«Жастар рухы» белсенділерінің аналарына құрмет көрсетілді

47

8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Amanat» партиясының Жамбыл облыстық филиалында мерекелік шара өтті. Көктемнің шуағындай жылулық пен мейірімге толы кешке партия мүшелері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенді арулары мен олардың аналары қатысты. Салтанатты шарада рухтастардың аналарына партия хатшысы Дәулет Кәрібектің Алғыс хаттары табыс етілді.

Салтанатты жиында филиал басшысы Дауыл Бейсенқұлов құттықтау сөз сөйлеп, әйелдердің қоғамдағы, отбасындағы және мемлекеттің дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Ол нәзік жандыларды мейірімділік пен сұлулықтың, ізгілік пен нәзіктіктің символы ретінде сипаттап, олардың әрқайсысы өмірдің мәні мен тіршіліктің шамшырағы екенін жеткізді.

«Бүгінгі таңда еліміздің жастары – қоғамның қозғаушы күші. Олардың білімділігі, белсенділігі мен патриотизмі – елдің болашағы үшін аса маңызды. Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Жастарымыз қоғамға пайдасын тигізіп, үлкендерге қамқорлық көрсетіп, табиғатты аялауда белсенділік танытып келеді. Мұның барлығы олардың саналы тәрбиесі мен алған білімінің нәтижесі. Бұл жетістіктердің артында бірінші кезекте – сіздер, аналар, тұрсыздар. Ұл-қыздарыңыздың жеткен жетістігі – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі,» – деді Дауыл Бейсенқұлов.

Шара барысында жыл бойы волонтерлік қызмет атқарған белсенді арулар арнайы алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды. Олар қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, түрлі әлеуметтік бастамаларға атсалысты. Сонымен қатар, олардың аналары да ерекше құрметке ие болды – балаларының қоғамға пайдалы істерге араласуына жағдай жасап, жақсы тәрбие бергені үшін оларға алғыс білдіріліп, марапаттар табысталды.

Осылайша, «Amanat» партиясының Жамбыл облыстық филиалында өткен бұл кеш аналардың еңбегін ұлықтап, белсенді жастардың бастамаларын қолдауға арналған маңызды іс-шара болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.