Ел болашағы бізге байланысты

284

Жыл соңына таяп, жаңа жыл жақындаған сайын әр адамның сан алуан күй кешері аттың қасқасындай айқын. Тіпті күн санап, мерекелік шыршаны безендіруді тағатсыздана тосатынымыз тағы анық. Ал осынау көп күткен мейрамның басты белгісі, әрине, шырша! Мәселенки, шырша – адам үшін пайдалы көптеген функцияларды атқаратынын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Айталық, шырша бізге қажетті оттегі бөледі және құрылыс жұмыстарына пайдалануға болады. Ал сіз оның емдік қасиеті барын біліп пе едіңіз? Сондай-ақ, шыршалардың орташа өмір сүру ұзақтығы шамамен 200 жылды құрайды. Алайда, мерекеге қарсаңында олардың өмір сүру ұзақтығы қысқарып жатады. Неге? Өйткені, шыршаны заңсыз кесіп, саудаға салуды кәсіпке айналдырған жұрт аз емес. Әрине, осы тұста «Шыршасыз қандай жаңа жыл болуы мүмкін» – деп сұрасаңыз, қателеспессіз. Иә, бүгінде жасанды немесе тірі шыршаны сатып алу жағы да аса қиындық тудырмасы хақ. Алғашқысын сатып алсаңыз ешқандай мәселе де болмайды. Себебі, жасанды шырша жанұяға жылу сыйлап қана қоймай, бірнеше жылға жуық қызмет етеді. Бірақ кейінгісі үлкен дауға айналары анық. Бұл бір сәттік қуаныш үшін тіршілік иесінің өмірін қиып, кейін оны қоқысқа тастаумен пара-пар ғой.
Сөз орайында айта кеткен жөн, Жамбыл облысы аумағында шыршалар өспейді. Алайда, табиғаты тамылжыған Қазақстанның өзге өңірлерінде, жаңа жыл қарсаңында шыршаларды қырқып, көлеңкелі кәсіптің көзіне айналдырып жатады. Ал қылқан жапырақты екпелерді ұтымсыз пайдалану салдарынан, ел мен әлемдегі экологиялық ахуал күрделеніп, кері әсерін тигізуі мүмкін.
Осыған байланысты, Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы жаңа жылдық мереке кезінде шыршаларды заңсыз саудалап, табыс табуды ойлаған азаматтарға, ағаштарды заңсыз кескені үшін әкімшілік, сондай-ақ қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Құрметті Жамбыл облысының тұрғындары мен қонақтары! Жаңа жыл қарсаңында шыршаларды сатып алу кезінде сатушыдан оның сертификатын талап етулеріңізді сұраймыз. Біз осылайша еліміздің әсем табиғатын қорғауға үлесімізді қосамыз.
Ел болашағы бізге байланысты!

Е. Әлімқұлов
Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің бас маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.