Бұқараның бос уақытын тиімді пайдалануы басты назарда

384

Қазіргі уақыттта жарияланған төтенше жағдайға байланысты Облыстық халық шығармашылығы орталығы тарапынан атқарылған шаралар легі тоқтаған жоқ. Меркелерде мекеме мамандары видеопозиялармен, түрлі роликтер арқылы халықты құттықтап, көтеріңкі көңіл күй сыйлауда.

Төтенше жағдай жариялануы себепті Облыстық халық шығармашылығы орталығы онлайн жұмысқа көшкен сәттен бастап арнайы жұмыс жоспарын әзірледі. Жоспар бойынша бұқарының бос уақытын тиімді пайдалануына ықпал етіп, мәдени-тынығу жұмысын ұйымдастыру болатын. Осы ретте қазақ халқының ұлттық өнері саналатын асыл мұрамыз айтысты айтуға болады. Өңірден шыққан танымал айтыс ақындарының арасында онлайн айтыс өтуде. Бүгінгі таңға дейін әлеуметтік желі арқылы көпшілік назарына Жуалы ауданының ақыны Дидар Апбасов пен Меркілік Мұқағали Балтабайдың, Жамбыл ауданының айтыскері Нұрлыбек Құрманов пен Тараз қаласының намысын қорғап жүрген Медеу Мырзатайдың және таластық ақын Есет Досалы мен Байзақ ауданының ақыны Бақытжан Әкімбаевтің жыр додасы ұсынылды.

Сөз маржанын кестелеген ақындардың өнерінен қазіргі уақыттағы төтенше жағдайға байланысты халыққа жігер беретін, бірлік пен сабырлыққа шақыратын өлең өрнегін аңғаруға болады. Аудандардағы халықтық атағы бар өнер ұжымдарының шығармашылығы да көрермен назарынан тыс қалмады. «Өнер – көзі халықта!» атты екі аптаға жоспарланаған ауқымды шарада шалғайдағы өнер ұжымдарының репертуарынан спектакль, ән-би, өзге де іс-шаралар күн сайын тұрақты түрде кешкі сағат 18:00 де әлеуметтік желі арқылы көрермен назарына ұсынылып келеді.

Халықтың бос уақытын тиімді пайдалануына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылып жатқан іс-шараның бірі «Әулиеата бояулары» онлайн көркемсурет галереясы. Мұнда облыстың абыройын сурет өнерінде республикалық және халықаралық байқауларда асқақтатып жүрген талантты суретшілердің сапалы туындылары видео-слайд түрінде көрермен назарына ұсынылуда. Аталмыш шаралар легі алдағы уақытта да толастамақ емес.

Сондай-ақ, Ұлы жеңістің 75 жылдығына орай «Жеңістің жасампаз әндері!» атауымен әскери патриоттық әндерді орындаушылар арасаында онлайн байқау жарияланғандығын хабарлаймыз. Байқау жөнінде немесе оқырманды қызықтырған мекеме тарапына қатысты өзге де сұрақтар болса Облыстық халық шығармашылығ орталығының әлеуметтік желідегі (фейсбук: Облыстық халық шығармашылығы орталығы; инстаграм: zhocnt) парақшаларына хат жолдап, хабарлама қалдыруларыңызға болады.

Мәдени-тынығу мақсатында жасалып жатқан жұмыстар бүгінде жүйелі. Алдағы уақытқа да ауқымды іс-шаралар жоспарланып, шығармашлық құрам толықтай қашықтықтан жұмыс жасауда. Әсіресе халықты сабыр мен бірлікке, жақсылыққа, билік тарапынан қойылған талапқа құлақ түріп, үйде қалуға үндейтін бейнероликтер мен челлендждер және онлайн поэзиялар мен жыр додалары, байқаулар мен жарыстар өткізіле бермек.

 

Облыстық халық шығармашылығы орталығының редакторы Елдар Боранбек

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.