Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Азаматтық қоғам және мемлекет: әріптестік пен жауапкершілік» тақырыбында облыстық форум өтті. Жаңадан ашылған Азаматтық орталық кеңсесінен бастау алған өңірлік форум жұмысы ең алдымен пікірсайыс алаңдарынан басталды. Шараға облыстағы барлық аудандарда қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, қоғамдық кеңестер, саяси партиялар және кәсіподақ мекемелерінің мамандары қатысты.
Форумның ашылу салтанатында әуелі жергілікті басқарушы орган, үкіметтік емес ұйымдар және кәсіпкерлер арасында үшжақты меморандумға қол қойылып, облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали алғы сөз сөйледі. Басқарма басшысы мұндай жиындар билік пен азаматтық сектордың арасындағы байланысты бекіте түсетіндігін тілге тиек етіп, форумнан үлкен нәтиже күтетіндігін жеткізді.
Бұдан кейін бес топқа бөлінген үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік қызметшілер жергілікті жерден бөлек, өзге өңірлерден келген лекторлардың дәрісін тыңдады. Атап айтсақ, өскемендік «ЗУБР» консалтинг орталығының директоры Виталий Кулик «Ұйымның бәсекелестік факторлары» тақырыбында «Case-study» семинарын өткізсе, ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төраға орынбасарының міндетін атқарушы Гүлбара Сұлтанова «Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы жаңа заңнаманың негізгі қағидалары» тақырыбында оқыту семинарын жүргізді.
Бұдан бөлек, «Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нилзия Рақышева жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуындағы қоғамдастықтың рөлі төңірегінде ауылдық округ әкімдеріне шеберлік сыныбын жүргізсе, «Береке» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директорлары Алина Джунузбекова мен Гүлсім Андабаева «Үкіметтік емес ұйымдардағы менеджмент – өңірлерді тұрақты дамытудағы жұмыс тиімділігі» тақырыбында дәріс оқыды.
Осы орайда, айта кетерлігі «Жамбыл облысы коммерциялық емес ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айнұр Заурбекованың «WorkShop» үлгісіндегі дәрісі өте әсерлі шықты. Бірлестік төрайымы қатысушылармен еркін форматта әңгімелесіп қана қоймай, бүгінгі сот жүйесі, медиация, тауар және ақша айналымы төңірегінде түрлі интелектуалды ойындар мен сауалнамалар жүргізіп, көпшілікті қызықтыра түсті.
Сондай-ақ, бұл күні жергілікті мемлекеттік орган басшыларының үкіметтік емес ұйымдармен кездесулері де ұйымдастырылды. Төрт кезеңнен тұрған басқосуларға облыс әкімдігіне қарасты басқармалар мен департамент басшылары шақырылып, олар азаматтық сектор өкілдерімен түрлі мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті.
Түс ауа форум жұмысы пленарлық отырыспен жалғасты. «ARAI PLAZA» бизнес орталығында өткен жиынды облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали жүргізіп отырды. Пленарлық отырысқа спикер ретінде шақырылғандардың ішінен ең алғашқы сөз облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке беріліп, ол мемлекеттің азаматтық сектормен өзара әрекеттестігі және азаматтық қоғам институттары қызметін арттыру төңірегінде ой қозғады.
-Бүгінгі қоғамда үкіметтік емес ұйымдардың орны ерек. Қазір мемлекеттік саясаттың негізі азаматтық қоғам институтын қалыптастырып, нығайту болып отыр. Бұның артында Үкіметтің қоғамдық бірлестіктердің жұмысын тиімді пайдалану ұстанымы жатыр.
2003 жылдан бері дәстүрлі ұйымдастырылып келе жатқан үкіметтік емес ұйымдардың форумына бүгінде шетелдік және халықаралық ұйымдар назар аударып, қызығушылық танытуда. Осы орайда, Азаматтық форум мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара пікір алмасатын ашық алаңына айналғанын айта кеткен жөн. Бүгінгі басқосу сонысымен де ерек.
Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі:табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің санын 30 пайызға қысқартып, қалғандарының жалақысын өсіруді тапсырғаны баршаңызға мәлім. Ал, қызметтен босаған азаматтар азаматтық ұйымдарға жұмысқа баратыны белгілі. Сондықтан бұл мәселеге мән беріп, қазірден үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жүйелеуіміз керек. Бүгінгі форумның да басты мақсаты осы, — деді Бекболат Серікбекұлы.
Бұдан кейін сөз алған Қазақстан Азаматтық альянсының вице-президенті Мұсағали Дуамбеков форум жұмысын жоғары бағалады.
-Мені әркез туған топырақ тартып тұрады. Сондықтан Тараз десе, өскен өлкеме асығамын. Осымен сегізінші рет ұйымдастырылып отырған форум Жамбыл жеріне де жетті. Бүгінгі шараға өзімнің көңілім толықтай толып отыр.
