Жол ережесін бұзып, көлігіне жалған нөмір таққан «Amanat» депутаты видеоны жариялаған азаматтан 5 миллион теңге талап еткен

100

Журналист Михаил Козачков желідегі арнасында Түркістан облысының «Аманат» партиясынан сайланған депутаты Ерғали Аманбаев өзіне қатысты тараған бейнежазба үшін моральдық өтемақы талап етіп, сотқа жүгінгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды.

Козачковтың жазбасында, бұл оқиға тамыз айында басталған. Ол кезде әлеуметтік желіде Шымкент қаласында «Lexus» көлігінің жүргізушісі жол ережесін өрескел бұзып, қарсы бағытқа шыққаны, артқа жүргені және жолаушысын тура жолдың ортасында түсіріп кеткені туралы видео тараған. Сондай-ақ көлік жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпаған.

Полиция бұл жайтқа жедел әрекет етіп, көлікті ұстаған. Рөлде отырған адамның Байдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев екені анықталған. Тәртіп сақшылары оның үстінен алты бірдей әкімшілік хаттама толтырған. Атап айтқанда, жалған нөмірлерді пайдалану, қарсы бағытқа шығу, сақтандыру полисінің болмауы, белдік тақпау, тыйым салынған жерде артқа жүру және қозғалыс басталар алдында белгі бермеу секілді бұзушылықтар тіркелген.

Сот шешімімен депутат бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, төрт тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Кейін «Аманат» партиясы өз мүшесіне «қатаң сөгіс» жариялаған.

Алайда біраз уақыт өткен соң, Ерғали Аманбаев бейнероликті жариялаған азаматша Джамила Джорабаеваны сотқа берген. Оның айтуынша, бейнежазба рұқсатсыз жарияланып, «ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген».

Козачковтың мәліметінше, депутат моральдық залалды 5 миллион теңге, ал заңгердің қызметін 500 мың теңге деп бағалаған.
Қазір азаматтық іс судья Дидар Мұратбекұлының қарауында.

Еске салайық, бұған дейін тамыз айында желіде Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевтың жол ережесін өрескел бұзған сәті түсірілген видео тараған еді. Кейіннен депутаттың көлігінің мемлекеттік нөмірі де жалған екені белгілі болды. Осылайша сот депутатты әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 4 тәулікке қамау және 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру түрінде жаза тағайындады.

https://stan.kz/amanat-deputati-oz-abiroyi-ushin-5-million-tenge-talap-425697/

Leave A Reply

Your email address will not be published.