Азаматтар құқықтарын қорғау күшейе түседі

45

ҚР Президентінің Қазақстан халқына арнаған биылғы жолдауы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі» деп аталды. Ондағы бес бөлімде ел дамуының басты он бағыты айқындалған, нақты айтқанда, халықтың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, әділетті әлеуметтік саясат және өңірлерді дамыту секілді маңызды мәселелер қозғалған.

құқық саласына қатысты келсек, жолдаудың екінші бөлімінде президент азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігіне тоқталып, сот шешімдерін мұқият саралауды, дау шешуде бірыңғай сот тәжірибесі қамтамасыз етілуін, әкімшілік сот төрелігін енгізуді, заңнамадағы барлық қарама-қайшылық пен түсініксіз тұстар азаматтардың пайдасына қарастырылуы керектігін айтты. Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев «Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы. Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет» деді. Сот пен құқық қорғау жүйесіндегі реформалар азаматтар құқықтарын қорғаудың және қауіпсіздігінің кепілі, сондықтан, олардың жүйелі орындалуын күшейту қашан да маңызды фактор болмақ. Сот шешімдерінің сапасын арттыру, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру, соттардың дауларды шешу барысында қосымша айғақтар жинау құқығы, жолдауда айтылған жайттардың қай-қайсысы да өзектілігін жоймайды.

Мемлекет басшысы заңдарымызды ізгілендіруге басымдық беру жолында азаматтардың негізгі құқықтары назардан тыс қалғанын да жасырмады. Бұған қатаң жазалау тәжірибесінен бас тартсақ та, елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұрғанын дәлел етті. Сондықтан, бірқатар қылмысқа қатысты қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігін ұсынып, Парламент пен Үкіметке тапсырма берді.

Мемлекет басшысының жолдауы ел өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі болып саналады. Оны жан-жақты талқылап, алдағы атқарылар ауқымды істердің сара бағыты ретінде белгілеп, жүзеге асыру әрбіріміздің абыройлы міндетіміз.

Мәдіхан Төлендиев,

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті

ЖД-158/2 мекемесінің тылдық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы

Leave A Reply

Your email address will not be published.