптен бері (немесе мүлдем) емханаңызды ауыстырмаған болсаңыз және оның қызметіне көңіліңіз толмаса, жылына 1 рет емхананы ауыстыруыңызға болады. Сонымен бірге, егер үйдің қасына жаңадан емхана салынса және ол Қордың дерекқорына енген жағдайда сол емхананы таңдау құқығына ие бола аласыз.
Биыл тіркеу тәртібіне енгізілген өзгерістер емхананы ауыстыруға қосымша мүмкіндіктер береді. Егерде ерікті медициналық сақтандыру полисін алған жағдайда және сол келісімшарт негізінде емхана қызметі көрсетілетін болса емдеу мекемесін ауыстыруға болады.
Тіркеу тәртібіне негізгі деген мынадай үш өзгеріс енгізілді.
Біріншіден, бастапқы медици­налық-санитарлық көмекті ұйым­дастырудың негізгі қос принципін іске асыруға жағдай жасалып отыр. Ол – отбасылық қызмет көрсету принципі мен емхананың жақын маңда болу принципі.
Мұның мәні неде деген сұраққа келер болсақ, отбасылық дәрігер жанұя мүшелерінің қандай аурулармен ауыратынын және қандай инфекцияларға бейім екенін жақсы біледі, ем-домы да тиімді болады. Сондықтан, бір маманға қанша ұзақ қаралсаңыз, денсаулығыңызға жасалатын бақылау да нәтижелі болмақ. Емхананы таңдаған кезде біз ең алдымен учаскелік терапевт (ересектер үшін) пен педиатрды (балаларға) таңдаймыз. Емхана ауыстырған кезде осы мәселеге мән берген жөн. Ал, бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің қолжетімділігі принципі бойынша таңдаған емхананың үйге жақын маңда, жаяу жүргенде 15-20 минуттық жерде болғаны дұрыс. Бұл үйде біреу ауырып, өзін жайсыз сезінген жағдайда дәрігерлердің жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді.
Осы принциптердің іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында елді мекендерді аймақтарға бөлу көзделген. Бұл медицина ұйымдарының мамандарына өз пациенттерінің денсаулығын тұрақты бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда олардың үйлеріне барып қызмет көрсетуге жол ашады.
Әсіресе, жедел жәрдем жүйесінде жасалған соңғы реформаларды ескерсек, мұның маңызы арта түспек. Себебі, бұдан былай 4-санатқа жатқызылатын шақыртуларға жергілікті емханалар қызмет көрсетеді. Ал, жедел жәрдем бригадалары күрделі әрі шұғыл көмекті қажет ететін шақыртуларға ғана барады.
Екіншіден, дәрігерлерге түсетін жүктеме мен емханалардағы кезек мәселесі шешімін табады.
Жаңа тәртіп бойынша 1 жал­пы практика дәрігеріне түсетін жүк­теме 1 700 адамнан аспауы тиіс (ересектер мен балаларды қос­қанда). Бұрын бізде 1 дәрігер 2 мың адамға қызмет көрсетуі міндетті болатын.
Біздіңше, бұл жаңа учаскелердің ашылуына түрткі болатындығы хақ. Және бұл мәселеде медицина бизнесінің өкілдері белсенділік танытады деп сенеміз. Былтырдың өзінде қормен келісімшарт бекіткен жеткізушілердің саны едәуір артты.
Қазіргі таңда Қордың қызмет берушілер тізімінде 1 365 медицина ұйымы бар. Оның 623-і жекеменшік. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Ал, 2019 жылы олардың саны тағы 10 пайызға артады деген болжам бар.
Үшіншіден, ерікті медициналық сақтандыру туралы келісімшарты бар азаматтардың емханалар желісіне тіркелуіне мүмкіндік беру. Бұл әсіресе, ылғи іссапарда жүретін немесе вахталық әдіспен жұмыс істейтін адамдар үшін өте қолайлы. Енді ерікті медициналық сақтандыру полисі бар азаматтар бір желіге кіретін кез келген емхана қызметін пайдалана алады.
Жалпы, тұрғындар үш түрлі жолмен емхананы таңдай алады. Біріншісі тікелей барып өтініш білдіру болса, екіншісі электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимінде тіркелу. Үшіншісі, халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы «Connection point» бөлімі арқылы жүзеге асыру.
Емханаға барып тіркелу үшін жеке куәлік талап етіледі. Тіркеу бөлімінде емхананың бас дәрігерінің атына өтініш толтырылады. Бұдан басқа құжаттың қажеті жоқ.
Отбасының өзге мүшелерін тіркеу үшін олардың жеке куәліктері мен жазбаша келісімі қажет (ересектер үшін). Ал, 18 жасқа толмаған тұлғаларды тіркеу үшін ата-аналардан (немесе баланың қамқоршысынан) жеке куәлік (немесе баланың атынан өкілдік ете алатынын растайтын құжат) пен баланың жеке құжаты талап етіледі.
Ал, egov.kz порталы арқылы емханаға тіркелу үшін ең алдымен жүйеге қосылу қажет. Әрі қарай «Денсаулық сақтау» бөліміндегі «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымына тіркелу» қызметін басасыз. Мұнан соң электронды өтінішті толтыру керек. Қызметтің нәтижесін Жеке кабинет арқылы білуге болады. Сондай-ақ, қазір қай емханада тіркеліп тұрғаныңызды да egov.kz порталындағы Жеке кабинет арқылы анықтап біле аласыз. Егер бұрынғы емхана қызметі көңіліңізден шығатын болса, қайта тіркелудің қажеті жоқ. Тіркелудің үшінші жолына жүгінсеңіз, халыққа қызмет көрсету орталықтарында «Connection Points» деп аталатын бөлім болады. Ондағы кеңесшілер сізге электронды форматта тіркелу жолдарын түсіндіріп береді.
Ендеше, аяқталуына аз уақыт қалған науқаннан шет қалмаған абзал.

Жеңіс Тойшибекова,
№2 Тараз қалалық емхананың
бас дәрігері

Leave A Reply

Your email address will not be published.