Қордайдағы қордаланған мәселелер кезең-кезеңімен шешімін таппақ

482

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Қордай ауданында жұмыс сапарымен болды. Аудан активімен өткізген жиында өңірдегі жыл басында тапсырылған индикаторлардың орындалу барысы бүге-шүгесіне дейін талқыланды.

Рас, ауданның алты айдағы əлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштері көңілге қонымды. Алайда, өңір экономикасының драйвері саналатын ауылшаруашылығы, кəсіпкерлік пен білім салаларында бірқатар кемшіліктерге жол берілген. Мәселен, ауыл шаруашылығы бойынша бекітілген 30 индикатордың 7 орындалмаған. Қордайлық шаруалар қызылша мен майлы дақылдарды егуді құнттамай келеді. Сондай-ақ, сүт бағытындағы шаруашылықтарының саны жыл санап еселене түскен өңір шаруалары өз өнімдерін осындағы  жалғыз кəсіпорынға өткереді. Оған қоса ауданның сүт өнімдеріне деген сұранысын Алматы мен Бішкек қалаларының кəсіпорындары арзан бағамен қамтамасыз етеді. Нәтижесінде жергілікті өнімге деген сұраныс жоғалған. Өз кезегінде облыс əкімі бұл мәселені реттеуді уақыт оздырмай қолға алып, нарыққа әуелі қордайлық кәсіпорындардың  өнімін шығару жолдарын жан-жақты қарауды тапсырды. Әзірге жергілікті билік бұл бағыттағы шаруаны тиісті деңгейде үйлестіре алмауда. Сонымен бірге, бес ай бұрын  мемлекеттік мекемелерді орналастыру үшін бос ғимараттарды табу бойынша нақты тапсырма алған әкімдік әлі күнге талаптың үдесінен шығатын сыңай танытпай отыр.

Агросекторды қаржылай қолдау шараларында да қордаланған мәселе көп. Аудандағы егістікпен айналысатын 1500 шаруашылықтың небәрі 8-і ғана несие алуға өтініш берген. Сәйкесінше, бұл шаруаларға қаржылай қолдау шаралары жайында толыққанды ақпарат ұсынылмағандығын аңғартады.

Сондай-ақ жиын барысында бос жатқан жер телімдерін игеру, жаңа мектеп құрылысына жасалған жобалық сметалық құжаттардың бағасын оңтайландыру  жайы да сөз болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.