Үкімет басшысы қандай ауылға кеңжолақты Интернет тартылатындығын айтты

576

Қазақстанның әрбір ауылына кеңжолақты Интернет тартуға қаражатымыз жетпейді. Бұл туралы бүгін «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты.

«Бізде де үлкен проблема бар. Аумағымыз өте үлкен, жер көлемі бойынша әлемде 9-ші елміз. Халық саны өте аз, шашыраңқы қоныстанған. Қазақстанда 7 мыңдай елді мекен бар. Егер біз олардың әрқайсысына кеңжолақты Интернет жеткізетін болсақ, онда оған ақшамыз жетпейтін еді. Соңғы ауылға жеткізгенімізше технология да өзгеріп кетуі мүмкін. Қажеті де болмай қалуы ықтимал», — деді ҚР Үкімет басшысы.

Осы орайда Премьер-Министр ауылдарға Интернет жеткізудің өзге жолын таңдағанын баса айтты.

«Біз тірек ауылдарды дамытатын боламыз. Бізде олардың саны мыңнан асып жығылады. Олар ең бірінші кезекте дамытылып, ең алдымен кеңжолақты Интернетке қол жеткізетін болады. Жұмысты бастап та кеттік, 2021 жылы аяқтаймыз. Біздің осындай ауқымды міндетіміз бар, оны жылдам шешуіміз қажет», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, форумның цифрлық экономиканы дамытудың жаһандық трендтері талқыланған жалпы отырысына қатысқан Премьер-Министр «Digital Bridge» үлкен байланыстар жасалатын алаңға айналатындығын Қазақстан тек қана цифрлық күн тәртіппен өмір сүріп жатқанын айтқан еді.

Digital Bridge — Қазақстандағы биылғы жылы өтіп отырған басты инновациялық оқиға.


inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.