Қазақстан Республикасының ең құнды капиталы – оның азаматтары екені Ата Заңымызда тайға таңба басқандай айқын жазылған. Сол себепті, елімізде тұрғындардың денсаулығын сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ал, адам баласының денсаулығын күшейтудің ең негізгі жолы – спортпен шұғылдану екені айқын. Бұл ретте де республика көлемінде бұқаралық спортты дамыту, азаматтардың дене тәрбиесімен айналысуға насихаттау мақсатында ілкімді істер атқарылуда.
Спортты дамытуға көрсетіліп отырған қолдау еліміздегі спорттық федерациялар мен қауымдастықтардың да жұмысын жүйелі жүргізуіне мол мүмкіндік беріп отыр. Тиісінше, олардың да адымы ашылып, қарқынды жұмысқа көшкен. Осындай жұмыстарының арқасында дамып, көпшіліктің қызығушылығына ілінген қауымдастықтардың бірі – Жамбыл облыстық жекпе-жек сайыс федерациясы.
Аталған спорттың түрін дамыту, ел арасында танымалдығын арттыру мақсатында федерация түрлі жиындар өткізіп тұрады. Соның бірі – жуырда М. Х. Дулати атындағы Тараз мелекеттік университетінде төрешілердің семинары өтті. Аталған оқу орнының «Дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесі» кафедрасымен бірлесе өткізген басқосуға Алматы қаласынан Бүкілқазақстандық жекпе-жек сайыс ассоциациясының вицее-президенті, халыкаралық дәрежедегі төреші, жекпе-жек сайыстан ҚР спорт шебері Ринат Абикешов арнайы қатысты.
Семинар Жамбыл облыстық жекпе-жек сайыс федерациясына кіретін төрешілердің кәсіби дайындық деңгейін жоғарлатуды мақсат етті. Сондай-ақ, облыс жастарының арасында жекпе-жек сайысты насихаттауға бағытталды.
Аталған семинарға Жамбыл облысы күштік құрылымдарының, атап айтқанда, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша департаменті, Полиция департаменті, Қылмыстық-атқару жүйесі, мамандандырылған күзет қызметі, «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығының кызметкерлері мен М. Х. Дулати атындағы Тараз мелекеттік университетінің студенттері қатысты.
Семинар екі бөлім бойынша, яғни теориялық және практикалық бөлімдер бойынша өткізілді.
Төрешілерге арналған жиын қорытындысы бойынша, Бүкілқазақстандық жекпе-жек сайыс ассоциациясының вицее-президенті, халыкаралық дәрежедегі төреші, жекпе-жек сайыстан ҚР спорт шебері Ринат Абикешов Жамбыл облыстық жекпе-жек сайыс федерациясының басшылығы мен Жамбыл облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының бірлесіп, жекпе-жек сайысты насихаттау бағытынды жүргізіп отырған жұмысына оң бағасын беріп, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, аталған шараны университет қабырғасында ұйымдастыруға қолдау көрсеткен университет ректоры, п.ғ.д. профессор Махметғали Сарыбековке үлкен алғысын білдірді.