Үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты мәселенің нүктесін қойды

39
Үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты мәлімдеме жасады.

Премьер-министр Олжас Бектенов айтуынша, уақыттың ауысуы ғылыми тұрғыдан дұрыс шешім.

«Біз бірыңғай уақыт белдеуіне бекерден бекер ауысқан жоқпыз. Ел аумағының көп бөлігі 5-уақыт белдеуінде орналасқан. Ел аумағының басым бөлігі 5-ші уақыт белдеуінде орналасқан. Бұрынғы UTC+6 уақыт белдеуі алғаш рет 1930-1931 жылдары «Белдеу уақыты + бір сағат» формуласы бойынша декреттік уақытты қолдану арқылы енгізілді. UTC+5 еліміз үшін жаңа уақыт белдеуі емес, керісінше, тарихи негізделген уақытқа оралу. Сондықтан бұл ғылыми тұрғыдан дұрыс шешім. Сауда және ақпарат министрліктеріне жан-жақты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», — деді ол.

Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның 5-ші уақыт белдеуіне көшуінің артықшылықтары туралы баяндады. Министр шешім қабылдау кезінде Парламент депутаттары, мемлекеттік және жергілікті органдардың өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, институттар мен қоғамдық бірлестіктер кіретін уақытты есептеу тәртібі бойынша арнайы құрылған ведомствоаралық жұмыс тобының есебінде көрсетілген ғылыми негізделген дәлелдер пайдаланылғанын атап өтті.

Табиғи уақыт жақтаушыларының халықаралық альянсы (IANT) Үкіметтің Қазақстанның орталық және шығыс облыстары үшін географиялық бойлыққа сәйкес келетін және халық үшін оңтайлы шешім болып табылатын UTC+5 уақыт белдеуін белгілеу туралы шешіміне оң қорытынды берді.

«Қазақстанда уақыт есептеу жүйесінің қалыптасу тарихы алдыңғы уақыт белдеуі UTC+6 алғаш рет 1930-1931 жылдары декреттік, яғни “бұйрықтық” уақытты («уақыт белдеуі+бір сағат») қолдану арқылы енгізілгенін көрсетеді. Аумақтардың көп бөлігі іс жүзінде 5-ші уақыт белдеуінде жатқанына қарамастан. Жалпы, советтік кезеңде Қазақстанда командалық-жоспарлы экономика мүддесі үшін табиғи уақыт белдеуі бұйрық тәртібімен 8 рет өзгерді. Нәтижесінде Қазақстан табиғи циклге сәйкес келмейтін уақыт белдеулерінде тұрды. Осылайша, UTC+5 біздің еліміз үшін жаңа белдеу емес, тарихи негізделген уақытқа оралу болып саналады», — деп атап өтті Арман Шаққалиев.

UTC+5 уақыт белдеуі еліміздің халқының 76%-дан астамы тұратын (15 млн 240 мың адам) Астана, Алматы, Петропавл, Өскемен, Шымкент, Семей және Павлодар қалаларын қоса алғанда, 67,5-тен 82,5 градусқа дейінгі бойлықтарды қамтиды.

Бүгінгі таңда әлемнің 195 елінің 117-сі географиялық уақытты стандартты уақыт белдеуіне мүмкіндігінше жақын етіп таңдады, өйткені адамның циркадты ырғағы табиғи күндізгі кезеңмен синхрондалады. Осылайша, уақыт белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешім ғылыми негізделген және экономикалық тұрғыдан орынды саналады, деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Қазір ел аумағында 5-уақыт белдеуі (UTC+5) қолданылады.

Фото: Pixabay

https://nege.kz/news/ukmet-bringay-uakit-beldeune-katisti-maselenn-nuktesn-koydi-14c87e

Leave A Reply

Your email address will not be published.