Қазір Елбасы көп күшті Азаматтық қоғамды дамытуға жұмсап жатыр. Бұл барлық елдерде жүріп жатқан саясат. Әлем сарапшыларының жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстандағы шенеуніктердің саны, Жапония мемлекетіне қарағанда сегіз есе көп екен. Шағын ғана мемлекет сонда үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына басымдық беріп, ел экономикасын қарыштап дамытуда. Міне, осы мақсатты көздеген Ұлт көшбасшысы да мемлекеттік қызметшілерді қысқарту арқылы, азаматтық сектордың әлеуетін көтермекші. Тағы бір мысал, Германия мемлекетінің Берлин қаласында 5 миллион халық тұрып жатса, соның 8 мыңы ғана мемлекеттік қызметші екен. Қалған адамдардың барлығы күнделікті аула сыпыру, көшенің тазалығын бақылау сынды қоғамдық жұмыстармен айналысады. Немістер одан жаман болып жатқан жоқ. Керісінше жұмыс күшін ұтымды пайдаланып жатыр. Осы саясатқа біз де бет бұрып, әрбір қоғамдық бірлестіктің жұмысын тиімділігіне қарай айқындауымыз қажет.
Алдағы қараша айының аяғына қарай Астана қаласында үкіметтік емес ұйымдардың республикалық форумы өтеді. Жамбыл облысына келген біздің басты мақсатымыз осы республикалық форум алдында өңірлердегі қоғамдық бірлестіктердің жұмысын зерделеу. Қолда бар мәліметке сүйенсек, Жамбыл облысында 963 үкіметтік емес ұйым бар болса, соның тек 200-ге жуығы ғана жұмысын жүйелеп отыр. Сондықтан саннан гөрі, сапаға мән беріп, өңірлердегі қоғамдық бірлестіктердің тірлігін тіктеуді мақсат тұтып отырмыз , — деді Қазақстан Азаматтық альянсының вице-президенті.
Өз кезегінде мінбеге көтерілген Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының директоры Нұрлан Өтешов үкіметтік емес ұйымдарға мемлекет тарапынан берілетін гранттар жайында сөз қозғап, ол қаржыға қол жеткізу жолдарын жан-жақты түсіндірді.
Ал, «Жамбыл облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланыс хақында әңгіме өрбітіп, әлеуметтік жобаларды жариялауға келгенде телеарналар мен мерзімді басылымдар жеңілдіктер қарастыруы қажеттігін ұсынды. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктерді елге танымал, тәжірибесі мол азаматтар ашса деген ұсынысын да жеткізді.
Дәл сондай, «Жамбыл облысы коммерциялық емес ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айнұр Заурбекова да үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру үшін әлеуметтік желілерді кеңінен қолдану, қоғамдық бірлестіктер арасында өзара ұжымдық жұмыстар жүргізу сынды бірқатар ойларын ортаға салды.
Бұдан бөлек, форум барысында «Асыл-Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев пен «АРСМИ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жанна Мамашева да сөз алып, өздері басқарып отырған үкіметтік емес ұйымдардың атқарған жұмыстары мен жеткен жетістіктерін баян етті.
Форум соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Серікбекұлы азаматтық қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар тұлғаларға облыс әкімінің Құрмет грамотасын және Алғыс хатын табыс етті.
«Азаматтық қоғам және мемлекет: әріптестік пен жауапкершілік» тақырыбындағы облыстық форумның қорытындысы Өңірлік коммуникация қызметі алаңындағы брифингте шығарылды. Баспасөз мәслихатында ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төраға орынбасарының міндетін атқарушы Гүлбара Сұлтанова, Қазақстан Азаматтық альянсының вице-президенті Мұсағали Дуамбеков және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының директоры Нұрлан Өтешов форумнан алған әсерлерімен бөлісіп, облыста өзге өңірлерде жоқ ақсақалдар корпусының қалыптасқанына және мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамдық бірлестіктер тарапынан көп қолдау көрсетіліп жатқандығына дән ризалықтарын білдірді. Сондай-ақ, 27-28 қарашада Астана қаласында өтетін республикалық форумға 800 адам шақырылғанын, оның 500-і өңірлердегі делегаттар екенін құлағдар етті. Және Жамбыл облысынан келетін делегаттар Азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі жаңа тұжырымдаманы қабылдауға өлшеусіз үлес қосатындықтарына үмітті екендерін жетізді.
Баспасөз мәслихатын түйіндеген облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли облыста үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жолға қойылғанын тілге тиек етіп, Азаматтық орталық кеңсесінің ашылуы сынды ұзақ мерзімді жобалардың аз емес екенін хабардар етті. Және азаматтық секторды дамытуға жамбылдықтар жұмыла күш салатындығын баса айтты.