…Таяқпен доп қуалаудың тарихын зерттеушілер XVII ғасырдан бастап жүр. Әлгі мұғдарда мұз үсті ойыны Канадада дүниеге келген делінеді, ал Шотландия мен Виргинияда сақталған ескі суреттерге қарағанда, бұл ойынның түп төркіні одан да ілгеріге, брит-шот жеріне барып тіреледі. Ал жалпы мұз үстінде құралмен сырғанаудың тауарихы одан да әрі, есте жоқ ескі замандарға кетеді. Археологтер тапқан артефакттерге қарағанда, көне ханзу (қытай) жұрты аяқкиіміне бамбук келдек байлап алып сырғанап жүрген. Жыл санауымыздан 3 мың жыл шамасы бұрын қазіргі фин, алман жұртының байырғы тұрғындары мұз үстінде мал сүйегінен жасалған құрылғымен жылжыған. Сібір жұрты айдынның бетін морждың мүйіз тұмсығымен шиырлапты.
Бұдан да ертерек, жыл санауымызға дейінгі 3 200 жыл бұрын Қара теңіз жағалауының аборигендері де мұзда мал сүйегін аяқтарына былғары таспамен бекітіп алып, шаңғы тепкендегідей ағаш таяқпен итерініп жүрген. Бұл тарихи мерзім жағынан ең көне коньки құралы болып саналады. Осы тәсіл орта ғасырларға дейін өзгермей жеткен. Кейінгі ортағасырда Голландия, Англия тұрғындары да аяққа малдың жамбас сүйегін байлап алып, мұз үстімен таяқты демесін етіп жылжыған екен. Кейінірек ірімшік кесетін кәдімгі дәу нашақтарды ағаш келдекке байлап алып сырғанауға көшкен кезде енді таяқты тастап, аяқпен тепсінетін болған, ал әлгі тірек таяқтарды ойын таяғына айналдырып алып, мұз үстінде жарысып доп қуалаған. Петр І бұл жаңалықты Еуропадан алып Ресейге әкелген кезде орыстың ағаш шеберлері әлгі нашақты құрылғының тұмсығына ат бейнесін жасап қондырғандықтан, орысша «конек», «коньки» деген ат алады.
Ал енді әлем халықтарының көпшілігіне ортақ үшбу «Сұңқартай – Тұлпартайды» кезінде ата-бабаларымыз ерттеп мінген бе, бізді сол қызықтырады. Жоғарыда конькидің бағзыдағы алғашқы түрі Қара теңіз маңында жүз берді дедік қой, ал ол аймақ қиыр жайлап, шет қонған прототүркі табыр, кемер тайпаларының ертедегі атакүлдігі, бертінге, XVII ғасырдың ортасына шейін бешене, қыпшақ, ноғайдың қара қонысы болып келген. Мұның еміс жаңғырығын археологтер қазіргі қазақ жерінен тапқан, түйенің омыртқасынан жасалған сырғанау құралынан да аңғарамыз. Сірә, бұл кемерлер мен тобырлар аяққа байлап сырғанаған мал сүйегінің рудимент-сарқыншағы және ондай құрал ертеде «шаңғы» деп аталуы әбден мүмкін. Неге десеңіз, әлгі аталым сөз көптеген тілде дәл мағынасында (чанге) «шаңғыжол», «шаңғы» ұғымын береді. Ал Солтүстік Америкадағы бізге туыс дакота үндістерінің тілінде canke – «жол», «күре жол». Демек, бұл құрал әу баста қалың түскен қарды бұзып, аршып, жол салуға пайдаланылған деу жөн. Осы жерде «бұзу» деген сөзге арнайы назар аудару керек, себебі ертеректе түркілер, соның ішінде қазақ та мұзды «бұз» деген (мысалы, көне жыраулар поэзиясындағы «Бұз үстіне от жақпай» тіркесі, Сақмар өзені бойындағы Бұздық – Бұзұлұқ, Бузулук қаласы, т.