Осы мақсатта «Нұрай плаза» бизнес орталығының мәжіліс залында жас кәсіпкерлердің тың идеяларын дамыту мен кәсіпкерлікке деген ынталарын арттыру мақсатында ««Жеңілдетілген кредит – жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытудың жаңа мүмкіндіктері ме?» тақырыбында еркін форматтағы кездесу өткізілді.
Кездесуге Б.Момышұлы ауылының әкімі Керімхан Төреқұлов пен аудандық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Сауытбек Махамбетов қатысты.
Кездесуді Б.Момышұлы ауылының әкімі Керімхан Төреқұлов ашып, аудан орталығында кәсіпкерлік саласындағы өзгерістер мен кәсіпкерлерді қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды.
Жиын барысында Сауытбек Махамбетов : «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі екенін атап өтті. Бұл бағыттағы үлкен жаңалық ретінде еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жас азаматты жұмыспен қамту жөніндегі бастаманы айтуға болады. Сондай-ақ, Президент жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле беретінін, оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетінін айтты. Менің ойымша, шындығында бұл бастамалар қоғамның үйлесімді әрі әділетті болуын қамтамасыз етеді», — деді.
Одан соң кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, сүйемелдеу және құқықтарын қорғау мақсатында ауданда көрсетіліп жатқан қызметтер туралы Нурила Малибекова түсініктеме берді.
Кездесу соңында жиынға қатысушы кәсіпкерлер де сөз алып, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті.