«Астана Клубының» бесінші отырысына қатысатын спикерлер қатарында ресейлік саясаткерлер мен сарапшылар бар

23

Мерейтойлық форум сарапшылары құрамына Ресей стратегиялық зерттеулер институтының директоры Михаил Фрадков, РФ Мемлекеттік Думасының Комитет төрағасы, БРИКС зерттеу жөніндегі ұлттық комитеттің басқарма төрағасы Вячеслав Никонов, ЕАДБ жанындағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының бас экономисі Евгений Винокуров, «Өркениеттер диалогы» зерттеу институты бақылау кеңесінің төрағасы Владимир Якунин мен Ресей саяси зерттеулер орталығы кеңесінің төрағасы Евгений Бужинский кірді.

РФ сарапшылары Клубтың бесжылдық жұмыстарының дәстүрлі қатысушылары екендігін атап өткен ләзім.

Жалпы айтқанда, биыл Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық деңгейдегі 50-ден астам сарапшылар мен саясаткерлер және дипломаттар бас қосады. Қазақстан мен Ресейді қосқанда АҚШ, Испания, Италия, Жапония, Сербия, Австрия, Грузия, Норвегия, Қытай, Қырғызстан, Үндістан, Бельгия, Ауғанстан, Швеция, Оңтүстік Корея мен Ұлыбритания елдерінен меймандар келеді.

Естеріңізге сала кетейік, аймақтағы қауіпсіздік пен геосаясат мәселелерін талқылауға арналған ауқымды алаңның бесінші жылсайынғы отырысы 2019 жылдың 11-12-ші қараша күндері «Назарбаев орталығында» өтеді. Клуб отырысының басты тақырыбы: «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында».

 Клубтың сараптамалық талқылауына АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы шиеленістің ушығуы, сауда протекционизмі мен популистік көңіл-күйдің орнығуы, сондай-ақ Иран мен Солтүстік Корея төңірегінде жаңа келіспеушіліктердің бой көрсетуі сынды өзекті мәселелер арқау болмақ.

Әсіресе, Еуразияда ынтымақтастықтың болашақ құрылымын қалыптастыру тақырыбына үлкен көңіл бөлініп, жаһандық қауіпсіздіктің сын-тегеуріндеріне (зымыран-ядролық саладағы бақылаусыз жарыс мәселесі) қарсы тұру жолдарын іздестіруге назар аударылады.

Шара аясында Әлемдік экономика және саясат институты Астана клубының қолдауымен жаһанның жетекші сарапшыларының стратегиялық болжамдарын бағамдаған «Еуразия 2020 үшін 10 басты сын-қатер» рейтингісінің кезекті шығарылымы таныстырылады.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің төрағалығымен өтетін, іс-шараның негізгі өзегі саналатын Клубтың пленарлық отырысында «Үлкен Еуразияны құру: серіктестіктің жаңа үлгісі» тақырыбы қаузалады.

Клуб жұмысын ұйымдастырушылар — Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры мен Әлемдік экономика және саясат институты.

Astana Club отырысы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы Қорының қаржылық қолдауымен өткізіледі.

«Астана клубының» жұмысына дәстүр бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысады.

Бесінші басқосудағы отырыстардың бір бөлігі «Chatham house» ережесіне сай ұйымдастырылады. Яғни талқы жабық сипатта өткізіледі және әлем мен Еуразияның ең өзекті әрі көкейкесті мәселелері ашық көтеріледі.

Осы жылдар ішінде Клуб отырыстарына әлемнің 40 елінен 200-ден астам спикер қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.