б.). Осы жерде қытай қазақтарының біз «коньки» деп жүрген құралды «мұзшаңғы» деп атайтыны назар аударады және бұл сөз «конькидің» шаңғыдан түрленіп шыққанын нұсқап тұрғандай. Яғни, ертеде ата-бабаларымыз аяғына малдың омыртқа, қабыртқа сүйегін байлап мұз үстімен сырғыған деу қисынға шет емес. Сырғығаннан кейін сырғанайды, сырғанағасын сырғанап жүріп ойнағысы келеді. Сөйтіп, жағадағы тал-шыбықты кесіп алып ойын таяғын жасап, доп қақпақылдап жүруі мүмкін ғой. Бұл сөзімізге дәлел жоқ емес: Батыс Қазақстанның Жаңақала өңірінде тұрған еңбек және соғыс ардагері Рахым Құдайбергенов өмірбаян жазбаларының бірінде бала кезінде, 20-жылдардың орта шенінде басы иілген таяқпен қыста мұз болып қатқан өзен-көлдің бетінде мұздоп қуып ойнағандарын жазады. Иінтаяғы қазіргі клюшка екені түсінікті. Ал түйенің жүнін домалақтап, суға салып, бетіне жұқалап мұз қатырып жасаған мұздобы – қазіргі хоккейдегі шайба. Ендеше қазақта бұрынырақта иінтаяқ немесе тастаяқ (қазақтың «тастаяқтай қағыстыру» дейтін сөзі осыдан шыққан болуы), яғни клюшка болған болса, мұздоп (шайба) болса, онда бүгінде «хоккей» деп жүрген ойын түрін ойнағаны да ата-бабамыздың. Бұл ойымызды славяндар «спотыкачки», «шлепанцы», «утюги» деп әртүрлі атап келген конькиді қазақ «мұзшаңғы» деген бір ғана сөзбен тұжырып айтатыны беркіте түседі. Яғни, қазақта бұрын «мұзшаңғы – коньки», «иінтаяқ – клюшка», жалпы қазір «хоккей» аталынып жүрген ойын түрі болған. Моңғол тектес даурлар ойнайтын «бейкоу» сияқты жаздық түрі болуы да мүмкін. Жүре бара бағзы түркінің «шауған» ойыны соңыра басқа жұрттарға «поло» деген атпен тарағаны сияқты, бұл қысқы «мұзшаңғы», бәлки жазда ойнайтын «иінтаяқ» ойыны ұмытылған. Бірақ біржола өшпей, шауған сияқты Батыс жұртына ауысқан деу жөн. Мынадай бір қызық тауарих.
Теріскей Америкада зерттеушілер бүгінгі шайбалы хоккейдің түп атасы санайтын лакросс (лякросс) дейтін ойын түрі бар. Лакросс – французша ойын таяғының аты. Канадада осы лакросстан түрлі деңгейде жарыстар өткізіліп тұрады, тіпті ол Олимпиялық ойындар қатарына кірген. Лакросс – жаздық ойын, көгалдағы хоккей сияқты, тек мұнда командалар резеңкі допты иінтаяқпен қақпақылдамайды, «стик» дейтін таяқтың торлы бетімен қағып алып, ішіне түсіреді де қақпаға апарып салады. Тағы бір ерекшелігі, ойын үстінде шабуылдаушы жақ қорғанысқа, ал қорғаушылар шабуылға қатыспайды. Лакросс о баста Америка үндістерінің әскери-жаттығу ойыны екен. Сондай-ақ бұл ойында тайпа көсемдері ру ішіндегі кикілжіңдерді шешіп, бітімге келу ісіне де пайдаланған. Лакросстың түп атасын қазіргі Канада жерінің байырғы тұрғындары үндістер – могавк, ирокез тайпалары XV ғасырға дейін ойнап келген, жүздеген адам қатысатын, алаңының аумағы жүздеген метрді, тіпті бірнеше шақырымды алып жататын бұл ежелгі әскери ойынды кейінірек, ХІХ ғасырда Канаданың келімсек ағылшын-француз жұрты ықшамдап, жаздық ойыннан қысқы спорт түріне көшірген. Осыдан қазіргі хоккей ойыны шыққан. Ағылшын-сакстар әу баста бұл ойынды каучук шайбамен емес, доппен және басы имек таяққа ұқсас құралмен – hooky-мен ойнаған, осыдан hockie шыққан. АҚШ-тың оңтүстігінде бұл сөзбен жер өңдейтін шотты айтады. Ескі француз тілінде «хокэ» – басы иілген қойшының асатаяғы. Ал енді тағы бір болжам бойынша «хоккей» сөзі жоғарыда айтылған могавк, ирокез тілдерінен алынған, бірақ еуропалықтар бұл сөздің этимологиясын айта алмайды. Біздіңше, жоғарыдағы «хокку», яғни ойын таяғы деген сөз үндістердің «қаққы» таяқ, яғни допты қақпақылдап, қағып ойнайтын құрал сөзін білдіреді. Еуропалықтар бұл сөзді осы үндістер тілінен еншілеп, соңыра хоккей ойынының атына айналдырған деу жөн.
