2022 жылдың 25 қарашасы күні «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен аудан әкімі Ж.Мұртаза жастармен кездесу өткізді.
Аудан әкімі Жуалы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жастармен жасаған жұмыс барысымен танысып, жас өнерпаздардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарынан көрмені тамашалап, күмбірлете күй тартқан жастарға өз ризашылығын білдірді. Сонымен қатар жас ғалымдар өз қолдарынан шыққан роботтар мен 3D принтерлермен жасаған жұмыстарын таныстырды.
Аталған кездесуге мәдениет, қорғаныс, денсаулық сақтау саласында үздік қызмет көрсетіп жүрген жастар, ауданымыздың атын облыстық, республикалық, әлемдік деңгейде танытып жүрген жас спортшылар, жас ғылымдар мен жас ақындар, өз кәсіптерін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкерлер, үздік БАҚ өкілдері, республикалық жоғарғы лига ойындарында өнер көрсетіп жүрген жас жайдарманшылар, жас пікірсайысшылар, жас шахматшылар, белсенді волонтерлар, №16 Жуалы колледжінің үздік студенттері қатысты.
Аудан басшысы өз сөзінде бүгінгі белсенді жастармен кездескеніне қуанышты екенін жеткізіп, «Кез келген мемлекеттің дамуы, болашағы сол елдің жастарында, яғни сіздердің қолдарыңызда. Біздің мемлекетімізде болашақ жастар үшін барлық жағдай жасалынған. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген Б.Момышұлының сөзі бар, сол сияқты тәртіпке бағынып, талмай еңбек етсек, алынбайтын қамал жоқ. Мен сіздерге сенемін, тек алға ұмтылыңыздар, еңбек етіңіздер!» — деп жастарға дем берді.
Кездесуге келген жастардың бірқатары өз ауылында жастарды алаңдатқан мәселелер бойынша сұрақтар қойып, өз ұсыныс-тілектерін жеткізіп, пікір алмасты. Жастар тарапынан болған сұрақтарға жауап беріп, алдағы уақытта жастарға қатысты мәселелерді назарынан тыс қалдырмайтындығын жеткізді.
Ауданда жетістікке жеткен жастарды марапаттау рәсімімен жалғасқан кездесудің көркін «Музартlife» тобының мүшесі Нұрхат Сегізбай әнмен әрлеп, кездесуге келген қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.