Тараз қаласында өңірлік жастар форумы өтті

901

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы – егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін және халқымыздың игілігін көздейтін тарихи құжат екені айқын. Маңызы зор стратегиялық құжатта жастар мәселесі жан-жақты айтылып, келер жыл – «Жастар жылы» болып бекітілді. Осыған орай, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласында «Бәсекеге қабілетті жастар – жарқын болашақ кепілі» атты өңірлік жастар форумы өтті.

Мәселен, «Қазақстан жастары – білімнен инновацияға дейін» атты секция жұмысында ХХІ ғасырдың білім дәуірі екендігі баса назарға алынып, жастарды заман талабына сай оқыту мәселелері талқыланды. Ал, «Жастар кәсіпкерлігі – экономикадағы стратегиялық ресурс» секциясында сала мамандары жастарға өз кәсібін ашуға қатысты кеңестер беріп, мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдаулар туралы хабардар етті. Өз кезегінде қатысушылар тарапынан да түрлі ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, олар кәсібін ашамын деген жастар үшін несие рәсімдегенде кепіл қою мәселесін жеңілдету мен аймақта іске асырылып жатқан «Jas Project» жобасын келесі жылы да жалғастыру туралы ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ, жастар саясатына қаржы қарастырғанда өңірдегі жастардың санына қарай бөлу туралы ойларын білдірді.
Форум мұнан соң М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың бас ғимаратында өткен пленарлық отырыспен жалғасын тапты. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев, «Жастар» ғылыми зерттеу орталығы аймақтық дамыту және үйлестіру басқармасының басшысы Луйза Узарова, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары мен форум делегаттары қатысты.
Келелі жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен алдымен жиналған көпшілікті алдағы «Жастар жылымен» құттықтап, форумның мән-маңызына тоқталды. Мұндағы негізгі мақсат – мемлекеттік жастар саясатын жергілікті жерде іске асыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың жастармен және жастар ұйымдарымен диалогын, өзара іс-қимылын қамтамасыз ету. Мұнан соң «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Парида Мамедова баяндама жасап, қазіргі таңда адами капитал инвестицияларының аясы кеңейіп жатқандығын тілге тиек етті.
– Жастар – білім беру, өзін-өзі тәрбиелеу, практикалық іс-әрекеттерге, мотивацияға, ақпаратты қабылдау мен қалыптастыруға үйретілген құнды ресурстар жиынтығы ретінде әрекет етеді. Сондықтан, біз қоғамның басты қозғаушы күші болып табылатын жастарды дұрыс тәрбиелеп, нақты бағыт-бағдар беруіміз қажет. Бүгінде жастарға қатысты үлкен мәселенің бірі – мамандық таңдау ісі. Бұл тұрғыда олар көп қиындықтарға тап болуда. Себебі, бүгінде әлемнің өркениет көші уақытпен санаспай даму үстінде. Біз жастарды осыған дайындауымыз қажет, – дейді П.Мамедова.
Сондай-ақ, жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек Елбасы еншілеп берген «Жастар жылында» ұлттық құндылықтарға баса мән беру керектігін сөз етіп, «Қазақстандық жас кім?» деген сұраққа жауап іздеу қажеттігін жеткізді.
– Бүгінгі қоғамға бәсекеге қабілетті жастар қажет. Қазіргі таңда туындап жатқан проблемалардың барлығы осы білімсіздіктен шығуда. Ал, білімді жастың тасада қалмайтындығы белгілі. Сонымен қатар, келер жылы оқушылармен жұмысты күшейту керек. Өйткені, мектептің жоғары сынып оқушылары бүгінгі қоғамға қандай маман қажет екенінен бейхабар. Осылайша мамандық таңдауда жаңылысып, жұмыссыздар қатарын көбейтуде. Жасыратыны жоқ, жастар кез келген нәрсеге оңай жетуге тырысады. Бұл дұрыс емес. Жастарды белгілі бір жетістікке жеткен тұлғалармен кездестіріп, олардың жүріп өткен жолдарын үлгі ету қажет. Тағы бір айта кететін жайт, жастар өз елінің тарихына немқұрайды қарайды. Бұл тұрғыда Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялады. Осы мақала аясында әрбір жас өзі туып өскен жерінің тарихын тереңірек білсе, нұр үстіне нұр болмақ, – дейді У.Болатбек.
