Байзақтағы жібек жолы қайта жанданды: Жамбылда отандық жібек өндірісі дамып келеді

95

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Жібек жолы ауылында кезінде тоқтап қалған жібек шаруашылығы қайта жанданып, жаңа даму кезеңіне қадам басты. Бүгінде өңір кәсіпкерлері жібек құртын өсіріп қана қоймай, одан дайын өнім шығаратын толық циклді өндірісті қалыптастыруға күш салуда.

Кезінде Ұлы Жібек жолының бойында дамыған дәстүрлі кәсіптің бірі – жібек шаруашылығы. Алайда соңғы бірнеше онжылдықта бұл сала елімізде мүлдем тоқырауға ұшыраған еді. Енді араға 30-40 жыл салып, Байзақ ауданындағы Жібек жолы ауылында ата кәсіп қайта жаңғырып отыр.

Қазіргі таңда ауылдағы арнайы кешенде 120 мыңнан астам жібек құрты өсірілуде. Бұл жобаны облыс кәсіпкерлері бірлесіп құрған кооператив жүзеге асыруда. Олар екі жыл бұрын Самарқандтан арнайы тұқым әкеліп, 40 гектар алқапқа тұт ағаштарын отырғызған. Бүгінде сол еңбектің алғашқы нәтижелері көріне бастады.

Кәсіпкер Талғат Дәуітбаевтың айтуынша, жібек құртын өсіру ерекше күтімді қажет етеді.

– Жібек құрты өсетін бөлмеде тұрақты түрде шамамен 25 градус жылылық сақталуы керек. Ең бастысы – тұт жапырағымен үздіксіз қамтамасыз ету. Ауыр жұмыс болмаса да, тұрақты бақылау мен күтімді талап етеді, – дейді ол.

Мамандардың айтуынша, салмағы небәрі 0,3–0,4 миллиграмм болатын жібек құрты қысқа мерзім ішінде бірнеше мың есе өсіп, 3–4 грамға дейін жетеді. Кейін ол өз айналасына мың метрге жуық жібек жібінен тұратын піллә орайды. Дәл осы піллә кейін сапалы табиғи жібек өндіруге негіз болады.

Бүгінде жергілікті шеберлер жібектен әртүрлі бұйымдар әзірлеуді қолға алған. Табиғи талшықтан тоқылған киімдер мен сәндік бұйымдар жоғары бағаланып, нарықта сұранысқа ие болуда.

Солардың бірі – шебер Айнұр Нұрбаева. Ол таза жібектен ерекше авторлық образ дайындап, халықаралық деңгейде таныстыруды мақсат етіп отыр.

– Бұл жұмысты үш ай бойы дайындадым. Матаның өзі таза жібек. Оны өз қолыммен боядым. Өткен жылы Самарқандқа барып, жібекті өңдеу мен бояудың қыр-сырын үйреніп келдік. Бұл образды әлемдік аренада көрсету үшін әзірледім. Қазақтың қолөнері мен табиғи жібегін халықаралық деңгейде таныстыру – басты мақсатым, – дейді шебер.

Аталған туынды Парижде өтетін халықаралық байқауда таныстырылып, қазақ мәдениеті мен қолөнерінің әлеуетін әлем жұртшылығына паш етпек.

Жібек өндірісін ұзақ жылдан бері зерттеп келе жатқан кәсіпкер Сәлима Үспәлиева бұл бастаманың еліміз үшін маңызы зор екенін айтады. Оның сөзінше, бұған дейін отандық тоқымашылар қажетті жіпті негізінен Ферғана мен Пәкістаннан алдырған.

– Қазақстанда жібек өндіруді алғашқылардың бірі болып қолға алып отырмыз. Қазір барлық жұмысты қолмен атқарамыз: пілләні өңдейміз, жіп иіреміз, жіп дайындаймыз. Алдағы уақытта жібек жібінің бірнеше түрін шығарып, оны әрі шикізат, әрі дайын өнім ретінде сатуды жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер.

Жобаның бастауында еңбек ардагері Мария Ибраимова тұр. Оның бастамасымен қолға алынған өндіріс бүгінде жылдан-жылға кеңейіп келеді. Биыл 200-300 келі көлемінде піллә алу жоспарланса, келесі жылы өнім көлемін бірнеше тоннаға жеткізу көзделген.

Жобаның әлеуметтік маңызы да ерекше. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өндіріс толық қуатында жұмыс істеген жағдайда 300-ге жуық ананы тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Алайда әзірге бұл кәсіпке қызығушылық танытып отырған тұрғындар саны көп емес.

Соған қарамастан, Байзақ ауданында қайта жанданған жібек шаруашылығы ауыл экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ұлттық бренд қалыптастыруға жол ашып отыр. Егер жоспарланған жобалар толық жүзеге асса, Жамбыл өңірі алдағы жылдары Қазақстандағы жібек өндірісінің негізгі орталықтарының біріне айналуы әбден мүмкін.

 baq-orda.kz.

Leave A Reply

Your email address will not be published.