Душанбе қаласында «Тұрақты даму үшін су» (2018-2028 жж.) халықаралық іс-қимыл онжылдығына арналған төртінші жоғары деңгейлі халықаралық конференция аясында ұйымдастырылған трансшекаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі форумға қатыстым.

Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы ведомстволары басшыларының қатысуымен өткен министрлік диалогында әріптестеріммен трансшекаралық су ресурстарының тұрақтылығын арттыру, цифрлық шешімдерді енгізу, климаттың өзгеруіне бейімделу және өзен бассейндері деңгейінде су ресурстарын басқару тетіктерін жетілдіру мәселелерін талқыладық.

Өз сөзімде Қазақстанның Өзбекстанмен бірлесіп Сырдария өзені бассейнінде су есебін автоматтандыру бағытында атқарып жатқан жұмысына тоқталып, мұндай шешімдерді өңірлік деңгейде одан әрі ілгерілетудің маңызын атап өттім.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған БҰҰ жүйесі аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасының маңыздылығын атап өттім. Бұл бастама халықаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және су қауіпсіздігі саласында әлемдік қауымдастық күшін біріктіруге бағытталған.