Бюджет қаржысы мақсатты жұмсалуы тиіс

465

Сейсенбі күні облыстық әкімдікте аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен кеңесте бюджет есебінен әзірленіп жатқан жобалық-сметалық құжаттар жайы және 2019 жылдың бюджетіне қаржыландыру үшін ұсынылуы тиіс жобалардың жобалық-сметалық құжаттар құнын ықшамдау мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, облысымыздағы барлық жобаларға талдау жүргізілгенін жеткізді.
– Жыл басынан бері облысымыздағы 2013-2018 жылдар аралығындағы проблемалық жобаларға талдау жүргізілген болатын. Алғашында жобалар саны 368-ді құрады. Әр жобаны сала-сала бойынша талдап, сұрыптап 147 жобаны шығардық. 147 жобаның 63-іне жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Алдағы уақытта 220 жобаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуі керек. 220 жобаның 123-і республикалық, 90-ы облыстық бюджетке тиесілі болса, қалғаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асуы қажет болатын. Бүгінгі таңда 44 жобаның жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатса, 59-ының мемлекеттік сараптамадан қорытындысы алынбаған.
Сонымен қатар, 2016 жылы 31 инвес­тициялық жобаға 17 миллиард теңге бөлінсе, 2018 жылы 45 жобаны жүзеге асыруға 21 миллиард теңге бөлінді. Ал, 2019 жылы 73 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға 54,8 миллиард теңгеге құжаттар әзірленді. Аталған 73 жобаның 51-і облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, 22 жоба облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына тиесілі, – деді Г.Әлімжанқызы.
Басқарма басшысын мұқият тыңдаған Асқар Исабекұлы әрбір жобаны қаржыландырмас бұрын оның маңыздылығына назар аудару керектігін жеткізді. Өз кезегінде, аймақ басшысы күн тәртібіндегі мәселеге байланысты бірқатар сұрақтарын қойғанымен, жауапты мамандар мардымды жауап бере алмады.
– Біз бюджет қаржысының 1 тиынына дейін орнымен жұмсауымыз керек. Ұсынылып отырған кейбір жобалардың өзектілігіне ерекше назар аударуымыз қажет. Аса бір қажеттілік тудырып тұрмаса кейінгі жылдарға қалдыруға болады. Сондықтан, енді әр басқарма басшысын жеке-жеке қабылдап, жобаларды кеңінен талқылайтын боламыз. Алдағы 10 күннің ішінде 2019 жылдың бюджетін қалыптастыруымыз керек, – деді А.Мырзахметов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.