ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР ҚОЛДАУДАН КЕНДЕ ЕМЕС

13
Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен кездесті. Әуелі Қайрат Әбілханұлы басқосудың маңыздылығына кеңінен тоқталды.
– Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдардың іскерлік және сапалық деңгейі жаңа белестерге көтеріліп, қоғам үшін аса маңызды және іргелі салаға айналды. Үкіметтік емес сектор әлеуметтік мәселелерді шешуде және азаматтық бастамаларды жандандыруда мемлекеттің сенімді әріптесі болып отыр.
Мемлекет тарапынан азаматтық сектормен өзара әрекеттестікті нығайту және азаматтық қоғам институттарының қызметін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Айталық, биыл үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында қалалық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, әлеуметтік зерттеу, талдау, тұрғындардың қажеттіліктерін бағалау және үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстарын жинақтау негізінде азаматтарға нақты қызмет көрсету бойынша 17 лот тақырыбы қамтылды. Оның ішінде гендерлік теңдік мәселесін шешу, жастар саясатын қолдау, әлеуметтік көмек көрсету, отбасы институтын нығайту сияқты және тағы да басқа да бағыттарда жобалар енгізілді, – деген Қ.Исмаил бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасатынын жеткізді.
Келесі кезекте Жамбыл облысы Азаматтық Альянсының төрағасы Исламбек Дастан, «Қазақстандық Бочча федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облысы бойынша филиалының төрайымы Меруерт Ерсай және «Коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айнұр Заурбековалар сөз алып, азаматтық секторды дамыту бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Басқосу соңында бірқатар үкіметтік емес ұйымның жетекшілеріне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.
Осы ретте айта кетерлігі, бүгінде қалада 532 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың 380-і – қоғамдық бірлестіктер, 126-сы – қоғамдық қорлар, ал 26-сы – заңды тұлғалар бірлестігі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.