Өз кезегінде Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров спортпен шұғылданатындардың дені жастар болғандықтан, «Жастар жылында» оларға бірқатар жауапкершілік жүктеліп отырғанын сезіне білу керектігін баса айтты. Ал, «Жастар» ғылыми зерттеу орталығы аймақтық дамыту және үйлестіру басқармасының басшысы Луиза Узарова Елбасының «Жастар жылын» жариялауы – олардың қоғамдағы алатын орнын нақты анықтау үшін жасалынып отырған қадам екенін тілге тиек етті.
– Расында, келер жыл жастардың ел дамуына елеулі ықпал ете алатындығын дәлелдейтін кезең. Сондықтан олар өз мүмкіндіктерін пайдаланып, әлеуеттерін көрсетуі қажет. Сонда жастарға қолдау да көбейеді. Мәселен, 2015 жыл «Қазақстан халқы Ассамблеясы» жылы деп жарияланып, өңірлерде «Достық» үйлері салынды. Сол секілді келер жылы «Жастар» үйлері бой көтеруі мүмкін. Сондай-ақ, «Жастар жылын» өткізу бойынша әртүрлі жобалар ұсынылып жатыр. Бүгінгі күні мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша «Ел ертеңі – болашақ жастардың қолында» атты жол картасының жобасы әзірленуде. Оның ішінде 11 бағыт бойынша ұсыныстар берілген. Атап айтқанда, жастар үшін инфрақұрылым құру, сапалы білім алу, салауатты өмір салтын нығайту, жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау, қолжетімді тұрғын үй жүйесін жүйелеу, құқықтық мәдениет деңгейін көтеру, патриоттық сезімді нығайту, дарынды жастарды қолдау, жастар үкіметтік емес ұйым жұмыстарын дамыту және жастар бұқаралық ақпарат құралдарының беделін көтеру. Алдағы уақытта осы мәселелер баса назарға алынатын болады, – деді Луиза Узарова.
Форумда облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев Мемлекет басшысы қашанда жастарға ерекше сенім арта отырып, олардың жағдайын жақсартуға баса көңіл бөліп келе жатқандығын алға тартты.
– Кезекті Жолдауда келер жылды «Жастар жылы» деп белгілеу – Елбасының жастарға деген қамқорлығының тағы бір көрінісі. Жастардың болашағын ойламаған мемлекеттің келешегі бұлыңғыр екені даусыз. Сондықтан, Елбасы осыған баса назар аударып отыр. Осы жылы жастарға қатысты түйткілдердің түйіні тарқатылуы тиіс. Облысымызда жастар аймақ халқының 21 пайызын құрайды. Бұл – үлкен күш. Сол себепті, еліміздегі қандай да бір бастаманың басында жастардың жүруі заңдылық. Жолдаудың мақсат-міндетін жіті түсініп, сол бағытта жұмыс атқару қажет. Ол үшін, әрине, жастар бәсекеге қабілетті екендіктерін көрсетуі керек, – деген Мұратхан Жүнісәліұлы облыстағы мемлекеттік жастар саясатының дамуына қосқан үлестері үшін бірқатар жастарды «Алғыс хаттармен» марапаттады.
Форум соңында қазан-қараша айларында басқарманың ұйымдастыруымен өткен «Made in Taraz», «Жас ғалым – 2018» және «Жас кәсіпкер: жыл таңдауы – 2018» облыстық байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Сонымен қатар, әр салада жемісті еңбек етіп жүрген жастарға ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының «Алғыс хаттары» табыс етілді.
Өңірдегі мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуына қатысты қозғалған мәселелер бойынша тиісті шешімдер нақтыланып, арнайы Үндеуі қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.