Жуалылықтар чемпион ұлдарына құрмет көрсетті

37
Жуалылықтар чемпион ұлдарына құрмет көрсетті
Бүгін жуалылықтар аудандық мәдениет үйінде чемпион ұлдары Бексұлтан Боранбек пен Асылхан Көшербайды ерекше құрмет-қошеметпен қарсы алды.
Сұрым ауылының азаматы Бексұлтан Боранбек жақында ғана Черногорияның Будва қаласында жастар арасында өткен әлем чемпионатында 51 келі салмақ бойынша финалда колумбиялық Джастин Мореноны жеңіп чемпион атанса, Талапты ауылының тумасы Асылхан Көшербай АҚШ-тың Колорадо штатында 19 жасқа дейінгі жастар арасында өткен әлем чемпионатында австралиялық Купер Маккенолмен жұдырықтасып, күміс жүлдегер атанды.
Қасиетті Жуалы жері чемпиондардан кенде емес. Бірақ, әр спортшының жуалылықтардың көңілінің төрінде өз орны бар. Бүгінгі жас чемпиондарға деген жерлестерінің ықыласы, құрмет-қошеметі мүлде ерекше. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жуалылықтар мәдениет үйінің алдына шығып, чемпион ұлдарын ду қол шапалақпен қарсы алды. Елдің қуанышын, өз ұлдарына деген шын тілеулес ниеттерін сырттай бақылап тұрып, көзіме қуаныштың жасы келді. Барлығы чемпион ұлдарын қаумалап, қолын алып құттықтап жатыр. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, әнші-термеші Мәлік Мықтыбеков чемпиондарға арнау әнін орындады.
Сахна төріне қос чемпионды құрметпен шақырып, алдымен аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов құттықтады.
-Құрметті Жуалы ауданының тұрғындары, қадірменді қонақтар!
Бүгін — біз үшін ерекше қуанышты күн! Екі бірдей азаматымыз бірі мұхит асып, екіншісі Еуропада өткен әлем чемпионатында жеңіске жетіп, еліміздің абыройын асқақтатып, ортамызға зор қуанышпен оралып отыр. Жеңіс құтты болсын, ұзағынан сүйіндірсін!
Спорт — саламатты өмір салтының ажырамас бөлігі. Спортпен айналысатын азаматтар өте бір ерекше, мінез-құлыққа бай, бойында ізгі-қасиеттері көп жан болып ерекшеленіп көрініп тұрады. Олардың өмірге деген талпынысы, мақсат-мүддесі, бойындағы күш-қуаты да ерекше. Өздеріне деген сенімділіктің, талантының, спорттағы еңбегінің нәтижесінде осылай көк Туымызды көкте желбіретіп жүрген азаматтарымыз көп.
Боранбек Бексұлтан Рахатұлы Черногорияның Будва қаласында әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты.
Көшербай Асылхан Қадырханұлы мұхит асып, менмін деген мықты мемлекеттердің боксшыларын жеңіп, күміс жүлдегер атанып отыр.
Қос спортшымызға және осы екі азаматты өмірге әкелген ата-анасына, ата-әжелеріне және жаттықтырушыларына бүкіл халықтың атынан басымды иіп, зор алғысымызды жеткіземін.
Спорт саласында бокс ерекше маңызға ие. Боксшылар рингке шықса, бәріміз тақымымызды қысып отырамыз. Теледидардан көріп отырғанның өзін де бала-шағамызбен орнымыздан қалай тұрып кеткенімізді білмей қаламыз.
Боксшыға керек қасиеттер өте көп. Ол — шапшаңдық, дөп тигізу, жылдамдық, өзіне деген сенімділік. Міне, осындай бай қасиеттерінің арқасында қос азаматымыз жеңіске жетіп отыр.
Бұрын қазақта батырлар көп болған. Екі жарым ғасырға созылған жаугершілік заманда жоңғарлармен, басқа да мемлекеттермен болған шайқаста небір жас жігіттеріміз батыр атанған. Жекпе-жекте жауды түйреп түсіріп, өздерін ерекше салтанатқа бөлеп жүретін мықты жігіттеріміз көп болған. Ал, енді Бексұлтанымыз бен Асылханымыз бүгінгі заманның батырлары,-дей келіп Рақымғазы Нұрғазыұлы қос спортшыға аудан әкімінің Алғысхаты мен сый-сияпатын тапсырды.
Сонымен бірге спортшыларымыздың жаттықтырушылары Нұралы Бүйенбаев пен Мұхтар Бердімбетовті және Мақсат Әлімбаевты аудан әкімнің Құрмет грамотасымен марапаттап, иығына шапан жапты.
Келесі кезекте әлемді мойындатып, көк байрағымызды желбіреткен спортшыларымызды аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев құттықтады. Зиядхан Рымбекұлы жас спортшыларымызға олимпиада чемпионы Бақтяир Артаевтың жолын тіледі.
Спортшыларымызды облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев, Қазақстан Республикасының бокстан бірнеше дүркін чемпионы, Шымкент қаласынан келген Нұржан Сманов және Қызыларық ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Садиров құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдіріп, спортшылар мен жаттықтырушыларына деген сый-сияпаттарын тапсырды.
Сахна төріне боксшылардың ата-аналары, ата-әжелері мен нағашы ата-апалары да шақырылып, оларға көпшіліктің атынан алғыс айтылды.
«Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілері патриоттық рухтағы әндерін шырқап, көрерменге рух берді.
Спортшыларды құттықтау рәсімінен кейін көпшілік сыртқа шығып, ауылдағы ағайын-туыстың атынан қос чемпионға ат мінгізу рәсімінің куәсі болды.
Перизат Шымыртайқызы, Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.