Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» ҰКП-мен бірлескен жұмыс туралы: Бүгінде ұйымшыл ұжым қалыптасқан

570

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының V съезіне қатысты, онда бизнесті дамыту стратегиясын өзектендіру және қызмет қорытындылары қаралды.

Съездің ресми ашылу рәсімінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың делегаттарға жолдаған хатын оқып берді.

«Құрметті «Атамекен» ҰКП V съезінің қатысушылары, ханымдар мен мырзалар!

ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының V съезінің ашылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын.

Биыл «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылғанына бес жыл толады. Осы уақыт ішінде Палата өзін бизнес қауымдастығының құқықтарын қорғау жөніндегі тәуелсіз институт ретінде айқындады. Ұлттық палата мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасында тиімді ынтымақтастық орнатуға арналған байланыстырушы буын ретінде жұмыс істеді. Ұлттық палата еліміздің тұрақты дамуына үлкен үлес қосатынына сенімдімін.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Кәсіпкерлік — экономиканың нақты локомотиві және қозғаушы күші. Қазақстан үшін іскерлік белсенділіктің дамуы өте маңызды. Біз аталған бағытта бірлесіп үлкен табыстарға қол жеткіземіз.

Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісінде соңғы 10 жылда 64-тен 36-орынға дейін көтерілді. Елімізде макроэкономикалық тұрақтылық қамтамасыз етіліп, бизнес ахуал жақсара түсуде. ЖІӨ өсімі 4% құрайды, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары.

Құрылымдық және ұлттық реформалар жүзеге асырылуда, инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде, жаңа Салық және Кедендік кодекстер күшіне енді, кәсіпкерлікті реттеу мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер пакеті қабылданды. Онда бизнес қауымдастықтың ұсыныстары барынша ескерілген. Аталған жұмыс жалғасады және кеңейтіледі. Отандық бизнесмендер, «Атамекен» ҰКП осы маңызды процеске белсене қатысуы тиіс.

Біздің стратегиялық мақсатымыз — Қазақстанның озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы. Бұл үшін еліміздің ЖІӨ-де ШОБ үлесін 50%-ке дейін ұлғайту қажет. Сонымен қатар, Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында біз экономиканы жедел жаңғыртуға, жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізуге бет алдық. Әлеуметтік бастамалар аясында шағын несие беру ұлғайтылуда, «Бастау» жобасы секілді маңызды іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Тек осы жылы кәсіпкерлік негіздеріне 160 ауылдық аудандар мен 40 шағын қаланы қамти отырып, 30 мың ауыл тұрғынын оқыту көзделген. Барлық алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет пен «Атамекен» палатасының бірлескен және бірізді жұмыс атқаруы қажет.

Бүгінде Ұлттық палата өзін қазақстандық бизнес-қауымдастықты біріктірудің негізі ретінде танытты. Ұйым — ел дамуының стратегиялық реформаларын ілгерілету механизмі саналады. Бұл барлық отандық кәсіпкерлерді біріктіретін ТМД-дағы жалғыз құрылым, заң жүзінде бекітілген кең функциялары мен өкілеттіктері бар.

Бұл съезд Палатаның бес жылдық жұмысының қорытындысын шығарудың маңызды шарасы болатынына сенімдімін. Бұл қазақстандық бизнесті дамытудың жаңа перспективалық бағыттары мен салаларын анықтауға жол ашады. Еліміз Қазақстан Республикасының игілігі мен өркендеуі үшін жемісті еңбек пен жетістіктер тілеймін», — делінген Мемлекет басшысының жолдаған хатында.

Басқарма Төрағасы А. Мырзахметов ҰКП қызметінің қорытындысы мен Палатаны дамыту стратегиясын өзектендіру туралы баяндама жасады.

«2013 жылдың қазан айынан бастап 23 мыңнан астам өтініш келіп түскен, оның 40 пайызы қорғалған, осылайша кәсіпкерлердің 111 млрд теңгеден астам сақталған мүліктік ақшалай және басқа да құқықтары қанағаттандырылды», — деді А. Мырзахметов.

Бұдан өзге, 2016–2018 жылдарға арналған стратегиялық басымдықтар туралы есеп беру кезінде «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы А. Мырзахметов кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау стратегиялық жоспарды дамытудың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, басымдықтар қатарында бизнес ортаны жетілдіру, қаржы, инфрақұрылым және өткізу нарықтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету, адам капиталын дамыту және бизнесті сервистік қолдау шаралары бар.

