Жас өнерпаздар сынға түсті

428

Жуырда Шу ауданындағы Бірлік ауылында орналасқан М.Х.Дулати атындағы орта мектепте халықаралық «Жұлдызай» балалар шығармашылығы фестивалінің аудандық іріктеу кезеңі болып өтті. Осымен он төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі байқау биыл Жастар жылына арналып отыр. Оған 10 мен 18 жас аралығындағы ерекше білім беру қажеттілігі бар екі топ қатысты.

Аталған «Жұлдызай» шығармашылық фестивалі еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді қолдау мақсатында 2005 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқанын айта кетуіміз қажет. Сәйкесінше, 14 жылдық тарихы бар байқаудың тарихында талай-талай талантты балаға жол ашылып, олардың үлкен белестерді бағындыруына ықпал етті. Солардың қатарында ауданымыздың мақтанышы, «Жұлдызай» шығармашылық фестивалінің облыстық іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен Қуаныш Арестеевты айтуға болады.

Аудандық іріктеу кезеңіне келер болсақ, қатысқан екі топтың да жас өнерпаздары «Вокал», «Хореография», «Аспапта орындау» және «Ым-ишаратпен ән айту» сынды 5 аталым бойынша сынға түсті. Байқау қатысушыларына аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Ләйлә Бегімбаева, №1 саз мектебінің меңгерушісі Орынбасар Утебаева және психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес мекемесінің меңгерушісі Мұрат Әбітбеков қазылық етті. Ең алғашқы болып сахна төріне шыққан Нұрайым Карнеева «Ана жаным» атты әнін орындаса, Аманды Қарақойшы «Қасиетті домбыра» әнін көпшілік назарына ұсынды. Сонымен бірге, өзге де қатысушылар ән айтып қана қоймай, мың бұрала би билеп, көрерменді сүйсінтті.

Фестиваль қорытындысы бойынша жас өнерпаздардың арасынан 6 қатысушы облыстық кезеңге жолдама алды. Атап айтар болсақ, М.Әуезов атындағы мектептен Нұрдаулет Серғали «Вокал» номинациясы, С.Сейфуллин атындағы мектептен Парасат Жарылқасын «Хореография» номинациясы, А.С.Макаренко атындағы мектептен Расул Шаукен «Вокал» номинациясы, Ғ.Мұратбаев атындағы мектептен Милана Каровина «Хореография» номинациясы, Т.Рысқұлов атындағы мектептен Аружан Манасқызы «Вокал» номинациясы және №40 орта мектептен Әлмұхамед Ізмағанбет «Вокал» номинациясы бойынша үздік шығып, байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды. Жарыс соңында жеңіске жеткен үміткерлер арнайы дипломдармен марапатталды. Жеңімпаз жерлестеріміз облыстық кезеңде де үздік өнер көрсетіп, іріктеуден іркілмей өтеді деген сенімдеміз!

dalanews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.