Ата Заң – бейбіт елдің тірегі

695

«Конституция – біздің барша табыстарымыздың бастауы. Елдігіміздің киелі кітабына айналған қастерлі құжат – тұрақтылық пен татулықтың тұғыры».

Н.Ә. Назарбаев

Бүгінде ғаламтор арқылы дүние жүзінде қандай жаңалықтар боп жатқанын оп-оңай бақылап отырасың. Соның ішінде кейбір елдердегі жағаңды ұстатып, жаныңды ауыртатын жайларды көргенде еліміздің бейбіт өміріне шұкірлік етесің. Ал сол еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың негізгі тетігін ұстап тұрған тұғыры биік Ата Заңымыз десе де болады.

Ата Заңда еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп анық көрсетілген. Яғни, біздің елімізде қандайда бір қылмыс жасалса да кейбір елдердегідей қатыгездік пен аяусыздыққа жол берілмейді. Барлығы Заң шеңберінде шешіліп, тіпті оның да құқықтары қорғалады. Ал, кейбір елдерде тірі жәндікке қимайтын жауыздықты ел алдында жасап жатқанын көріп, жанымыз ауырады. Осы кезде еліміздің Ата Заңына тағы бір мәрте құрмет көрсетеміз. Өйткені біздің еліміз құқықты мемлекет.

Көптеген зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата Заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.

Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген  Негізгі Заң да осы – жиырма төрт жыл бұрын қабылданған Конституция. Бұл жөнінде Елбасы «Қазақстандық жол» атты кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда Конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі Заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», — деген болатын.

Шынымен де бүгінгі Ата заңымыздың басты ерекшелігі қандай? Қоғам қайраткерлерінің сөзіне сүйенсек мұны Елбасы ұсынысымен енгізілген төрт ұстанымға, біріншіден — қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, екіншіден — экономикалық даму, үшіншіден — қазақстандық патриотизм, төртіншіден — маңызды мәселелерге референдум жасау және Парламентте дауыс беру арқылы шешу принциптерімен негіздейді. Ата Заңымыздың бірінші бабына енгізілген осы төрт мәселе арқылы Қазақстанның жан-жақты дамуына жол ашылған.

Қалай десек те Ата Заңымыз егемен еліміздің дамуына даңғыл жол салып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып, демократиялық жолмен даму бағытын айқындап, нәтижесінде бүгінгі жеткен жетістіктеріміздің баршасы Ата заңымыздың тиімділігінің арқасы екеніне көз жетіп отыр. Оның ішінде құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Ең бастысы, Қазақ елінде кейбір көршілеріміздегідей, «ертеңіміз қалай болады» деген үрей жоқ.

Ендеше, әрбір азамат бейбіт елдің алтын арқауы — Ата Заңымыздың талаптарын бұлжытпай орындаса алар асуымыз әркезде биік, Мәңгілік Елдің тұғыры бекем, шаңырағы берекелі болары сөзсіз.

Айда МҰСАЕВА,

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті

ЖД-158/4 мекемесі кадр саясаты бөлімінің бастығы әділет капитаны

Leave A Reply

Your email address will not be published.