«Жас қазақ» жазғы этно-лагері шалғайдағы қазақ балаларының басын қосты

137

Отан. Атамекен. Атажұрт. Тарих. Бұл – құлаққа жағымды естілер асыл да асқақ ұғымдар. Ес біліп, етек-жеңіңді жиған сәттен бастап-ақ өзің өсіп-өнген туған жердің қадір-қасиетін терең түсініп, жоғары бағалайсың. Ондағы елеулі оқиғалардың бірін де қалыс қалдырмай, сараптайсың. Адам бойындағы сондай жоғары құндылықтарды дәріптейтін, әрі дамытатын жобалардың бірі –  «Жас қазақ» жазғы этно-лагері.

Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен 2019 жылы бастау алған «Жас қазақ» жазғы этно-лагері биылғы маусымын да сәтті аяқтады. Жылдан-жылға ауқымы кеңейіп, деңгейі жоғарылап келе жатқан жобаның мақсаты мен мазмұны тереңнен сыр шертеді. Әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылған этникалық қазақ балаларының басын қосып, Атажұртқа әкеліп, тарихымызды, дінімізді, ділімізді һәм рухани құндылықтарымызды дәріптей отырып, табиғат аясында әдемі демалыс сыйлайды.

«Жас қазақ» жазғы этно-лагері шалғайдағы қазақ балаларының басын қосты

Екі аптаға созылған жазғы этно-лагерь табиғаты әсем, ауасы таза, Қазақстанның Швейцариясына айналаған, Абылай хан ордасын тіккен Бурабай төріндегі «Iqanat High School of Burabay» мектебінде өтті. Әлемнің 8 мемлекетінен, атап айтсақ АҚШ, Иран, Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ресейден 200-ге жуық этникалық қазақ баласы келді. Қонақтардың алғы шебін Ресейдің Саратов қаласынан келген қандас балалар бастады.

1 шілдеде «Отандастар қоры» КеАҚ басшысы Абзал Сапарбекұлы балалармен елордада кездесу жасап: «Биылғы жазғы лагерь ерекше. Себебі «Жас қазақ» деп ат беріп, «этно» деген сөзді қостық. Яғни елге келген барша қандас балалар рухани құндылықтарды бойына сіңіріп, өздерін еркін сезініп, жақсы демалып қайтуы тиіс. Болашақта бұл жоба дүстүрге айналып, ауқымын кеңейтеді деп ойлаймын», – деп сөзін қорытындылап, балаларға бақытты балалық шақ тіледі.

«Жас қазақ» жазғы этно-лагері шалғайдағы қазақ балаларының басын қосты

Балалар арасында Бурабай, елордадан бөлек, Қазақстанға алғаш келгендері бар. Шекарадан асып, елге аяқ басқанда қуаныштың көз жасына ерік бердік дейді.

Биылғы этно-лагердің басты ерекшелігі – дарынды балалардың басын қосты. Сайдың тасындай іріктеліп келген 12-17 жас арасындағы балалар лагерьге жолдаманы түрлі байқауларға онлайн, офлайн форматта қатысып, жеңіп алған. Мысалы, бірі мәнерлеп өлең оқыса, енді бірі домбыра тартып, жеңімпаз атанған балалар.

Ашылу салтанатында балалар алғашқы күндерден-ақ жауапкершілік сезініп, концерттік бағдарламаны өздері дайындады. Арнайы қонақ болған Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының президенті  Алихан Байменов балаларға ақ батасын беріп, ырымдап «Темірқазық» деп аталатын кітапты сыйға тартты.

«Шын шеберге шаршы алаңда тұсау жоқ» демекші, лагердің алғашқы күндерінен-ақ өнерлі балалар жүрген жерін әнмен әрлеп, би билеп, думандатты. Талапты да талантты балалардың қалыптасқан дағдыларын әрі қарай шыңдау мақсатында сабақ кестесі де соған сай құрылды. Балалардың әр уақыты құнды әрі жүйелі өту мақсатында күнделікті күн тәртібі бекітілді. Таңертең таңғы жаттығудан бастап, түрлі сабақтарға, үйірмелерге қатысты. Дәлірек айтсақ, асық ойнау, садақ ату, домбыра шерту, алтыбақан тебу, атпен серуен, киіз үй тігу сынды ұлттық ойындардан бөлек, заманауи сала –  мобилографиядан сабақ алды.

«Жас қазақ» жазғы этно-лагері шалғайдағы қазақ балаларының басын қосты

Нейрондық желі, жасанды интеллект бойынша таным көкжиегін дамытты. Жоғары білімді мамандар дәріс оқып қана қоймай, өз тәжірибесімен бөлісті. Қазақтың тарихына сай ордаларға бөліну арқылы топтасып, әрқайсысы өз ұрандарын шығарды. Орда болып жарысып, түрлі байқаулар ұйымдастырып, көшбасшылық қабілеттерін шыңдады. «Хор байқауы» мен «Домбыра party» әлеуметтік желіде же қызу талқыланып, көпшіліктің жүрегінен орын тапты.

