Батыр бабалар жайында деректі фильм түсірілуде

757

Қазақ қоғамына ерекше серпіліс әкеліп, рухани сілкініс тудырған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бір жылдан астам уақыттың өзінде руханият бағыты бойынша іргелі істер еңсерілді. Осы аралықта ана тілімізден бастап тарих, салт-дәстүр дәріптеліп туған жерге деген сый-құрмет еселене түскендей. Иә, атқарылып жатқан істер көп. Бірақ, бұл жұмыстар өз мәресіне жетпейінше, әлі де жалғасын таба бермек.

Елбасының аталмыш мақаласында өткенді еске ала отырып, оны қазіргі заманға лайықты қылып қайта жаңғырту керектігін айтқан болатын. Бұл дегеніміз – кешегі өткен тарихты келешек ұрпаққа қаз-қалпынша жеткізу бүгінгі ұрпақтың еншісінде екендігін аңғартады. Осыны жақсы түсінген ауданымыздың бір топ аға буын өкілдері батыр бабалар жайында деректі фильм түсіруді қолға алыпты. Мақсаттары жоғарыда айтқанымыздай, өткенді еске алып, батырлар, билер, шешендердің есімдерін ұлықтап, қайта жаңғырту. Олардың жасаған ерліктерін келешек ұрпақтың санасына жеткізу. Сюжеттерде айтылатын мәтінді Әшімқұл Ақпейілов жазып шығыпты. Ол кісінің айтуы бойынша аталмыш фильмде өңірімізден шыққан батырлар туралы көптеген мағлұматтар беріледі. Идея авторлары фильмнің түсірілімін жаңадан бой көтерген Дулат баба кесенесінен бастағанды жөн көріпті. Алдыменен кесенеге келгендер бабаның рухына арнап құран оқып, дәл сол жерде ауданның Құрметті азаматы Санат Қырықбаев Сұмқайтты маңындағы жоңғарлармен болған ұрыстың мән-жайын баяндап берді. Фильм түсіру оңай іс емес екендігі баршаға белгілі. Үлкен қажырлы күшпен қатар, қаражат жағы да ойландыратын мәселе. Алайда, бұл сұрақтарға деректі фильм авторлары еш уайымдап отырған жоқ. Себебі, Шәмшіхан Искаков, Қоныс Сағымбеков, Серік Дәлібаев және ағайынды Дауылбай мен Берік Әліпбаевтар игі бастамаға қол ұшын созуға тілек білдірген.

Міне, дәл осындай жаны жайсаң, жомарт жандардың арқасында кешегі батыр бабалардың есімдері қайта жаңғырып, ертеңгі ұрпақтың санасында мәңгі қалары сөзсіз. Қолға алған істеріңіз жемісті болғай. Ал, біз өз кезегінде өткен тарихтан сыр шертетін деректі фильмнің жарыққа шығуын асыға күтетін боламыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.