Бүгін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті қабырғасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кеңейтілген кеңес өтті.
Бас ғимараттың Тұңғыш Президент атындағы мәжіліс залында өткен жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Қуанышбайұлы Төлебаев, Ардагерлер одағының өкілдері Шәріп Дәулетбаев, Мақұлбек Жаналиев, «Жаңару» жалпыұлттық жемқорлыққа қарсы қозғалыс өкілдері мен төрағасы Қасымхан Төлендиев, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, құрылымдық бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Кеңес төрағасы университет ректоры п.ғ.д., профессор Махметғали Сарыбеков Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша университет қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Студенттердің сессия тапсыру кезіндегі жемқорлық фактілерін жоюда жасалған жұмыстарды атап өтті. Мәселен, биылғы жылдың басты ерекшелігі – біліміне сенімді студенттер ешкімнің қадағалауынсыз аудиторияға кіріп тест тапсырды. Әзірге ондай студенттің саны 14. Сондай-ақ, «Сапалы күн» акциясы студенттерге екінші мүмкіндік сыйлады. Яғни, қандай да бір пәннен тиісті балды жинай алмаған студент тағы бір рет тест тапсырады. Мұндай мүмкіндікке 89 студент ие болды.
Келесі баяндама жасаған Тіркеу офисінің басшысы Н.П. Чернявская емтихан барысын бақылау мақсатында өткен «Таза сессия» акциясы туралы сөз қозғады. Акцияның басты мақсаты – жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра отырып, адалдыққа тәрбиелеу. Осы арада студенттік телестудия түсірген «Сессия күнделі» бейне-ролигі көрсетілді.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, ф.ғ.к. П.Мамедова студенттер арасында өткен сауалнаманың нәтижесіне тоқталды. Аталмыш сауалнамаға 925 студент қатысқан. Парида Иманжанқызы студенттердің берген жауабына тоқталып, пайыздық көрсеткіштерге мән берді. Қорытындысы бойынша нақты жұмыстар жасалатынын да айтты.
Кеңейтілген кеңес «Sanaly urpaq» фронт-офисінің үйлестірушісі Асқар Қадырқұловтың баяндамасымен жалғасты. Ол өз сөзінде фронт-офистың жұмысына тоқталды. Айта кетсек, бүгінде 30 жас осы клубтың мүшесі. Негізгі мақсаты да университетіміздің әрбір оқытушысымен тығыз жұмыс жасай отырып, адал еңбекпен таза білім беру.
Кеңес барысында «Парасаттылық мектебінің» жетекшісі, заң ғылымдарының кандидаты Қ.Сағынбеков баяндама жасап, мектептің мақсат-міндеттеріне тоқталды.
Іс-шараны қорытындылаған департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев атқарылған жұмыстарға тоқталды. Дулати университетінің «Адалдық алаңы», «Сапалы күн» сияқты бастамалары еліміздің барша университеттері үлгі алып, жүзеге асыруға тұрарлық шаралар екенін баса айтты. Жемқорлықпен күрес белгілі бір ұйым, орталықтың ғана емес, барша қоғамның ортақ мақсаты болу керектігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Sanaly urpaq» фронт-офисінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев қатысып, аталмыш офистің лентасын қиды.