Сонымен қатар, «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен бастау алған «Жас қазақ» жазғы этно-лагерінде «Мақал -мәтелдер» байқауы өтті. Байқау талабына сай балаларға арнайы тақырыптар берілді, сол бойынша бір-бірімен мақал айтып жарысты. Байқауға барлығы 24 бала қатысты. Реттік сандарын жеребе тастау арқылы анықтады. Атамекеннен жырақта жүрсе де , қазақ тілін һәм тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне айналған мақал-мәтелдерді жаттап жүрген этникалық қазақ балаларына алғыс айтылды.

Байқау талабына сай «Үздік үштік» анықталды:

I орын – Олжабаева Нұргүл /Өзбекстан/

II орын – Алашұлы Бөгенбай /Моңғолия/

III орын – Бектұрсынова Гүлнар /Өзбекстан/

Жеңімпаз балаларға «Отандастар қоры» КеАҚ атынан бағалы сыйлықтар табысталды:

I орын – Планшет;

II орын – Электронды кітап;

III орын – Смарт сағат;

«Жас қазақ» жазғы этно-лагері шалғайдағы қазақ балаларының басын қосты

Лагерь барысында балалар арнайы бекітілген «Алаштану» сабағын оқыды. 13 шілде «Iqanat High School of Burabay» мектебінде «Жас қазақ» жазғы этно-лагерінің жабылу салтанаты өтті. Екі аптаға жалғасқан айтулы іс-шарада әлемнің 8 мемлекетінен (АҚШ, Иран, Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ресей) келген 200-ге жуық этникалық қазақ балаларының өзара тығыз байланыс орнатып, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелді.

«Жас қазақ» жазғы этно-лагері шалғайдағы қазақ балаларының басын қосты

Салтанатты кеш басында сөз «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы 14 күн ішінде танымдық, шығармашылық, спорттық және ұлттық сипатта түрлі іс-шара өткізілген этно-лагердің маңызына тоқталып, лагерьге қатысқан барлық оқушыға алғысын білдірді.

«Бүгін міне, екі аптаға созылған жазғы этно-лагерь өз мәресіне жетті. Табиғаты таңғажайып Бурабайда, Атажұрт Қазақстанда, туған Отан аясында өткізген осынау демалыс бәріңе ерекше көңіл күй мен ұмытылмас мол әсер сыйлады деп ойлаймын. Әлемнің 8 мемлекетінен келген қазақтар бір-біріңмен танысып, бір үйдің баласындай болып кеттіңдер. Ең бастысы, әлемнің қай жерінде жүрсеңдер де барлық қазақтың ұлы Отаны, арқа сүйер Атажұрты – Қазақ елі бар екенін сезіндіңдер деп білемін. Осы «Жас қазақ» жазғы этно-лагерін ұйымдастырып отырған «Отандастар қоры» да мемлекет тарапынан осы мақсатта құрылған. «Отандастар қоры» осындай жазғы лагерді осымен үшінші рет ұйымдастырып отыр. Келесі жылы қатарымыз бұдан да көп болады деп ойлаймын», – деді ол өз сөзінде.

Келесі болып сөз алған лагерь директоры Исмағамбетова Жания этно-лагердің басымдығына баса көңіл бөліп, қандас оқушыларға тигізер пайдасын атап өтті.

«Құрметті балалар! Сіздер біздің үкілеп үміт артқан болашағымызсыздар. Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен бастау алған «Жас қазақ» жобасының мазмұны мен тағылымы өте тереңде жатыр. Қаншама баланың басын қосып, Атамекенге әкеліп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жатыр»,- деді лагерь директоры.

Осы орайда сөз алған  Парламент Мәжілісінің депутаты Шапақ Үнзила:  «Бүгінгі іс-шара өте тағылымды жоба деп білемін. Сіздерге бақытты балалық шақ тілеймін. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен балалардың болашағы мен құқығын қорғау мақсатында Парламентте түрлі заңнамалар қабылданып жатыр. Солардың бірі және бірегейі – балалардың атына жеке есепшот ашу», – деді.

«Жас қазақ» жазғы этно-лагері шалғайдағы қазақ балаларының басын қосты

Лагерь барысында ұйымдастырылған «Мақал – мәтел» және «Қазақстан тарихы» байқауларының жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды

«Әр қазаққа – бір кітап» акциясы аясында барша балаларға қазақ тілін үйренуге арналған әдістемелік оқулықтар таратылды.

«Жас қазақ» жазғы этно-лагері шалғайдағы қазақ балаларының басын қосты

Осымен 1-14 шілде аралығында жалғасқан «Жас қазақ» жазғы этно-лагері өз мәресіне жетті. Дәстүрге ұласып келе жатқан «Жас қазақ» жазғы этно-лагері келесі маусымда өз дарындарын күтеді.

https://turkystan.kz/article/227953-zhas-kazak-zhazgy-etno-lageri-shalgaydagy-kazak-balalarynyn-basyn-kosty/

Leave A Reply

Your email address will not be published.