Бұл зат «құбылыс» – сөз (сигнифит) қатынасы, яғни зат пен сөздің арасындағы байланыс кезінде алдыңғысының соңғысында сәулеленуі. «Қаққы» – қағып ойнайтын, қақпақыл таяқ немесе «қоқи» – басы қоқиған таяқ. Хром сөзі түркінің құрым деген сөзінен шықса, хокку, хоке, хоки неге қаққыдан, қокидан шықпасқа?!
Демек, шайбалы хоккейдің шығуы үндістер тарихына тікелей байланысты, ал американ үндістері бағзы (прото) түркітектес тайпалар ретінде үйрек жүнді оттасымыз, қарға жүнді қандасымыз екені белгілі. Мұны заманауи ДНҚ көрсетіп отыр. Мұны үндістердің балық аулайтын «гамагы» қазақтың көйлектің жеңін, дамбалдың балағын түйіп алып балық сүзген «қамағымен» бірізді басатынынан, сондай-ақ үндістердің тандыр пісіретін, балшықтан соққан дәукен «шименей» пешінің қазақ жерінен табылған, осыдан 3 мың жыл бұрын жасалған, тандыр нан жабатын үлкен балшық пештермен егіздің сыңарындай ұқсас шығуынан аңғаруға болады (пеш көмейінен қу мойындап шығарып қойған ұзын мойын мұржасына қарай «шимойын» – «шименей» аталуы да мүмкін ғой).
Қазақстанда Кеңес кезінде хоккейдің көгалда ойнайтын түрінің қауырт өркендеуі, спорттың осы түрінен республика құрамасының әлденеше дүркін ел чемпионы атануы, Саян Шаймерденовтей үздік көгал хоккейшісінің шығуы бізді еріксіз моңғол-түркінің бейкоу ойынына, одан да әрі жоғарыдағы үндіс «қаққысына» қарай жетелемей тұра алмайды. Шайбалы хоккейдің «канадалық» түрін Всеволод Бобров 1945 жылы «Динамо» футбол командасымен Ұлыбританияға барғанында алғаш көріп, құлап қала жаздаған, содан кейін-ақ Кеңес шайбалы хоккейінің даңқты шеруі басталған дейді ғой. Ал бізде, Қазақстанда хоккейдің бұл түрі кенже дамыды. Жоғары лигада өз командамыз болған емес, Өскеменнің «Торпедасы» ғана бірінші лигада ойнады және оның құрамында қазақ иісті ойыншы болған емес. Десе де, бөтен отбасының қолбаласы қазақ жоғарыдағы жасанды шектеулерге қарамастан ауылдарда, қалаларда жаппай хоккей ойнап жатты және жоғарыдағы лакросстағыдай шабуылшы – қорғаушы болып бөлінбестен, өздерінше, тоталды хоккей ойнайтын. Осы тегін бе?!
Немесе шайбалы хоккейде «лакросс-гол», «лакросс-стиль» делінетін әдісті алайық. Шайбаны қаққытаяқтың ұшымен қалақ сыртына жатқыза іліп алып, қақпаны шыр айналып келіп, қақпашының ту сыртынан енгізесің.
Немесе қазақ «гол салу» дейді, «соқтым» демейді. Яғни, лакросстағыдай қолмен «гол салудың» қазақта сақталып қалған жұқанасы. Осы тегін бе?!
Тегін емес-ау. Қайткенде де қазаққа хоккей жат емес. Егер біз бүгінде өмірдің көптеген саласында талантты халық ретінде танылып отырсақ, ол бағзыдан келе жатқан табиғи және жан-жақты талант қасиеттерімізден. Солтүстік түркілердің арасынан шайбалы хоккейден күшті таланттардың көптеп шығуын өз басым осы заузаттық қор, яғни генмен байланыстырамын. Бұл жерде ең алдымен татар халқын айту жөн. Қараңыз: КСРО чемпионы, сұрмерген шабуылшы Беляй Бекяшев, алты дүркін әлем чемпионы, 1984 жылғы Олимпиада жеңімпазы, қарсыласын күштік әдіспен жалпасынан түсіріп кете беретін, шайбаны сақпанша атып гол да сала беретін, өзім секілді сол «хватты» ақмылтық қорғаушы Зинетолла Билялетдинов, 1976 жылғы Инсбрук Олимпиадасының жеңімпазы, үш дүркін әлем чемпионы, сол «хватты» шабуылшы Виктор Шалимов (Сәлімов), 1964 жылғы Инсбрук Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің төрт дүркін чемпионы, шабуылшы Александр Альметов, 1992 жылғы Олимпиада чемпионы, «Тампы-бей Лайнтинг» құрамында Стэнли кубогын иеленген Николай Хабибулин, кезінде Финляндияға эмиграциямен кеткен татарлардың ұрпақтары, сондағы «Ильвестің» құрамында Финляндия біріншілігінде 20 алтын медаль иеленген Мұрат және Файзи Бере, Наим және Лотфи Насиб, Рашид Хакимсан, Мұнавар Саагетдин, «Монреаль Канадиенсте» жарқылдаған словактекті Томас Татар, кейінгі Евгений Нұрисламов, Тимур Біләлов, Дамир Шарипзяновтар…
Татарлар қысы ұзақ теріскей үйекті қоныстанған әрі көзі ерте ашылған, оның үстіне шеткәсіп етіп, ішкергі қалалы жерлерді қоныс қылған, сөйтіп үлкен спортқа көбірек қол таластырған жұрт қой. Біздің қазақта бұрын мұның көпшілігі болған емес, оның үстіне Кеңес кезінде ұлты орыс спорт шенеуніктерінің арасында «қазақ балалары хоккей ойнай алмайды» дейтін сыңаржақ түсінік үстемдік етті. Өз қолымыз өз аузымызға жеткеннен кейінгі тәуелсіздік кезеңінде ғана әлгі біржақты түсініктің мұзы сөгіле бастады. Сең жүріп кеткені шамалы, соның өзінде соңғы 10-15 жылдың жүзінде қазақ балалары хоккей ойнай алатынын толық танытты. Бұл – ұзаққа созылатын үдеріс. Біздің ұлттық хоккей біріншілігінің (лигасының) құрылғанына 30 жыл ғана, ал «Барыстың» Құрлықтық хоккей лигасына кіргеніне 15 жыл. Ұлттық кәнігі, шебер хоккейшілер даярлау үшін қажет жасөспірімдер – жастар – ересектер дейтін үштағанмен жүйелі жұмысты жолға қойып, халықаралық жарыстарда тәжірибе жинақтау үшін бұл соншалықты көп уақыт емес. Ол үшін ең алдымен кешегі кеңестік дәуірдің даусыз үш жетістігінің
бірі – бұқаралық спорт қайыра өркендейтіндей жағдай жасалуға тиіс. Жоғарыдағы үш тармақты даярлық ісі Үкімет тарапынан жүргізіліп те жатыр, оның алғашқы қарлығаштары «барыстық» Талғат Жайлауов пен Нұрсұлтан Белгібаев болды, ал бүгінгі күні ел құрамасының сапында ойнайтын Әлихан Әсетов, Аңсар Шайхмедденов, Әділ Бекетаев, Самат Данияр, Эмиль Нұрғалиев, Максим Мұхамедов, Михаил Рахманов, Тамерлан Гайтамиров, ал «Барыс» бойынша Жалалатдин Әмірбеков, Самат Данияр, Қайыржан Дінмұхаммед, Павлодардың «Ертісіндегі» Ернар Мұсабаев тәрізді бір топ қазақ жігіттері тәрбиеленіп шықты. Тіпті, өзіміздің тафгайымыз да бар – «қазақ Бурбонелесі» Дамир Рысбаевты айтамын. Бұл топтың ізін басып әлемдік универсиадаларда шыңдалып жүрген Саян Данияр, Әлихан Өмірбеков, Батырлан Мұратов, Әли Қасенов секілді «жас перілеріміз» келеді. Қыздар құрамасының сапындағы Шолпан Тоққожа, Мадианна Нүсіповалардың да аяқ алысы жаман емес.
Иә, бүгінде «Барысымыз» тері алынбаған аттай бір көсіле алмай-ақ қойды. Ол ҚХЛ-дегі шабуылы азусыз командалардың қатарында аталады. Мұны драфттағы, әсіресе легионерлер таңдаудағы селекциялық қателіктерден көретіндер бар. Бірақ шындығы, Қазақстан хоккейіне шеттен ойыншы шақырмай, өз күшімен жетіліп кетуге әлі ерте. Турасын айтсақ, Бракко – Борисевич – Луис үштігінсіз, яки Линден Вейсіз бүгінгі «Барыс» – «Барыс» бола алмас еді. Сонымен қатар Жоғары лигаға жергілікті тәрбиеленушілердің есебінен ойыншы таңдау ісі де біртіндеп өз нәтижесін көрсете бастады: мысалы, бір маусымда 17 ұпай жинаған Әділ Бекетаев. 80 жыл бойына үлкен хоккейді маңайлай алмаған елдің жастарынан шебер ойыншы шығару ісі алға қарай біртіндеп жылжу арқылы ғана жүзеге асырылады. Ол үшін біздің жастарымыз бірталай уақыт үлкен додаларға қатысып, тәжірибе алуы, қазақша айтқанда, күдірге түсіп, табанына тас батуы керек. Бүгінде қазақстандық хоккейдің талантты жас тәрбиеленушілері хоккей жақсы дамыған елдерге, соның ішінде Ресейге барып ойнауға ынталы. Ниет дұрыс қой, әрине. Сонымен бірге Қазақстан хоккей федерациясы аясында жергілікті таланттарды өсіру мақсатымен құрылған жастар және жасөспірімдер лигаларында ресейліктердің басы молырақ болуы, айталық, «Жастар» лигасында ойнауға өтінім бергендердің 90-ға жуығының Ресей азаматы болып шығуы ойландырады. Бүгінде ҚХЛ ресейлік емес командаларды сақтап қалу үшін «Барысқа» ерекше жағдай туғызып отыр, легионер шақыруға шектеуді алып тастаған, бірақ соның нәтижесі қандай?! Осындай жағдай жасалуына қарамастан бүгінде «Барыс» толық күшінде ойнай алмай келеді. Мысалы, ол 2022-2203 жылдың маусымында плей-офф аймағына іліге алмады. Демек, ұзын ақшаға келетін легионерлерден қайыр шамалы. Біздің Хоккей федерациясы жеңілдікті жағдайды шеттен келгендерге емес, жергілікті тәрбиеленушілерге, соның ішінде жастарға, соның ішінде титулды ұлт өкілдеріне жасауға тиіс. Сонда, істің сағаты соққанда, «Барыстың» да, ел құрамасының да сапы өз жастарымыздың есебінен жасақталып, олар қомақты ақшаға келетін екінші сортты легионерлер легіне тоқтау салады. Қазақ жігіттері үлкен сайыстарда іркілмей хоккей ойнай алатынын бапкер Ғалым Мәмбетәлиев 2023 жылғы универсиада кезінде көзапара көрсетті де ғой. Екіншіден, кезінде КСРО құрамасы дақпыртты үлкен жеңістерге салынып, адамды соңғы тамшы сөліне дейін сығып алатын жүйенің арқасында чехтардан хоккейдің рангілік табелінде алда тұрғанын, ал чехтар деңгейі орташа, бірақ мүмкіндіктері өзара тең хоккей клубтары есебінен әлемдегі ең күштілердің қатарына қосылғанын ескеру жөн. Айтайық дегеніміз, бізде де жалғыз «Барыспен» шектеліп қалмай, оған дәрежелес бірнеше күшті команда болуы керек. Содан соң оларда қазақтар қазіргі «Барыстағы» Қайыржан – Шайхмедденов – Әсетов үштігі тәрізді бірге ойнап жетілсе нұр үстіне нұр.
2022 жылы күзде Facebook желісінде Нұрболат Туысбайұлы дейтін азаматтың үндеу рәуішті жазбасы жарияланды. «Орыстардың қазақтан хоккейші шықпайды» деген сөзі бекер, – дейді Нұрболат. – Баламды алты жасында хоккейге бердім. Әкімдіктер жанындағы СДЮСШ-10 мектептерінен қайыр жоқ. Хоккей мектептерінде қазақ балалары екінші сортты ойыншы болып есептеледі. Содан бастап кейінгі жеті жылда шайбалы хоккей бойынша Қазақ құрама командасын жасақтауға ойым кетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен талантты қазақ балаларын жинап, кішкентайынан түрлі халықаралық жарысқа қатыстырып дайындау идеясы. Команда 2009 жылы туған балалардан жасақталады (қыздар 13 жастан). Екі-үш жылда Жастар хоккей лигасында ойнайды. Одан әрі – ҚХЛ, одан әрі – ҰХЛ (НХЛ). Бізге легионерлер қажет емес! Демеуші, инвестор іздейміз!», – депті.
