Былғары қолғап шебері, жерлесіміз Бақыт Сейдіштің Астана қаласында бокстан өткен Азия чемпионатында топ жарып, жеңімпаз атанғанын сүйіншілеген болатынбыз. Сонымен бірге, тағы бір шулық боксшы Айым Танкибаева да жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанып отыр. Күні кеше ғана елге оралған жеңімпаздармен бүгін кездесіп, жерлестерімізге құрмет көрсеттік.
Жерлестерімізді байрақты бәсекеде қол жеткізген үлкен жетістігімен құттықтап, ауданымызбен қатар тұтас елдің намысын абыроймен қорғап қайтқандары үшін өз ризашылығымызды білдірдік.
Астана қаласында өткен Азия чемпионаты Бақыт Саматқызы үшін жастар арасында өткен соңғы жарысы болмақ. Өйткені, бұдан былай жерлесіміз ересектер арасында өнер көрсететін болады. Ол жуырда өтетін үлкен бәсекеде бақ сынап, жерлестерін тағы мәрте қуантатынын жеткізді. Ал қазіргі кезде республика бойынша бірінші нөмірде өнер көрсететін Айым Танкибаева жуырда Әлем чемпионатына қатыспақ. Дәл осы додада үздік шықса, жазда жасөспірімдер арасында өтетін олимпиаданың жолдамасын қанжығалайтын болады. Жерлестерімізге алдағы сындардан сүрінбей өтіп, жеңісті жолдары жалғаса берсін деген тілектестігімізді білдіреміз.
Бақытжан Жәнібеков, Шу ауданының әкімі