Бүгін ауданымызда дәстүрге айналған «Жыл үздіктері» салтанатты шарасы өтіп, түрлі салада қажырлы еңбегімен көзге түскен азаматтар мен ұжымдар арнайы марапаттарға ие болды.

Ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, кәсіпкерлік, мемлекеттік қызмет және басқа да салалар бойынша озық көрсеткіштерімен ерекшеленген үздіктер аудан әкімі Асқар Естібаевтың дипломы және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ, жыл қорытындысымен көп жылдар бойы ауданымыздың дамуына сүбелі үлес қосып келген жерлестеріміз «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

-«Жыл бойы аянбай еңбек етіп, қызметіне адал болған азаматтардың еңбегінің еленуі — ауданымызда қалыптасқан жақсы дәстүр. Бұл – жауапкершіліктің, кәсібиліктің, іскерліктің нәтижесі.
Бұл марапат — құрмет қана емес, келер күнге жігер мен сенім сыйлайтын үлкен жауапкершілік»- деп, өз құттықтауын жеткізген Асқар Сұлтанұлы, барша үздік атанған сала мамандарын марапаттарымен құттықтады.
Сонымен қатар, жыл қорытындысы бойынша ұйымдастырылған салтанатты шарада ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков, «Аманат» партиясының Түркістан облысы филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев аудан тұрғындарын мерекелерімен құттықтап, сала үздіктерін алғыс хаттармен марапаттады.


ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІН МАРАПАТТАРЫМЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
Түлкібас ауданының баспасөз қызметі