Жетесіз жеңге мен кекірейген келін

317
Жасыратын несі бар, қазір адамдардың көбі өз орнын білмейтін заман болып кетті ғой. Енесі келін болып жүгіріп, келіні ене боп отырған талай отбасыны көрдім. «Төркінімізге айында-жылында бір барғанда үйдегі келін қабағын ашып қарсы алмайды» деген әңгімелерді де жиі естимін. Мұны туыстар арасындағы ұсақ-түйек әңгіме деп қалдыруға да болар еді. Бірақ соңғы уақытта таныстарымнан естіген екі әңгіме мені бей-жай қалдырмады. Мүмкін біреулерге ой салар деген мақсатта оны жазғаным дұрыс деп ұйғардым.
Төркінімнен көңілім қалды
Бүгінде той-жиында болмаса, былайғы уақытта төркіндеп ешкім қыдыра бермейді ғой. Бірақ жақын араласып, сырласып жүрген таныс келіншек аңсары ауып, бауырларын сағынып әрі әке-шешеме құран оқытып қайтайын деп төркініне барған ғой. Үйінен бір қойды сойып, етін түгел алып, дастарханға қоятын тәттілерін де түгелдеп жолға дайындалып отырғанда күйеуінің бір туысы қайтыс болып, бұлар жаназаға кетеді.
Әрқайсысы өз алдына үй болып кеткен бауырларына: «Пәлен күні үйге барып құран оқытамын, сендер де барыңдар», – деп алдын-ала айтып қойған екен. Олардың да мың-сан шаруасы бар, «Сендер шыққан кезде қоңырау шалыңдар, сол кезде шығып, бәріміз бірге барамыз», – деп ақылдасыпты.
Сонымен бұл келін болғасын ыдыс-аяқ жуысып дегендей, қызмет істеп, жаназа болған жерден кешірек шығыпты. Сосын бауырларына қоңырау шалып, күн батып бара жатқанда төркініне қарай жолға шығады.
Содан өзге әпке-сіңлі, жезде-күйеу балаларымен жолда кездесіп, бәрі бірге түнделетіп қара шаңырақтағы ағасының үйіне кіріп барса, бауырлары жақтырмай: «Түнделетіп неғып жүрсіңдер? Күндіз келмейсіңдер ме?!» – деп күңкілдей-дүңкілдей қарсы алыпты. Ал жеңгесі болса, ұйқысын қимай, керіліп-созылып бір шайды әзер берген. Әйтпесе оларға да сол күні баратындарын алдын-ала айтып қойған екен.
Ертесіне апарған етін асып, қыздардың бәрі жабылып дастархан жайып, ауылдағы ағайын-туыс, көрші-қолаңды шақырыңдар десе, ағасы да, жеңгесі де қозғала қоймапты. Тіпті ағасы бәрін ұйымдастырып жүрген қарындасына: «Сендер не планмен келіп отырсыңдар? Менің баламның тойында бұлай ұйымдаспап едіңдер, неге біріге қалдыңдар? Не ойлағандарың бар?» – деп айды аспанға шығарыпты.
«Ағамның сөзі алып-ұшқан көңілімді су сепкендей басып, төркінімнен көңілім жердей болып қайттым. Күйеуім не ойлады екен? Үйге келіп ағыл-тегіл жыладым. Сонда мен өзімнің туып-өскен үйіме аға-жеңгемнің рұқсатымен баруым керек пе? Олардан көңілімнің қалғаны сондай, енді аттап аяқ баспаспын деп ойладым», – деп мұңайды танысым.
Шай беруге жарамады
Ал екінші танысымның әңгімесі төмендегідей: «Інім үйленгенде келген қуғыншылар «анау-мынау жердің емес, текті әулеттің, өнегелі отбасының қызын алып отырғанымызды» қайта-қайта айтып, әбден мақтанған. Келінге қарық болдық қой деп қуандық. Қайдағы?! Өнегелі отбасының қызы өнерін ертесіне-ақ көрсете бастады. Күйеуі екеуі жатын бөлмесінен шықпай, тамақты да бөлек ішіп, әке-шешеме шай беруге жарамады. Оның не деп оған сөйлей бастап едім, әкем: «Қыз деген тыныш келіп, тыныш кетеді. Сен араласпа», – деп тыйып тастады.
Келініміз ауа жайылып, бүгінде үйге барсақ, бір тамақ істеп беруге жарамайды. Сол қатынның кіржиген қабағын көргім келмей, үйге барсам да қонбай кетемін. Сол қашан тамақ береді деп телміріп, жетім балаша жаутаңдап, келінінің қас-қабағын бағып отырған әке-шешемді аяп, жүрегім ауырады.
Келіннің түскеніне он бес жыл болыпты, осы жылдары мен барғанда бір рет те ет асып берген емес. Күріш көже ішіп немесе вермишель жеп қайтамыз. Онда да қонуға барсақ, ал қонбайтын болсақ – ол да жоқ.
Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады ғой. Бір барғанымда келін әдеттегідей қара шаймен күтіп алды. Әйтпесе бара жатқанымды айтып, қоңырау шалғанмын. Үйге кіріп барғанымда көрпеше де төсемеді. Анам байғұс көрпешесін алып жүгіріп жүр.
Шай үстінде апам күні кеше қой сойып, қуырдақ жегендерін айтты. Сөйтіп келініне бір емес, бірнеше рет: «Қазанға ет салсайшы, мына қыз тамақ жеп кетсін», – деп еді, анау оны тыңдаған жоқ. Есалаң адам сияқты бір кезде далаға шығып кетіп, кірмей қойды. Асығыс екенімді айтып шығып бара жатыр едім, анам асүйге кіріп, қайта шықты. Легенге уылжып пісіп тұрған бас пен сирақ салып шығып: «Ең болмаса пісіп тұрған астан ауыз тисеңші», – деп қояды. Есік жаққа қарағыштап, келін бірдеңе дей ме деп қаймығып тұрған анамның түрін көріп аяп кеттім. Алқымға тығылған өксік сыртқа шығып кетпесін деп анашымның бетінен сүйіп қоштастым да, асығып шығып кеттім.
Осы күні төркінге аяғым тартпайды. Ата-анамды сағынсам, оларды біраз күнге үйге әкелемін. Бірақ күйеу баласынан қысыла ма, олар үйде ұзақ жатпай, кетіп қалады. Күйеуімнің әке-шешесі осыдан біраз жыл бұрын бақилық болған. Ата-анасын сағына ма, ата-енесі келсе ол да қатты қуанады. Алайда тағы біраз күн жатсаңыздаршы деп қанша жалынсақ та әке-шешем ұят болады деп көп тұрмайды. Маған салса, екеуін де қолыма алып, келінге кіріптар қылмай, патшамдай күтер едім».
Мұндайлар қайдан шығады?
Осы әңгімелерді естігеннен кейін қатты қынжылдым. Ағаның қарындасқа төркін бола алмауының, келіннің бір кесе шайды күліп отырып ұсынбауының себебі неде деп көп ойландым. Үлкендерден естіген «Ұлым арам болса да келінім адал болып жолықсыншы» деген тілек есіме түсті.
Ал адал келінді кім тәрбиелейді? Енесі демей-ақ қойыңыздар. Ененің айтқанына көніп, айдауына жүретін келін жоқ бүгінде. Меніңше, қыздарынан көргенсіз келін жасайтын – олардың өз аналары. Олар: «Қыздары басыңа шықпасын, басыңнан сөз асырма. Енеңе әу бастан мінезіңді көрсетіп қой. Күйеуің осы бастан ашсаң – алақаныңда, жұмсаң – жұдырығыңда болсын», – деген «ақылды» санасына сіңіріп қойған. Тіпті күн сайын қоңырау шалып, қызының үйіне қожайын болатындары да жетерлік.
Ал бұрынғының адамдары қызды қалай тәрбиеледі? Алысқа бармай-ақ өз анамның ақылын айтайын.
Бойжете бастаған шағымнан: «Шырағым, ертең сен де бір үйдің келіні атанасың. Барған жеріңде үлкендердің алдын кесіп өтіп, көргенсіздің баласы атанба. Ата-енеңді туған әке-шешеңдей көр. Ененің кейде быжылдап сөйлейтіні болады. Бірақ сен сөз қайтарма. Қайынбике, қайынсіңлілерің болса, оларды төбеңе көтере сыйла. Одан жаман болмайсың. Себебі қызды аз күндік қонақ болғандықтан әруақ дейді қазақта. Ал әруаққа тек қана құрмет көрсетілуі керек. Сәлеміңді үзбей салып, үлкендердің батасын алып жүр. Сонда өзің де көгеріп, көктейсің, бізге де рақмет әпересің. Жақсы келін болсаң, атаңа рақмет, сені тапқан анаңа рақмет дейді. Сенен бізге керегі сол ғана», – дейтін.
Шүкір, анамнан осындай тәрбие алған мен жаман болған жоқпын. Не істемейін, қандай әрекетке бармайын, атаңа нәлет демесінші деумен болдым. Мұндай тәрбиені маған менің анам ғана емес, сол тұстағы аналардың көпшілігі айтатын.
Ал қазір бәрі керісінше болып кетті. Сосын бар мәселе келінімді қызымдай көремін деп еркелетіп, еркіндік бергеннен шығып жатқан жоқ па екен деген де ой келеді. Енем орамал тақпай-ақ қой, сәлем салма деп айтты деп темекі шегіп тайраңдап жүрген келіндер де бар. Осының бәрін ойлана келе, «Қатынды – бастан, баланы – жастан» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген қазағым не деген данышпан халық еді деген ой түйдім………………….
Г. ӘШІРБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.