Жылыту маусымына дайындық барысы қаралды

70
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен штаб отырысында елді мекендер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтардың алдағы жылыту маусымы мен қысқа дайындық барысы пысықталды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұңғатов хабарлама жасады.

Облыста 9 негізгі жылу энергетика кешені, 593 автономды қазандық бар. Олардың көмегімен 1 737 әлеуметтік нысан және 1 649 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі.

Ағымдағы жылы жылыту маусымына дайындық іс-шараларына 26,8 млрд.теңге бөлінді.

Өңірде 350,7 шақырым жылу желісі бар.
Биыл Тараз, Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларындағы 16,2 шақырым жылу желісіне қайта жаңғырту, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын атқару көзделген.

Бүгінде тек Тараз қаласы М-1 жылу магистралінде жұмыстар жалғасуда.

Алдағы жылыту маусымына 206,1 мың тонна көмірдің қажеттілігібар деп есептелген. Бүгінде қатты отынды тасымалдау жұмыстары кестеге сәйкес жүруде.

Облыстағы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1 649 көпқабатты тұрғын үйдің 94 пайызы жылыту маусымына дайын.

Басқосуда жауаптылар алдағы жылыту маусымына дайындық шаралары мен атқарылған жұмыстардың нәтижелері бойынша есеп берді.

— Өткен жылғы қыстың тосын мінезін барлығымыз көрдік. Жауапты мекемелердің дайындығы қандай деңгейде екені белгілі болды. Өткеннен сабақ алуға тиіспіз. Жанар-жағар май қоры, қар тазалайтын техникалардың дайындығы үнемі бақылауда болуы тиіс. Жоғары деңгейдегі дайындық және жылдам әрекет ету – адами және қаржылық шығындарды болдырмаудың бірден бір жолы, – деді облыс әкімі.

Ербол Қарашөкеев төтенше жағдайлар департаментінің басшысына Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің қыс мезгіліне дайындығын қазан айында жіті тексеруді талап етті.

— Қыс – адамның салғырттығын кешірмейді. Жылу желілері үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Жылыту маусымында орталық қазандықтар мен әлеуметтік нысандарда жеткіліксіз дайындық әсерінен төтенше жағдай орын алса жауапкершіліктеріңіз жеке қаралады, – деп атап өткен өңір басшысы дайындық жұмыстарын күшейтуді ескертті.

Жиын қорытындысы бойынша жауапты тұлғалардың алдына нақты міндеттер қойылып, сапалы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.