Бас әріптерді дұрыс қолдана білеміз бе?

1 281

Қазіргі баспасөз беттерінде бас әріптерді, әсіресе, әрбір сөзі бас әріппен жазылатын күрделі атауларды жазуда түрлі олқылықтар байқалады. Бас әріптердің жазылу ережелері теориялық жақтан жан-жақты талданып, көрсетілгеніне қарамастан, практикалық қолданылу барысында түрлі қателер көп кездеседі. Мұндай олқылықтар әсіресе, «әрбір сөзі бас әріппен жазылатын ең жоғарғы мемлекеттік мекемелер мен қызмет аттарын» жазу барысында орын алуда. Бұл бағытта арнайы жазылған ғылыми-теориялық және практикалық зерттеу жұмыстары жоқтың қасы.

Ата заңымыз бойынша әрбір сөзі бас әріппен жазылуға тиіс кейбір күрделі атаулардың баспасөз беттерінде жазылу ерекшеліктеріне талдау жасап көрсек. Еліміздегі ең жоғарғы мемлекеттік қызмет «Қазақстан Республикасының Президенті». Соған орай, оның әрбір сөзі бас әріппен жазылуы тиіс. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Ал, біздің кейбір басылымдарымыз «Қазақстан Республикасының Президенті» сөзінің әрбір сөзін бас әріппен жазады да, басқа елдердің президенттерін жай әріппен жазады. Мысалы, «Жексенбі күні Өзбекстан президенті Ислам Каримов елде өткізілген референдумға қатысып, дауыс берді» немесе «Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязов ресми сапармен Мәскеуде болды. Онда ол Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді», – деген «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан мақалада журналистердің қандай ережеге сүйеніп «президент» сөзін бір жерде үлкен, екінші тұста кіші әріппен жазып отырғаны түсініксіз. Дегенмен, соңғы жылдары «Егемен Қазақстан» газеті бұл бағыттағы олқылықтардың орнын толтырып, «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті», «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Рам Нахт Ковиндке Үндістан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады», – деген сынды «Президент» сөзін қай мемлекетке қатысты болмасын бас әріппен жаза бастады. Осылайша, олар өз кемшіліктерін өздері түзетіп отыр. Бұл әрине құп көретін нәрсе.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі де еліміздегі ең жоғарғы лауазымдардың бірі. Ал, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында оның жазылуы әркелкі. Мысалы «Сонымен жаңа Премьер-Министр кім болуы мүмкін?» («Қазақ Әдебиеті»), «Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұңғыш қазақ Премьер-министр Әкежан Қажыгелдин болды» («Заң» газеті) деген сөйлемдерден «Министр» сөзі бір жерде үлкен,бір жерде кіші әріппен жазылғанын аңғаруға болады.
Тіпті, кейде бас әріппен жазылуы тиіс сөздердің бір мәтіннің ішінде әртүрлі беріліп жүргенін кездестіреміз. Мәселен, «Устинка Live» ақпарат көзі «Қазақстан Республикасының премьер-министрі Семейге келді» деген тақырыппен материал беріп, сол ақпараттың соңында: «Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев облыс пен қала басшылығына өңірді одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді», – деп жазады (https://ustinka.kz/). Сонда аталмыш ақпараттық агенттігі «Премьер-Министр» сөзін тақырыпта кіші әріппен таңбалап, сөйлем соңында қай заңдылыққа сүйеніп бас әріппен жазды екен?
Парламент – Конституция бойынша Қазақстан Республикасының заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғарғы өкілді орган. Олай болса, Парламент Палаталарының төрағалары ең жоғары мемлекеттік қызметтердің бірі болып саналады. Соған орай, оның әрбір сөзі бас әріппен жазылуы тиіс. Ал, газеттерде тек Сенат пен Мәжіліс сөздері ғана бас әріппен беріліп, «төрағасы» сөзі жай әріппен жазылуда. Мысалы «Елбасы Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев және Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыповпен консультация өткізді» (http://www.astanatv.kz/news/show/id/33517.html) немесе «ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтті» (https://i-news.kz) деген сөйлемдерде «Парламент» сөзі бас әріппен жазылғанымен, «Төраға» сөзі кіші әріппен берілген.
