Әулиеаталықтар әз-Наурызды тоғыз күн атап өтеді

381

Халқымыздың барлық асыл қасиеті, салт-дәстүрі, өнері паш етілетін көнеден жеткен тағылымды мейрам-Ұлыстың ұлы күні. Тарихи тамырын тереңнен тартқан Наурыз – бар жақсылықтың бастауы, көктем мен еңбектің, жаңару мен рухани тазарудың, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың жарқын да мерейлі мерекесі. Айтулы мерекенің табалдырықты аттайтын сәтiне де санаулы күндер қалды.

Өткен жылы Жамбыл жұртшылығы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен Наурыз мейрамын тоғыз күн бойы ерекше жағдайда атап өткен болатын. Әр күнге арнайы атау беріліп, ұйымдастырылған тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар жалпыхалықтық мерекенің мән-мазмұнын ашуға сүбелі үлес қосты. Облыстың бұл игі бастамасын республикалық бұқаралық ақпарат құралдары сүйіншілей жеткізіп, игі тірлікті жан-жақтан қолдап жатты. Биыл да сол үрдіс жалғасын тауып, Наурыз мейрамы кең көлемде тойланады. Яғни, халқымыздың көнеден келе жатқан Наурызнама дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғыртуға бағытталып, мерекелік шаралар тоғыз күн бойы жалғасын табады.
Кеше облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасына қарасты «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай ұлық мереке аясында облыс аумағында тоғыз күн бойы жалғасын табатын іс-шаралар жоспары жайында жан-жақты баяндап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Жиында алғашқы болып сөз алған Берік Уәлиұлы әрбір атаулы күнге жеке-жеке тоқталып, тағылымы мол шаралардың мән-маңызын ашып берді.
– Жалпы Ұлыстың ұлы күні мерекесін тоғыз күн атап өту дәстүрі 2013 жылы қазіргі Түркістан облысында бастау алып, тоғыз күнге тоғыз түрлі атау берілген болатын. Кейін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы халыққа берері мол игі бастаманы бастаған Түркістан облысы әкімдігіне алғысын білдіріп, өзінің аталған аймаққа іссапарында бұл дәстүрді өзге өңірлерде жалғастыру керектігін баса айтқан еді.
Облыс әкімі Асқар Исабекұлының ұйғарымымен әз-Наурыз мерекесі Жамбыл жерінде екінші мәрте тоғыз күн қатарынан тойланбақ. Сонымен қатар, әр күнге ат қойылып, айдар тағылуы да Ұлыстың ұлы күнінің мән-маңызын арттыра түскендей. Яғни он төртінші наурыздан бастау алған мерекелік шаралар жиырма екінші наурызға дейін жалғасын табатын болады.
14 наурыз – «Амал» күні (Көрісу). Бұл амандық-саулық сұрасып, үлкен-кіші қыстан аман-есен шығып, әз-Наурызға аман-есен жеткеніне шүкіршілік етіп, бір-біріне ізгі тілектер айтатын күн. Көрісу – тек адамдар амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс.
15 наурыз – «Тағзым» күні. «Өлі разы болмай тірі байымайды» деген халқымыз ата-бабалар рухына тағзым ету, Құран бағыштауды ешқашан ұмыт қалдырған емес. Сондықтан «Тағзым» күні мешіттерде арнайы Құран бағыштау рәсімдері, ескерткіштерге гүл шоқтарын қою шаралары өтеді.
16 наурыз – «Алас» күні. «Алас» дегеніміз – тазару деген мағынаны білдіреді. Сол себепті де «Бұлақ көрсең – көзін аш» айдарымен жалпыхалықтық сенбілік, Наурыз мерекесіне дейінгі тазалық жұмыстары ұйымдастырылады.
17 наурыз – «Мейірім» күні облыс аумағында қайырымдылық шараларын өткізу жоспарлануда. Тұрмысы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарға айрықша көмек көрсетіледі. Сондай-ақ жергілікті басшылар, кәсіпкер азаматтар балалар, қарттар үйлері мен перзентханаларда болып, сый-сияпат жасайды. Қайырымдылық көмектер береді. Соғыс және еңбек ардагерлері, ауыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетеді. Әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға, көмекке мұқтаж, мүгедек жандарға арналған қайырымдылық іс-шаралары қолға алынбақ.
