Желтоқсан оқиғасының қатысушысымен кездесті

242

1986 жылғы желтоқсанның 17-18 жұлдызы қазақ тарихында мәңгі ұмытылмас күндер болып қала бермек. Ел мен ұлттың тәуелсіздік құқығын қорғау үшін бас көтерген желтоқсандық жігіттер мен қыздардың бұл қадамы шын мәнінде ерлік еді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті ЖД-158/2 мекемесінде оқиға қатысушысы Ақмарал Джапановамен кездесу өтті. Жиын барысында Ақмарал Тұранқызы естеліктерін айтып, ел тарихында елеулі орын алатын оқиғаның мән маңызына тоқталды.

А. Джапанова Қылмыстық-атқару жүйесінде көптеген жылдар бойы қызмет еткен. Еңбек жолында ЖД-158/7, ЖД-158/2, ЖД-158/5 мекемелерінің кадр және арнайы бөлімдерінде қызмет атқарған. Қазіргі уақытта зейнет демалысына шыққан ол ЖД-158/2 мекемесінде келісім шарт негізінде еңбек етуде.

Өз сөзінде Ақмарал Тұранқызы көтеріліске қатысқаны әлі көз алдынан кетпейтінін айтты.

– Осы жылға дейін ұмытуға барымды салсамда желтоқсан айы келгенде болған оқиға, қайта есіме түсіп бойымды қорқыныш билеп, бойымды билей алмайтын сәттер болады. 1986 жылы  желтоқсан айында   Алматы  қаласында  байланыс техникумында оқып жатқан студент  кезімде қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті және политехникалық   инстуттың  студент  жігіттері  оқып  жатқан  жерімізге келіп  «Әкең қазақ, шешең қазақ. Неге  отырсыңдар,  шығыңдар!» деп айқай салды. Сасқанымыздан  барлығымыз  группамен  сыртқа жүгіріп шықтық. Көше бойында жүріп келе жатып, қазақ жастарына қосылып  «Менің Қазақстаным» әнін бар дауысымызды салып айтып келе жаттық.

Негізінде алаңға бейбіт жастар шықты, оларда күш көрсету деген ойында болмаған. Сол түнде болған оқиғаны  ауызбен айтып  жеткізу мүмкін емес. Үш күн, үш түн ұйқыдан  қалып, жаурап, жасырынып,  көрмегеніміз жоқ. Бұл шеру – саяси сипаттағы бейбіт демонстрация еді. Алайда жастарға күш көрсетіп, қару қолданған орыс жасақшылары болып шықты. Сол кездегі Брежнев алаңында  тұрғанымызда  «Құйын-86» операциясы бойынша көтеріліске шыққан уыздай жастарды өрт сөндіруші  машинамен  мұздай су шашып,  орыстың  жігітттері  таспен де ұрды. Бізді де шаштан сүйреп бара жатқан жерімізден қазақтың  жігіттері құтқарып, аман алып қалды. Ереуіл кезінде қаншама жастардың қаны төгілді, қаншама жастар қуғын-сүргінге ұшырады, – деді А. Джапанова өз сөзінде.

Жиын соңында мекеме бастығы Ерлан Оразгелдиев Ақмарал Джапановаға ел тәуелсіздігі жолында көрсеткен  ерлігі үшін алғыс айтып, арнайы марапаттады.

– Сіздерге берекелі ғұмыр, бейбіт аспан, мықты денсаулық тілеймін. Барша бастама-талпыныстарыңыз жемісті болсын! Туған Жеріміз, Еліміз – Қазақстан гүлденіп, көркейе берсін! Сіздерге шын жүректен зор денсаулық, бақыт, игілік және  алдағы жұмыстарыңызға тек шығармашылық табыс пен жанұяларыңызға береке бірлік тілеймін! – деді мекеме бастығы өз сөзінде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.