Жұмысшы мамандықтарының мәртебесі біртіндеп артып келеді – Ерлан Қарин

73

Жұмысшы мамандықтарының мәртебесі біртіндеп артып келеді – Ерлан Қарин

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар, білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Осы орайда ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин осы заң турасында, әсіресе жұмысшы мамандықтарының мәртебесі туралы өз ойын ортаға салды.

«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөздерінде еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын дәріптеу қажеттігі туралы үнемі айтып жүр.

Елімізде жұмысшы мамандықтарының мәртебесі біртіндеп артып келеді. Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы кезең-кезеңімен өсіп жатыр. Өндіріс озаттары мен еңбек династияларының өкілдеріне тұрақты түрде мемлекеттік наградалар беріледі. Кәсіби мерекелер кеңінен аталып өтілетін болды.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қойды. Енді мемлекеттік наградалар жүйесіне (бұрыннан бар 6 құрметті атаққа) 9 жаңа құрметті атақ енгізілді. Атап айтқанда, ғалымдар мен өнертапқыштарға, инженерлерге, сәулетшілерге және құрылысшыларға, кеншілер мен шахтерлерге, геологтарға, өнеркәсіп, көлік, ауыл және су шаруашылығы саласының қызметкерлеріне берілетін құрметті атақтар қосылды.

Қажырлы еңбектің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді және еңбек адамының беделін одан әрі көтеруге септігін тигізеді.

Бұл заңға Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған жаңа 2025 жылдың қарсаңында қол қойылуының символдық мәні бар», – деді Е.Қарин.

фото: akorda.kz

https://turkystan.kz/article/253928-zhumysshy-mamandyktarynyn-m-rtebesi-birtindep-artyp-keledi-erlan-karin

Leave A Reply

Your email address will not be published.