Дұрыс қой. Дегенмен бұл сөздердің ішінде маған көбірек ұнағаны – Нұрболаттың «баламды алты жасында хоккейге бердім» деген сөзі болды. Демек, ол әке ретінде ұлынан үлкен хоккейші шығаруға бекем бел буған. Бізге ең алдымен осындай мақсаткер әкелер – Нұрболаттар керек, Әлиханын кішкентайынан хоккей қорапшасына тасыған Әсеттер керек. Неге дейсіз ғой? Айтайын.
80-жылдардың басында, студент кезімізде Алматының орталық бөлігінде пәтер жалдап тұрдық. Бір күні марқұм курстасымыз Темір Құсайын келіп, «Зачет алу үшін бір мақала жазуым керек еді, көмектесші» деп өтінді. Тақырыпты алыстан іздеп әуре болмастан үй сыртындағы аулаға ертіп бардым. Қыстың кезі еді. Бір топ бала самаладай көше жарығымен қорапшада хоккей ойнап жүр екен. Ойынды тоқтатып қойып, балалардан болашақ репортажға керек дерек алдық. «Мына бала мықты ойнайды» деп іштерінен біреуін көрсетті. Кішкентай аула чемпионының аты Нұрқанат екен. Жалт-жұлт еткен өткірлігі де, ерекшелеу есімі де көкейімде ұялап қалды.
Көп ұзамай мен жүрегімнің чемпионын жолықтырдым. Мәдина тұңғышымызды дүниеге әкелгенде есімін еш ойланбастан Нұрқанат деп қойдым.
Куся қолды-аяққа тұрмайтын пысық бала болып өсті. Бірақ әкесі сияқты, яки аттасы тәрізді хоккейге онша құштар болмады. Футболды жақсы ойнады. Есесіне сол Нұрқанат пен Динарадан туған немереміз Әбіш төрт жасында конькиге тұра сала еркін сырғанап кетті және бірден «Мен хоккейші боламын» деп шешті. Бес жасқа толғанда хоккей мектебіне барды. Әкесі күніге жаттығуға тасып мігір көрмеді. Бүгінде Абдрахман Мақсат Астанадағы «Барыс» балалар және жасөспірімдер мектебінде бапкерлер Виталий Литвинов пен Евгений Моргачевтың қол астында хоккей ойынына жаттығып жүр. Татасының (менің) айтқанымды тыңдап, елінің тарихындағы қасіретті 1956 жылды есте қалдырмаққа «56»-ыншы нөмірлі жейде киген чех Яромир Ягр сияқты Әбіш те қазақ тарихындағы қасіретті кезеңнің бірін есте қалдыру үшін «37»-інші ойын нөмірін таңдады.
Теледидардан хоккей қарап отырғанымда бір сәт көзімді жұмамын да, мұз айдынында өз шайбасын өзі қуып, құстай ұшып бара жатқан Әбіштайымды көремін. Астанада әлем біріншілігі өтіп жатыр екен деймін. «Барыс-Арена» азан-қазан. Қаракөз көрермендер тік тұрып, қақпаға төніп бара жатқан Әбішті қолдап, «Абдрахман! Мақсат! Алға!» деп ұрандап шулайды. Оң жақ шетпен қиғаштап келді де, бір сәт кенет солға беріп, көз ілеспес жылдамдықпен шайбаны қалағына сырт жағынан желімше жабыстырып алған күйі (ол да мен сияқты сол «хват»!), бағаннан өте бере алыс бұрышқа атып жіберді. Бекхенд пен флипсхоттың аралығындағы соққы. Стадион дүр сілкінді. Гоо-о-о-ол!
Кім айтты саған бала күнгі армандар орындалмайды деп?!
Арман орындалады. Алла қаласа, біз, бәлкім көрерміз, бәлкім көрмеспіз, әйтеуір күндердің бір күндерінде мұзайдынға кілең қазақ жігіттерінен құралған Қазақстан ұлттық құрамасы шығатын болады. Ол үшін балаларыңыз бен немерелеріңізді хоккей мектебіне беруді ұмытпаңыздар!https://turkystan.kz/article/213130-zher-elemge-taragan-bagzy-turki-oyyny/