Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/2 мекемесінде жазасын өтеген азамат жазасының өтелмеген бөлігі неғұрлым жұмсағырақ жазаға ауыстырылып, бостандыққа шықты. Оны мекеме қақпасы алдынан туған-туыстары қарсы алып, сағыныштарын басты.
Өз сөзінде бостандыққа шыққан азамат жазасын өтеу кезінде өзінің жасаған қателігін толық түсініп, түзелгенін, қоғамға қайта қосылып, ары қарайғы өмірін заң алдында адал өткізетінін айтты.
Мекеменің босатылатын сотталғандарды еңбекпен және тұрмыстық орналастыру жөніндегі инспекторы, аға лейтенант Кәмшат Әбдімомынова босап шыққан азаматқа мемлекет тарапынан әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілетінін айтып, бостандықта білімін жетілдіріп, денсаулығын нығайтуға, сондай-ақ тұрақты жұмысқа орналасуларына мамандар қол ұшын созатындығын жеткізді. Сондай-ақ, еркіндіктегі өміріне сәттілік тіледі.
Ал, бостандыққа шыққан азаматтың әкесі баласының жазасын өтеу кезінде заң алдындағы ағаттығын ұғынуына септік болған мекеме басшылығына алғысын айтып, ізгі тілегін ақ қағаз бетіне түсірді. Сондай-ақ, ҚАЖ қызметкерлеріне ұлына түзу жолға түсуіне тағы бір мүмкіндік бергендері үшін разылығын жеткізді.
Айта кетер жайт, жыл басынан бері ЖД-158/2 мекемесінен 12 азамат жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жұмсағырақ жазаға ауыстырылуына байланысты бостандыққа шықты.