Сондай-ақ, ең жоғары мемлекеттік мекемелердің бірі – Қазақстан Республика­сының Жоғарғы Соты. Демек, Республика Жоғарғы Сотының Төрағасы да ең жоғары мемлекеттік лауазымдардың бірі болуы тиіс. Газет беттерінде бұл атаулардың да жазылуы әркелкі. Мысалы «Жоғарғы Сот осы мәселені зерттеп, қаулы қабылдады», «Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми бұл мәселеде өз көзқарасының толық айқындалмағанын білдірді» деген «Егемен Қазақстан» мен «Заң» газетіне шыққан мақалаларда «Сот» пен «Төраға» сөздері әркелкі жазылып тұр.
Міне, бұлар аталған республикалық газеттер бетінде жазылып жүрген санаулы ғана мысалдар. Мұндай қателер өзге басылымдарда да аз емес. Осы арқылы қазіргі баспасөз тілі мәдениетінің қай деңгейде тұрғанын аңғаруға болатын секілді. Мұндай жаппай сауатсыздықтың алдын алу, әрбір сөзі бас әріппен жазылатын күрделі атауларды бірізділікке түсіру үшін жоғарғы мемлекеттік мекемелер мен қызметтерге жататын күрделі атауларды анықтап, олардың басқа қызметтерден аражігін ажырату керек сияқты. Соған орай, әрбір сөзі бас әріппен жазылатын күрделі атаулар сөздігін құрастыру бүгінгі заман талабынан туындаған ең өзекті мәселеге айналып отыр.
Сондай-ақ, жазылуы қиындық тудыра­тындардың бірі – университет, факультет, кафедра атаулары. Күнделікті оқу процесі барысында бұл атауларды жиі ұшырастырамыз әрі жиі жазамыз. Ал сол атаулардың жазылуына көз салсақ, түрлі нұсқаларды кездестіруге болады. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің университетіміздің атауының ресми құжаттарда, түрлі жарнамалық материалдарда, оқытушылар мен студенттерге бағытталған түрлі құжаттарда жазылуына назар аударсақ, «М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік Университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университеті» сияқты бірнеше үлгісін кездестіруге болады. Ал, сөздердің бас әріппен жазылу ережесіне сүйенсек, жоғарыда аталған нұсқалардың ішінде «М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті» деген жазу дұрыс. Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері авторларының бірі, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Р.Сыздықова «Мекемелердің, ұйымдардың т.б. жеке бөлімдерінің, секторларының, институт пен университет факультеттерінің аттары кіші әріппен жазылатынын» көрсетеді. Соған қарамастан, қазіргі жазу үрдісімізде факультет атауларын бас әріппен жазу әдетке айналды. Керісінше оны кіші әріппен жазуды қате деп есептейтіндер көп. Бұл тек бірлі-жарым ғана мысал. Шын мәнінде баспасөз беттерінде, күнделікті қарым-қатынаста, түрлі құжаттарда әртүрлі жазылып, біріздендірілмей жүрген атаулар қаншама?
Сауаттылық – тіл мәдениетінің ең басты талабы. Тіл – адам ойының айнасы. Адамның тіл мәдениетінен оның болмысын да аңғаруға болады. Сондықтан, бәсекеге қабілетті маман, мәдениетті, білікті де білімді ұрпақ тәрбиелейміз десек, жазу сауаттылығына ерекше мән бергеніміз абзал.

Әзімхан ЫБЫРАЙЫМ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік
университеті гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар
факультетінің деканы, ф.ғ.к.

Leave A Reply

Your email address will not be published.