Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/1 мекемесінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын бекіту» туралы Жарлығын жүзеге асыру үшін «Қақпа алдындағы кездесу» атты әлеуметтік жобасы өткізілді. Аталған шара арнайы контингент арасындағы тәрбие жұмысы бойынша бөлімше қызметкерлерімен ұйымдастырылды. Жалпы, жоба мақсаты – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар жұмысқа және тұрмыстық орналастыруға көмектесуге, қоғамға бейімделуге бағытталған.
«Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасы аясында жазасын өтеуші Абдурашид Сыздыков туыстарымен кездесті. Бұл іс-шараға Жамбыл облысы пробация қызметінің, Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Жоба барысында бас бостандығынан шектеу жазасына ауыстырылған Абдурашид Сыздыковтың ҚР Қылмыстық-атқару Кодексінің 65-бабының талаптары түсіндірілді. Жазасын өтеуші бостандыққа шыққан соң, тұрғылықты мекен-жайы бойынша жергілікті пробациялық бөліміне тіркелуі тиіс. Сондай-ақ ҚР Қылмыстық-атқару Кодексінің 66,67 баптарының талаптарын бұзғаны үшін тиісті жауапқа тартылатыны ескертілді.
Іс-шарада Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының өкілдері сотталған азаматқа мемлекеттік мекемелердегі бос жұмыс орындарының тізімін ұсынып, тіркелу тәртібін айтып өтті. Кездесу соңында жоба жеткешісі, мекеме бастығының орынбасары әділет подполковнигі Жанболат Жұмалиев жазасын өтеуші өтеуші Абдурашид Сыздыковты қайталап құқық бұзушылыққа бармауға шақырып, керісінше бостандықта туыстарымен қарым-қатынасын түзеп, «екі қолға бір күрек» табуын, осылайша қоғамға бейімделуі қажеттігін айтты.