ҰКП басқармасының есебін талқылау барысында сонымен қатар Маңғыстау облысының іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Сәуле Салихова және Eurasian Resources Group директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич сөз сөйледі.

Дауыс беру қорытындылары бойынша ҰКП Басқармасының есебі бірауыздан қабылданды.

Бүгінгі таңда «Атамекен» Қазақстанның барлық өңірлерінде қанат жайған — барлық облыс орталықтарында, аудандар мен ірі қалаларда бар. ҰКП жанында 141 ассоциация аккредиттелген. ҚР ҰКП құрылуы мен жұмысын қамтамасыз ету үшін бір жыл көлемінде құрылтайшылық кезең және аталмыш Заң күшіне енгізілген күннен бастап бес жылға дейін өтпелі кезең белгіленген. Осылайша, 2018 жылы 22 шілдеде Үкіметтің «Атамекен» Ұлттық палатасының қатысушылары құрамынан шығуын қарастыратын өтпелі кезең аяқталады. Келісім аясында Үкімет пен «Атамекен» арасындағы одан арғы өзара әрекеттестік қағидаттары мен бірлескен жұмыстарды жоспарлау бойынша мәселелер реттелетін болады.

ҚР  Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде ҰКП алғашқы бесжылдықтағы жұмысының қорытындыларының шығарылуын ескерумен Съездің маңыздылығын атап өтті. 2013 жылғы 9 қыркүйекте Үкімет өзіне жауапкершілік алып, сол кездегі «Атамекен» одағымен бірлесіп шешіп Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құрды.

«Бұл аса маңызды съезд, өйткені біз бесжылдық жұмысының қорытындыларын қарастырып отырмыз. Жақын арада Астананың 20 жылдығын тойлайын деп отырмыз. Біздің астанамыз 20 жыл бұрын қандай болғанына кім сенеді? Палата туралы да солай айтуға болады. Бес жыл  бұрын ол қандай болды, қазір ол қандай. Бес жыл бұрын біз бұл процестің басында едік, өзіміз куәгер болдық, мұның неге, не үшін істелетінін көрдік», — деді Премьер-Министр.

Б. Сағынтаев Үкіметтің бизнестің жұмысын заңнамалық реттеуді жетілдіру бойынша үлкен жұмыстар атқарғанын атап өтті.

Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп бес жыл ішінде бизнесті түбегейлі жақсартуға және әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған 6 түзетулер пакетін әзірледі. Нәтижесінде Дүниежүзілік Банктің деректері бойынша «Doing Business-2018» рейтингінде Қазақстан 36-шы орынды иеленді және бес жыл ішінде аталған рейтингте 40 пунктке көтерілді. 2015 жылы «Атамекен»-мен бірлесіп әзірленген бизнес жүргізуді реттейтін барлық құқықтық нормаларды біріктірген «Кәсіпкерлік Кодексі» қабылданды. Жарты жыл бұрын Платаның тікелей қатысуымен бизнес үшін негізгі Кодекстер – Салық және Кедендік Кодекстері, сонымен қатар «Жер және жер қойнаулары туралы» Кодекс қабылданды. 2017 жылы 14 кодекс пен 109 заңға 1000-ға жуық түзету енгізілді.

Бизнес ортаны қайта реттеу және ырықтандыру бойынша маңызды нәтижелерге қол жеткізілді, бұл кәсіпкерліктің жаппай өсуі үшін жағдайлар тудырды. Мәселен, 5 жыл ішінде рұқсаттардың 74% қысқартылды (2012 ж. 1196-дан 2018 ж. 316-ға дейін). Мұндай оңтайландырудан тиімділік жыл сайын 1,5 млрд теңгені
құрайды (бизнес үшін қаржылық шығындардың жыл сайын төмендеуі). Қылмыстық кодекстен «Жалған кәсіпкерлік» бабы алынып тасталды. Әкімшілік айыппұлдар көлемі орташа 30% төмендеді (157 құрамы бойынша), алдын-алу институты кеңейтілді (14 баптың орнына 52 бап).

Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев «Атамекен» ҰКП цифрландыру бойынша белсенді жұмысын атап өтті. Үкімет ішкі инвестициялардың келесі бағыттарға түсуіне мүдделі: Индустрия 4.0 элементтерін енгізу және индустриялық кәсіпорындарды технологиялық жаңарту; көлік–логистикалық инфрақұрылым; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа және құрылысқа заманауи технологияларды енгізу; еңбек өнімділігін арттыру және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту үшін «ақылды технологияларды» қолдану; өмір сапасын жақсарту үшін «ақылды қалаларды» құру; жаңғырту негізі ретінде адам капиталын дамыту.

