Әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру тәртібі зерделенді

453

«Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесіп жұмыссыз азаматтарды әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтамасыз ету барысына мониторинг жасады.
Жамбыл өңірі үшін әлеуметтік жұмыс орындарының жалақысы – 50 000 теңге, оның мемлекет тарапынан сусидияланатын бөлігі – 17 500 теңге, яғни 35%. Демек, әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан әрбір азамат үшін мемлекет 1 жыл немесе 6 ай бойы жұмыс берушіге 17 500 теңге көлемінде қаржы аударып отырады.
Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, 2019 жылы әлеуметтік жұмыс орындарын субсидиялау үшін мемлекеттен 237 010 000 теңге қаражат бөлініп, биылғы 6 айда 1 333 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан.
Әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру тәжірибесін зерделеу барысында сыбайлас жемқорлық көріністерінің туындауына ықпал ететін бірқатар қатерлер анықталды.
Мәселен, әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқандардың өз орнында жұмыс істеп жатқандарын бақылау шаралары жүргізілмейді. Әкімдіктердің жұмыспен қамту орталықтары ай сайынғы міндетті зейнетақы аударылымдарына мониторинг жасаумен және жұмыс берушілерден орындалған жұмыс актілерін алумен ғана шектеледі. Жұмыскерлердің нақты жұмыс істеп жатқанына көз жеткізу мақсатында әлеуметтік жұмыс орындарына барып бақылау жасалмайды. Мұндай жағдай жұмыс берушілердің азаматтарды әлеуметтік жұмыс орындарына формальді түрде тіркеп, мемлекекет қазынасынан ай сайын «өлі жандар» үшін қаражат алып отыруына жол ашады.
Сондай-ақ, субсидия қаражатының мемлекет бюджетінен жұмыскердің емес, жұмыс берушінің есеп-шотына аударылу жүйесі азаматтардың сыртынан жұмысқа орналастырылып, субсидия қаражатын жұмыс берушінің өзі алып отыруына мүмкіндік береді.
Тұрғындарды әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтамасыз ету барысындағы сыбайлас жемқорлық қатерлерінің алдын алу және осы бағытта бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында азаматтарды әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру тәртібіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар әзірленіп, Агенттікке жолданды.

А. Есіркепов

Leave A Reply

Your email address will not be published.