18 наурыз – «Ынтымақ» күні. Наурыз бірлікке, ынтымаққа шақыратын мереке, қайырымдылық айы болғандықтан, қоғамды мейірімді болуға үгіттейді. Аймақтағы этномәдени орталықтар мен этнос өкілдерінің қатысуымен мерекелік концерттер, салт-дәстүрлерді насихаттау мақсатында арнайы көрсетілімдер мен «Достық фестивальдері» өтеді.
19 наурыз – «Жаңару» күні жарық дүние есігін ашқан нәрестелерге жергілікті билік өкілдерінің атынан дайындалған арнайы құттықтау әзірленіп, сәбилерге қажетті бұйымдардан құралған сыйлықтар сыйға тартылады.
20 наурыз – «Береке» күні қаланың бірнеше елді мекенінде, аудандарда нарықтан төмен бағада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Сондай-ақ «Жаңа жыл келді жадырап» деген тақырыппен жасөспірім балалардың қатысуымен мерекелік іс-шаралар, сурет салу байқаулары, концерттік бағдарламалар өткізіледі.
Ал негізгі шаралар 21 наурыз күні өтеді. Айтулы мереке қарсаңында алты нысан ашылып, ел игілігіне беріледі.
22 наурыз – «Жаңа күн» күні де бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, мереке қорытындыланады, – деді Берік Құрманғали.
Ал, мұнан кейін облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев 21 наурыз күні ашылатын «Жастар» аллеясында өтетін мәдени-көпшілік іс-шараларға тоқталды. Жалпы, аталған саябақта «Махаббат» аллеясы, «Білім» алаңы, «Жастар» интернет орталығы, «Кітап» алаңшаcы ашылатын болады.
Ал, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай облыс орталығында ұйымдастырылатын мерекелік шараларға қысқаша тоқталды.
– Тоғыз күннің ішінде Тараз қаласында шаһар тұрғындарының игілігі үшін көптеген жұмыстар жоспарланып отыр. Іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазіргі таңда сол бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Амал» күні Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің алдында ауқымды шара өтеді. Онда концерттік бағдарлама, спорттық ойындар, театрландырылған қойылым көрсетілетін болады. Ал, «Алас» күні қалалық сенбілік ұйымдастырылады. Қала бойынша бес аймақта үлкен сенбілік өткізіліп, бес мыңға жуық түрлі тал-дарақ отырғызу жоспарланып отыр. Одан кейін «Мейірім» күні аясында қалада орналасқан кафе, мейрамхана және ірілі-ұсақты базар қожайындарына үндеу тастадық. Яғни, кәсіпкер азаматтар мейрамханасы немесе кафесі орналасқан аумақтағы көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған отбасыларға күндізгі сағат 13.00-15.00 аралығында дастархан жайып, наурыз көже тарататын болады. Сол секілді базар иелері де түрлі көмектерін көрсетеді.
Жыл сайын дәстүрлі түрде Ы.Сүлейменов көшесінің бойына киіз үйлер тігілетін. Биыл киіз үйлер Қ. Рысқұлбеков саябағындағы бос алаңқайға тігіліп, Ы.Сүлейменов көшесінде спорттық ойындар өткізіліп, арнайы үстелдер қойылып, халыққа наурыз көже таратылады. Төрт сахна қойылады. Ал, 22 наурыз күні орталық «Достық» алаңында концерттік бағдарлама ұйымдастырылады, – деді Кенжебек Мамашбайұлы.
Ұлыстың ұлы күнін, міне, жамбылдықтар осылай ерекше түрде атап өтпек. Лайым, әз-Наурыз жастарымыздың санасын жаңғыртып, еліне деген сүйіспеншілігін арттыра бергей!.

Leave A Reply

Your email address will not be published.