Үлкен жетістік пен зор мақтаныш

78
Бүгін еліміздің барлық мектебінде соңғы қоңырау соғылды
Биыл 215 мыңнан астам түлек үлкен өмірге қадам басты.
Уақыттың қалай зымырап өткенін кейде мектеп дәлізіндегі соңғы қоңырау ғана аңғартып жатады.
Соңғы қоңырау — мектеп бітірушілер үшін жай ғана мереке емес. Ол — балалық шақпен қоштасу. Кеше ғана мектеп табалдырығын именіп аттаған балақайлардың бүгін бойжетіп, азамат болып, өмір жолына қанат қағып бара жатқанын көру — ұстаз үшін ерекше сезім.
Бүгін мыңдаған жас түлек үшін ерекше әрі толқынысқа толы күн. «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» салтанатты іс-шарасы аясында мектеп бітірушілері алтын ұясымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басуда.
Шынын айтқанда, «соңғы қоңырау» деген атаудың өзінде терең мағына бар сияқты. Өйткені бұл — мектептегі соңғы қоңырау болғанымен, өмір атты үлкен сапарға шақыратын алғашқы қоңырау. Осы қоңыраудан кейін әр түлек өз тағдырының иесіне айналады. Бірі дәрігер, бірі мұғалім, бірі инженер, бірі кәсіпкер болады. Ал, кейбірі өмірдің өз мектебінен үлкен сабақ алады.
Кейінгі жастарға жүрген жолы, ісі үлгі өнеге болар талай тарлан Талас төрінен білім алып, түлеп ұшты.
Осындай тарихи шара бүгін Талас ауданында көрініс тапты.
Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков бүгін Қаратау қаласында орналасқан Д.Қонаев орта мектебінің түлегі, Композитор, жазушы, суретші, Қазақстанның және Қырғызстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Ілия Жақановты күтіп алып, түлектерге жүрек жарды тілегін айтты.
📍Ілия Жақанов – қазақ ән өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған бірегей тұлға. Оның шығармашылығы терең лиризммен, ұлттық рухпен және көркемдік биігімен ерекшеленеді. Сазгердің әндері халық жүрегінен орын алып, бірнеше буынның рухани азығына айналды. Сонымен қатар, ол әдебиет саласында да өнімді еңбек етіп, қазақ мәдениетінің дамуына зор үлес қосты.
🗞️Өнер иесінің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы ел жадында мәңгі сақталмақ. Оның еңбектерінің маңыздылығын айқындайтын тағы бір дәлел – Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде Ілия Жақановтың жеке қорының сақталуы. Бұл қорда сазгердің қолжазбалары, ноталары, хаттары мен тарихи құжаттары жинақталған, яғни болашақ ұрпақ үшін баға жетпес мұра.
📄Ілия Жақановтың аталған мектепті бітіргеніне биыл 60 жыл. Оның шығармалары әлі талай ұрпаққа рухани шабыт сыйлай беретіні сөзсіз.
Осылайша біздің ауданымызда ерекше қуанышқа толы тарихи соңғы қоңырау өтті.
Қазақ руханиятының көрнекті өкілі Ілия Жақановтың біздің ауданда білім алуы, бұл – үлкен жетістік пен зор мақтаныш.

Leave A Reply

Your email address will not be published.