«Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қоры былтыр, әр өңірдегі белсенді азаматтардың бастамасымен құрылған. Осы аралықта қордың қатары елдің ертеңіне бей-жай қарамайтын азаматтармен толыға түсті. Бүгінде «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры жақтастарының саны 8 мыңнан асып жығылады. Бұл туралы Қордың Жамбыл облыстық өкілдігінің жетекшісі Жангелді Омаров Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.
Олардың арасында өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмыскерлері, фермерлер, кеншілер, құтқарушылар, дәрігерлер, мұғалімдер мен журналистер, түрлі ҮЕҰ өкілдері бар.
Қордың Қазақстанның әрбір аймағында өз өкілдігі бар. Жамбыл облысындағы өкілдік өңірлер арасындағы көшбасшылардың бірі. Өңірде Қордың негізгі құжаты, Манифестке 1000-нан астам адам қол қойды. Қордың қағидаттарын қолдайтын жамбылдықтар арасында фермерлер, мұғалімдер, жастар ұйымдары, тарихшылар, еріктілер, өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері бар.
«Әділдік және өркендеу» қорының әрбір әлеуметтік жобасына, түрлі бастамаларына жамбылдықтар белсенді қатысты. Атап айтқанда, МӘМС жүйесінің тиімділігіне, жол мен мектептегі тамақ сапасына қатысты жүргізілген әлеуметтік мониторингке (сауалнама) белсенді қатысып, жауап берді. Мониторингтің қорытындылары жауапты мемлекеттік органдарға жіберілді.
Қордың Жамбыл өңірлік өкілдігі былтыр 54 шара өткізді. Қордың негізгі мақсаты еңбек адамының құқығын қорғау, осы бағытта Жамбыл облыстық өкілдігі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Осы жылы Еңбек инспекциясымен бірге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Қордың заңгерлері еңбек адамдарына тегін заң көмегін көрсетеді.
Қордың өңірдегі серіктестерінің қатары көбейіп келеді. «Қазсушар» мекемесімен бірге су объектеріне мониторинг жүргізіліп келеді. Жамбыл облысы — аграрлық аймақ болғандықтан бұл мәселе өте маңызды.
Қор өткен жылы Еңбек күнін ерекше атап өтті. Атап айтқанда, қордың Жамбыл облысындағы өкілдігі құрылғанына 63 жыл болған «Таразкожобувь» компаниясын осы мерекемен ерекше құттықтап, алғыс хат пен сыйлық табыс етті. Еңбек күніне орай ұйымдастырылған «Адал еңбек-2024» республикалық байқаудың жеңімпазы – тараздық жұмысшы Қуанышбек Әбдуалиев, ең жоғары разрядтағы газбен кесуші.
Екінші орын алған қатысушы да біздің облысымыздың тумасы. 28 жастағы дәнекерлеуші Төрекелді Тұрмағанбет өзінің туған ауылы Байзақта шеберхана ашқан.
Жамбыл облысы алғашқы болып жастар қанатын құрды. Қазіргі таңда жастар қанатында 100-ге жуық белсенді бар.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл жыл аясында Қор бірқатар төл бастамаларын жария етті. Олардың бірі — Жосықсыз жұмыс беруші реестрі. Яғни, қор Еңбек кодексін бұзып, жұмыскердің еңбек құқығын бұзған әрбір жұмыс берушіні арнайы тізімге қосады. Қор бастамаларының қатарында «Еңбек даңқы» онлайн-кітабы бар. Бұл адал еңбекпен отбасын асырап, ел экономикасын еселеуге үлес қосып жүрген Сіз бен біздің жақындарымыздың есімі жазылатын естелік кітабына айналады. Сондай ақ, Қор журналистер мен блогерлер арасында «Еңбек адамы туралы ең үздік материалға» байқау жариялайды. Конкурсқа журналистер мен кемінде 3 мың жазылушысы бар блогерлер қатыса алады. Алғашқы жеңімпаздар Журналистер күніне орай марапатталады. Ал, 2025 жылдың соңында жалпы қорытындысы шығарылады.