Сондай-ақ, отандық бизнестің бәсекеге қабілеттігі мен экспорттық өнімдерді ұлғайту мәселесі қозғалды.

«Біздің өнімдер бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие болуы керек. Еліміздің ішкі нарығы жергілікті өндірушілердің аса сапалы өнімін талап ететінін ұмытпауымыз қажет», — деді Премьер-Министр.

Бұдан өзге, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша қабылданған шараларға көңіл бөлінді.

«ҰКП бастамашы болған «Бастау-Бизнес» бағдарламасы адамдарды шағын бизнеспен айналысуға бағыттау қажеттігіне итермеледі. Шын мәнінде, оған қажеттілік жоғары. Елде жаппай кәсіпкерлікті дамыту керек», —  деді Б. Сағынтаев.

Бүгінгі таңда «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы ШОБ басты қолдау құралдарына айналды.

Мемлекеттік қолдау шараларымен Қазақстанның барлық өңірлері қамтылған. Тек «БЖК 2020» бағдарламасы іске асырыла бастаған кезеңнен бері 2018 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, 350 мыңнан астам ШОБ субъектісіне қолдау көрсетілген. Нәтижесінде бағдарлама қатысушылары қазынаға 847,7 млрд теңге сомасында салық төледі. 3,5 трлн. теңге сомасына өнім өндірілді. 348,6 мың жұмыс орны құрылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын әзірленіп, қабылданды, онда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері білдірген барлық ұсыныстар ескерілген.  Мәселен, шағын несиелендіру көлемі көбейтілді, әлеуметтік кәсіпкерлердің кепілдік қамтамасыз етуі жеткіліксіз болған жағдайда мемлекет тарапынан кепілдендіру мүмкіндігі ұсынылады. Жалпы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жарты миллионға жуық азаматқа қолдау көрсетілді, олардың ішінде 315 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты.

2017 жылы 32 млрд теңге сомасына 7 200 шағын несие берілді. Биыл Президенттің Бес әлеуметтік бастамасы аясында шағын несие беруге жұмсалатын бюджет шығындары 62 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Осылайша, шағын несиелер 14 мың адамға беріледі.

Премьер-Министр өз сөзінде Палата жұмысының өтпелі кезеңінің аяқталғанына тоқталып өтті, бұл Үкіметтің Ұлттық палата қатысушылары құрамынан шығатынын білдіреді. Министрлер кабинетінің басшысы жаңа кезеңде тығыз әрі сындарлы жұмыс жүргізудің маңыздылығын, және бүгінгі таңда ұйымшыл ұжым қалыптастырылып, бизнестің дамуы үшін барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

«Бүгінде “Атамекен” жұмыстың жаңа сатысын бастауда. “Атамекенге” ақ жол тілейміз», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Съезд аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен «Атамекен» ҰКП Президиумы төрағасы Тимур Құлыбаев ынтымақтастық пен бірлескен қызметтің жаңа механизмін анықтайтын Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасындағы өзара әрекеттестік туралы Келісімге қол қойды.

Мемлекет пен «Атамекен» палатасының бірлескен жұмысының төрт маңызды нәтижесі:
1) 5 жыл ішінде әрекет етуші ШОБ субъектілерінің саны 34%-ке артып, шамамен 1,1 млн бірлікті құрады (салыстырғанда, 2012 жылы — 888,2 мың бірлік).
2) 5 жыл ішінде ШОБ-тің жалпы қосылған құны 2,5 есеге ұлғайып, 2017 жылы 13,3 трлн теңгені құрады. (2012 жылмен салыстырғанда — 5,3 трлн теңге).
3) 5 жыл ішінде ШОБ өнімдер өндіру көлемі 2 еседен астамға өсті (нақты мәнде) және 2017 жылы 21,1 трлн теңгені құрады.
4) 5 жыл ішінде бизнес секторында жұмыспен қамтылғандардың саны 700 мыңнан астам адамға өсті. Бүгінде шағын және орта бизнесте 3,1 млн адам жұмыс істейді. Бұл экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 35% (8,9 млн адам).

Leave A Reply

Your email address will not be published.