Жауапты маусымға жүйелі дайындық керек

80

Көзді ашып жұмғанша үш ай жаз да аяқталып қалады. «Қазір уақыт қысқарған» деген дәйекті-дәйексіз пікірге сүйенсек, шынында, жаздың қалай өтіп кеткенін білмей қаламыз.  Енді міне, қыс қамын ойлап, шананы сайлайтын да кез де келді.

Қылышын сүйреткен қыс мезгілімен де қауышар күн де алыс емес. «Кәрі құда» қатал мінез көрсеткенде жағдайдың қалай өрбитінін ешкім болжай алмайтыны түсінікті.

Оның қаһарына төтеп беру әрине, жан-жақты дайындықты талап етеді. Жергілікті әкімдік пен тиісті мекемелер қыстың қамын жазда ойластырды ма? Міне, осы мәселелерді біз тақырып нысанына алып, сараланды.

Бүгін Қордай ауданы әкімшілігі ғимаратында облыс әкімінің орынбасары Қ.Мәдібектің төрағалығымен «Қордай, Мойынқұм және Шу аудандарында 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымының дайындығы туралы» облыстық штабтың көшпелі отырысы өтті.

Күн тәртібінде Шу, Мойынқұм, Қордай аудандарындағы әлеуметтік, коммуналдық мекемелердің бекітілген қысқа дайындық іс-шаралары қаралып, жауапты тұлғаларға қысқа дайындық жұмыстарын жоспарда бекітілген мерзімде орындалуын атап өтті.

«Көзбен көрген көп жайға қанықтырады» демекші, облыс әкімінің орынбасары қысқа дайындықтың жай-күйімен танысты. Округтердегі әлеуметтік нысандардың қысқа дайындық жұмыстары қадағаланып, жауапты тұлғаларға барлық объектілерді дайындау жұмысын аяқтауды бақылауда ұстау, межеленген міндеттерді тиянақты әрі уақтылы орындау тапсырылды.

Алдағы жылу беру маусымына сапалы дайындық шараларын күшейту, барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен әлеуметтік саланың барлық нысандарының дайындығын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Жиын соңында күн тәртібіне орай шешімдер қабылданды.

​Қыс – салғырттық пен қателікті кешірмейтін қатал сыншы. Халқымыз «Қыстың көзі қырауда» дейді. Қалай болғанда да, кім-кім де алдағы қытымыр кезеңге сақадай-сай болғаны абзалырақ.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.