«Жастар арасында құмар ойынның алдын алу»

1 066

Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырмасы шеңберінде облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» қоғамдық бірлестігі жастар арасында құмар ойынның алдын алу мақсатында психолог Арайлым Болатбекқызынан сұхбат алынды:

Жүргізуші:

  • Жастар арасындағы құмар ойындар қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Құмар ойынға деген тәуелділік қалай басталады?

ПсихологАрайлым Болатбекқызы:

  • Алғашқы кезде құмар ойын ойнайтын адам тәуелділікті мүлдем байқамайды және оны мойындамайды. Ол бастапқыда көңіл көтеру үшін жәй қызығушылық болып басталып, кейін бұл сезім арта түседі. Құмар ойынды көбісі табыс көзі ретінде көреді.

Жүргізуші:

  • Құмар ойын ойнауға адамның араласатын ортасы әсер етеді ме?

Психолог:

  • Адамның өзінің тауып алған ортасына байланысты. Еліктегіш адамдар тез ұшырайды. Өзпринципі жоқ, терең ойлай алмайтын, саяз адамдар ортасы. Сол орта оған моральді және материалдық тұрғыда«қолдаса», атап айтқанда сендіру, еліктіру арқылы, мысалы «менің қолымнан келді, сенің де қолыңнан келеді», «біз де ойнап ұтып жүрміз, ақшаға қарқ боламыз, пайда көп», «бір рет көрейік, ұтылсақ қоя саламыз, бірге көрейік» деген ойлармен алдаусыратып, қызықтырады.

Жүргізуші:

  • Құмар ойынға деген қызығушылықты қалай байқауға болады?

Психолог:

  • Мысалы 20 жасар баласының бойынан ата-анасы жиі ақша сұрауды байқайды. Ойын ойнаған адам бір рет ұтса, соны мақтан тұтып, «менің жетістігім» дегендей даңдайсуы басталады. Үйде жиі ақша жоғалуы, ойынға тіккен ақша жоғарылаған сайын,асыл бұйымдардың жоғалуы да байқалуы мүмкін. Көбінде ойнайтын адам әр ойын бастарда «тек ұтқан» кезін еске алып «бүгін тағы жеңем» деген ойда болады. Әр ойынды осы мотивациямен бастайды.

Жүргізуші:

  • Құмар ойындардың жас отбасыларға тигізетін зардабы қандай?

Психолог:

  • Отбасылы адамдардың ойынға баруы – бастапқыдағы қиындықтарды жеңу барысында табыстың оңай жолын іздеуден басталады. Солай әдетке айналып кеткенін, ақшасының желге ұшып жатқаны отбасына кері әсерін тигізеді. Түнімен ұйықтамай, үй бетін көрмей, уақытын түгел сол ойынханада өткізуі де кімнің де болса ашуына, жүйкесіне тигізері анық. Түнімен ұйқы көрмеген адамның, миы демалмағандықтан, жүйкесі сыр беріп, ашуға бой алдырып, үй ішін ұрып, қыруға да барады. Осылайша кей жас отбасылар жанұялық өмірі басталмай жатып, ажырасып жатады.

Жүргізуші:

  • Психологиялық жұмыс тәжірибеңізде құмар ойынға тәуелді адамдар кездесті ме?

Психолог:

  • Психолог үшін байқампаздық басты қасиет болған соң бір кісіні байқап қалғаным бар. Компьютерлік клубтар құны жағынан арзан бағада болған соң, кей адамдар қалай түскенін білмейді. Бастапқыда «ақша жоғалтсам жай тиын» деп көреді. Бір егде ер кісі осылайша бастайды, сол жерге бастапқыда жай кіріп жүреді 2-3 сағат көлемінде, сосын сол жерге түгелімен кіреді, сол жерде тамақтанып, сол жерде компьютер үстелінде ұйықтайды. Сол жердегі адамдар оған дос ретінде көрінеді. Ал ойындағы персонаждарды (кейіпкерлер) өзі ретінде санап, құдды жеңіп жатқандай көрінеді. Сол жердің қызметшілері сол мекемеге ақша түсіру мақсатында ойыншыларды мақтайды «жеңдің, сен мықтысың» дегендей, ол соған мәз болады. Өйткені ол өз үйінен қолдау таппаған, үнемі жаншылу, келемеждеу көргеннен барады. Одан сұрастырып әңгімеге тарту барысында, әйелімен ажырасқанын, әйелі оның анасының көңіліненшықпағандықтан, қарым-қатынасы дұрыс болмағандықтан осындай жолға түскенін айтты. Оған ойын «шешім» ретінде, үйде оны күтіп отырған ешкім жоқтай көрінгенін айтты.

Жүргізуші:

  • Құмар ойын жолына түскен адам емделмейді дегенді жиі естиміз.Сондайдың алдын алуға болады ма?

Психолог:

  • Адам осы ойынға кетіп бара жатқанда, жақындары бақылауы қажет. Бастапқы жағдайда бақылаған адам сол ойыншымен жеке сөйлессе, кері жол екенін түсіндірсе алдын алуға болады. Сонымен қатар адамның ерік-жігеріне де қатты байланысты. Егер ол құныққан ойыншы болса, бұрыннан ойнап келе жатқан болса, олар өздерінің жандүниесінде де ешқашан мойындамайды. Сол себептен адам өзі, өз санасының ішінде «мен отбасыма және өзіме зияным тиіп жатыр», «менің уақытымның бәрі компьютерде, осында өтіп жатыр», «мен өз қаржымды бекерге жұмсап жатырмын», «мына ойын никотин секілді маған доза беріп жатыр» деген ішкі түйсігі болған жағдайда ғана емделе алады. Егер адам өзі түбегейлі мойындамаса, ол өзін де өзгені де алдап жүре береді.

Жүргізуші:

-Сол жолға түскен адамға жақындары қандай қолдау көрсетуі  қажет?

Психолог:

  • Қандай жағдай болмасын, еш мәселе айқай-шумен, критикамен(сын айтумен), не оның жеке басын төмендетумен шешілмейді. Ең бірінші жылулық, махаббат, сезім, сенім білдіру, жақсы қасиеттерін қолдау  арқылы ғана дұрыс жолға түсіруге болады.

Жүргізуші:

  • Сұхбатыңызға рақмет, сау болыңыз.

Психолог:

Назарларыңызға рақмет, сау болыңыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.